KAZISLAM – ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Ағыбайұлы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының ұйымдастыруымен өткен «Пандемия жағдайындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог» атты халықаралық онлайн-конференцияға қатысты.
Ел астанасында өткен онлайн-конференцияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, Ислам әлемі лигасының өкілі, Халықаралық көмек, қолдау және даму ұйымының Бас хатшысының кеңесшісі Абдул Азиз бен Ахмат Сархан, Халықаралық мәдени дипломатия институтының (БАӘ) басқарма төрағасы Мұхаммед әл-Муайни, Ислам тарихы, өнері және мәдениеті ғылыми орталығының бас директоры (Түркия) Халит Эрен сынды бірнеше шетелдік құрметті ғалымдар қатысты. Онлайн жиын барысында қатысушылар жалпы адами құндылықтарды нығайтуға, пандемия жағдайында бітімгершілік, толеранттылық, бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетуге бағытталған конфессияаралық диалогты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.
Діни Басқарма Төрағасының орынбасары наиб мүфти Ершат Оңғаров: «Бүгінде COVID-19 вирусының салдары бүкіл әлем қауымдастығын алаңдатады. Осындай экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік шиеленістің қиын кезеңінде тұрақтылық пен ынтымақтастықты сақтау – маңызды міндеттердің бірі» деді.
Ал Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов өз сөзінде діни бірлестіктер мен азаматтық қоғам біртұтас болуы керек екенін, әлемді жаулаған дерт кезінде, қауіп-қатер мен қорқынышты тек бірлік, толеранттылық, ауызбіршілік қасиеттер арқылы жеңуге болатынын алға тартты.
Сондай-ақ, өз кезегінде Халықаралық мәдени дипломатия институтының (БАӘ) басқарма төрағасы – Мұхаммед әл-Муайни: «Біз мәдени құндылығы кең ұғымда қалыптасқан Қазақстанға ұқсас елде тұрамыз. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің есімі берілген Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының құрылуы – дінаралық келісімнің дәлелі» деп ой түйіндеді.
Қорытындылай келе, әлем қауымдастығы үшін осындай күрделі кезеңде конфессияаралық бірлікті сақтаудың маңызды бөлігі – діндер диалогын одан әрі тиімді дамыту, қоғам мен мемлекеттің күш-жігерін біріктіру екені айтылды.
kazislam.kz: https://kazislam.kz/pandemiya-zhaghdajyndaghy-konfessiyaaralyq-zhane-orkenietaralyq-dialog-onlajn-konferentsiyasy/