Астана, 30 сәуір 2026 ж.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Словенияның Жаһандық бейбіт бастамалар орталығы (GPOC) бейнеконференция арқылы кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Құжат ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін қалап, бейбітшілікке бағытталған бастамаларды бірлесе жүзеге асыруға жол ашады деп жоспарлануда.
Халықаралық орталықтың Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай өз сөзінде Словения тарапын алдағы Еңбек күні мерекесімен құттықтап, Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаевқа серіктестікті орнатуға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Ол Съезд идеясының негізі - Рим Папасы Иоанн Павел II-нің Қазақстанды «жақындастыратын жер» деп атаған сөздері себеп болғанын атап өтті. Сондай-ақ Халықаралық орталық басшысы өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне дайындық барысы туралы айтып, бүгінде Халықаралық орталық сараптамалық бағытты белсенді дамытып, рухани құндылықтарды практикалық шешімдерге айналдырып отырғанын жеткізді.
Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев конфессияаралық диалог Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты екенін және оның көпвекторлы саясатының айқын көрінісі екенін атап өтті. Ол Қазақстан мен Словенияның талдамалық құрылымдары арасындағы сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі күшейтудің маңыздылығын қолдады.
GPOC тарапынан Марибор қаласындағы «Alma Mater Europaea» университетінің ректоры (Тараздағы Шерхан Мұртаза атындағы университеттің серіктесі), Дүниежүзілік өнер және ғылым академиясының мүшесі, GPOC директоры профессор Людвик Топлак сөз сөйледі. Ол Қазақстанның өркениетаралық және конфессияаралық диалогты нығайтуға бағытталған бейбіт саясатына жоғары баға беріп, екі ұйым арасындағы ерекше синергияны атап өтті. Сонымен қатар, әлемде геосаяси қайшылықтар күшейіп отырған қазіргі кезеңде гуманитарлық және экологиялық салалардағы орталықтардың бірлескен күш-жігері ерекше маңызға ие екенін айтты.
Өз кезегінде Дүниежүзілік өнер және ғылым академиясының вице-президенті әрі GPOC Төрағасы Донато Кинигер-Пассингли бейбітшілікке жету жолы шығармашылық пен шыдамдылықты талап ететінін атап өтті. Ол GPOC-тың БҰҰ-мен өзара әріптестігі туралы айтып, Халықаралық орталықты негізгі серіктес ретінде атады және қол қойылған меморандум екі ұйымның ресурстарын жұмылдыруға, бірлескен қызметті дамытуға негіз болатынын жеткізді. Оның айтуынша, бейбітшілік — бұл адамдар жасайтын өнер мен сәулет секілді құндылық, ал қазіргі серіктестік GPOC-тың зерттеу қызметіне діни және мәдени аспектілерді интеграциялауға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында тараптар бірқатар жобаларды талқылап, ортақ мақсаттарды ілгерілету үшін бір-бірінің диалог алаңдарын белсенді пайдалануға түбегейлі түрде келісім білдірді. Гүлсана Қожабай Словения тарапын 2026 жылдың қазан айында Астанада өтетін екінші кеңейтілген сараптамалық дөңгелек үстелге қатысуға шақырды.