Бүгінгі күнде әлем дамуының негізгі үрдістері тікелей не жанама түрде жаһандық үрдістермен байланысты болуы уақыт талабы. Бұл тұрғыда жаһандық дамудың маңызды әрі іргелі артықшылықтарының бірі – әр түрлі мәдениеттер мен өркениеттар арасында өзаратүсіністіктің жақсаруы. Қазіргі уақытта барлығына мәлім «мәдени плюрализм» теориясы негізінде қарастыратын болсақ, дін, мәдениет, дәстүр елдер, аймақтар мен өркениеттер арасын біріктіруші фактор ретінде айқындалады. Сондықтан, халықтардың мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін құрметтеу – өз бірегейлігін сақтай отырып, әлемнің үйлесімді дамуына үлес қосудың бірден бір шарты болып табылады.
Кез-келген діннің адамзатқа ортақ болып табылатын құндылықтарын алға тарту арқылы қоғамда әр түрлі дін өкілдерінің мақсат, ниеттерін бір арнаға, игі істерге тоғыстыру – қоғам қажеттілігі екенін әлемдік қауымдастық ескеріп, бұл мәселеге басты назар аударуда. Расында, діннің біріктіруші күші, сонымен қатар адамгершілік құндылықтары мен дәстүрлерінің адамдар арасында келісім мен бейбітшілік орнатуға, адамзат бірлігін дамытуға, жаһандық сын-тегеуріндерге төтеп беруге әлеуеті жеткілікті.
Жаһандық әлемдегі ахуал кез-келген аймақтағы жергілікті жағдайды айқындауға ықпал ете алады. Сондықтан, әлемдік қауымдастық тұрақты дамуға қол жеткізу үшін конфессияаралық, мәдениетаралық келісімді сақтауға мүдделік танытуда. Біріншіден, конфессияаралық келісімді нығайту заманауи сын-тегеуріндер мен қақтығыстарды болдырмауға септігін тигізе алады. Екіншіден, аймақаралық шекара түсінігі уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтуда, әлемнің кез-келген мемлекеті босқындар мен жер аударушыларға тиісті назар аударуға мәжбүр. Яғни, жер халқының шынайы келісім мен түсіністікті көрсетуге әзірлігі сыналатын уақыт десек те болады. Үшіншіден, қоғамда берік орнатылған конфессияаралық диалог пен өзаратүсіністік қазіргі уақытта әлеуметтік тұрақсыздыққа әкеліп соққан экстремизм мен терроризм, ксенофобия, рухани сауатсыздық пен үстемдік етуге талпынушы күштермен күресуге үлкен мүмкіндік береді.
Халықаралық деңгейде жоғары ықпалға ие Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму саласындағы стратегиялық мақсаттарының бірі – жаһандық серіктестік құру жұмысын белсенділендіру, бейбітсүйгіш әрі ашық қоғам қалыптастыру болып белгіленген. Яғни, БҰҰ сарапшыларының пайымдауынша әр мемлекеттің тұрақты дамуға қол жеткізуі үшін келісім мен өзаратүсіністік, әсіресе діни конфессиялар өкілдерінің арасында ынтымақтастықты дамыту, жаһандық өзекті мәселелерде ортақ құндылықтарды басшылыққа ала отырып, күш біріктірген аса маңызды. Бұл ретте, Ұйым жанында құрылған Өркениеттер Альянсы мәдениетаралық және конфессияаралық диалогты қолдау арқылы күш көрсетудің алдын алу және әлеуметтік бірігу бастамасының негізінде құрылған.
Конфессияаралық түсіністік пен толеранттылықтың маңыздылығын ескере отырып, БҰҰ Бас ассамблеясы 1996 жылы мүше-мемлекеттерге әр жыл сайын 16 қарашаны Халықаралық толеранттылық күні ретінде белгілеу туралы шешім шығарған. 2010 жылы король Абдала ІІ БҰҰ-на ұсынған бастамасы бойынша әр жылдың ақпан айының алғашқы аптасы «Бүкіләлемдік конфессияаралық үйлесім аптасы» болып белгіленген. Ал, 2019 жылы Рим Папасы Франциск пен әл-Азхар мешітінің бас имамы Ахмед әл-Тайеб «Адамзат бауырластығы» атты бейбіт өмір сүру мен халықтар сыйластығы жөнінде тарихи тұжырымдамаға қол қойған болатын. Екі тараптың да мақсаты айқын еді – адамдарды бейбіт өмір сүруге шақыру, өркениеттік дамуына теріс әсерін тигізіп келе жатқан экстремизммен бірлесіп күресу.
