Биылғы жылдың 30 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қайырымдылық, волонтерлік ұйымдар және бизнес-сектордың өкілдерімен онлайн-кездесуі өтті. Мемлекет басшысы жариялаған еріктілер жылында азаматтардың басым көпшілігі ізгі істер жолында бірігіп, бірқатар жұмыстар атқаруда.
Президент пандемияда қайырымдылық пен еріктілік біздің елде бүкілхалықтық ауқымға ие болып, әлеуметтік нормаға айналғанын атап өтті. - Бұл игі бастамаға мыңнан астам азамат қаржылай үлес қосты. Біз осындай ұйымшылдықтың және жауапкершіліктің арқасында ахуалды тұрақтандыра алдық. Қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын көріп отырмыз – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Онлайн-кездесу барысында еріктілер қызметін ынталандыру, қайырымдылық пен меценаттарды қолдау мәселелері де талқыланды.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары, «Біргеміз» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Руслан Сакеев өз сөзінде қоғамның, қайырымдылық және еріктілер ұйымдарының әлеуметтік жауапкершілігінің маңыздылығын атап өтті.
Ерен еңбегі мен пандемия кезіндегі қайырымдылық жұмыстары үшін Руслан Сакеев «Халық Алғысы» медалімен марапатталды.