Жаңалықтар

Назарбаев орталығы мен университеті меморандум жасасты

Бөлісу

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы мен Назарбаев университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Орталық тарапынан басқарма төрағасы Алтай Әбибуллаев, универсиеттен президент Шигео Катсу қатысты. Бұл туралы Назарбаев орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Меморандумның мақсаты – Орталық пен Назарбаев университеті арасында бірлескен іс-шаралар өткізу, диалогтық алаңдар мен дінаралық, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуге бағытталған дискуссиялық алаңдар ашу, діни дәрістер, діни көшбасшылардың, көрнекті мемлекет қайраткерлерінің, ғалымдардың, орталық өкілдерінің қатысуымен тұлғалық дәрістер мен сараптамалық кездесулер өткізу.Тараптар серіктестік қатынастарды дамытуға, конфессияаралық және этносаралық келісімнің, толеранттылықтың, үйлесім мен бейбітшіліктің қазақстандық бірегей моделін ілгерілетуге бағытталған перспективалық жобаларды іске асыруда ақпараттық қолдау көрсетуге бар күш салуға дайын, - делінген баспасөз хабарламада.

Айта кетейік, конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының миссиясы – Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасының конфессияаралық және өркениетаралық диалогты сақтау және қамтамасыз ету жөніндегі бастамаларын ілгерілету, әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын халықаралық деңгейде танымал ету, халықаралық диалогты ілгерілету бойынша жаңа бастамаларды дамыту.