Тарихи тұлғалардың конфессияаралық келісімге шақырған қадамдары XVIғ. бастау алып, бірнеше ғасырлар бойы жалғасын тауып келе жатқаны тарихтан белгілі. Ал, 2001 жылы АҚШ-та орын алған жағдайдан кейін, конфессияаралық келісім орнату, өзгенің діні туралы хабардар болу және діни сезімдерін қорламау, бейбітшілік орнатуға ынталы болу күшейе түсті, әлем қауымдастығы алдында жаңа міндеттер пайда болды. Сондықтан болар, әлем бойынша жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейде конфессияаралық бастамаларға негізделген ұйымдар мен орталықтар ашу қажеттілігі күшейе түсті, ал қазіргі жағдайда олардың уақыт талабына сай қызметі мен мақсатының өрісі де кеңейіп келеді. Бұдан көріп отырғанымыздай, жаһандық күн тәртібінде әлем бойынша экстремизм мен терроризммен күресу, экология және тұрақты даму мәселесі, ядролық қарудан бас тарту, жаһандық қауіпсіздікті сақтау мәселелері өзекті болып отыр. Бұл орайда, конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтау мәселесінің де маңызы зор.
Қазақстан үшін конфессияаралық келісімді дамыту мәселесі жат жаңалық емес, бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар мен бастамалар әлем қауымдастығы алдында үлкен қызығушылыққа ие, дінаралық келісімнің қалыптасқан «қазақстандық моделі» деген сөз тіркесі де халықаралық деңгейде кең танымалдылыққа ие. Конфессияаралық және өркениетаралық келісімнің жасампаздық әлеуеті ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бітімгершілікке бастай алатынын мемлекетіміз әлемге дәлелдей білді.2000-жылдардың басында конфессиялар мен халықтарды жақындастыру үшін 2011 жылдың қыркүйегінде Рим Папасы Иоанн Павел II-нің ел астанасына тарихи сапары, 2002 жылы маусым айында Алматыда АӨСШК-нің бірінші саммиті, сондай-ақ, 2003 жылы ақпан айында Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы ұйымдастырылды. Бұл үдерістер мен оқиғалар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін шақыру туралы ауқымды бастаманың туындауына зор ықпал етті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Әбішұлының бастамасымен шақырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің өткізіліп келген 6 Съезінің әлем назарына ұсынар игі бастамалары мен тың идеялары жетерлік. Бұл ретте Елбасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІ Съезде сөйлеген сөзінде: «Қазақстан өзінің саясатында адамның ішкі бостандығы ғана конфессияаралық төзімділіктің шарты екенін басшылыққа алады. Тап сондықтан да, тарихи тұрғыдан исламның мәдени материгінің бір бөлігі бола тұра, біз Казақстандағы барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің өркен жаюына кедергі келтірмейміз», - деп Қазақстанның дінаралық келісімді сақтаудағы басты бағдарын айқындап берген еді.
Өз кезегінде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Съез жөнінде «Съез жұмысына исламның, христиан дінінің, иудаизмнің, буддизмнің, индуизмнің, даосизмнің, синтоизмнің, зороастризмнің жоғары дін қызметшілері, діни және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ, әлемнің бірқатар беделді саясаткерлері қатысып келеді. Съез қатысушыларының табанды жұмысының арқасында форум өркениетаралық диалог тарихынан өз орнын алды», – деп тарихи маңыздылығын атап өтті. Өткен жылы АҚШ-та өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 74-сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары мінберден Съез жұмысының пәрменділігін халықаралық деңгейде тағы бір мәрте паш етіп, ерекше серпін берген болатын.
Мемлекет басшысының Съез делегаттарының 2018 жылы Алтыншы Съез жұмысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бейбітшілік пен дінаралық келісім жолындағы жаһандық ынтымақтастық құру үрдісіне қосқан үлесін мойындай келе «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығын» құру жөнінде бастамасына қолдау білдіруі конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың Қазақстан үшін әрдайым өзекті болатындығын дәлелдей түсті.
Қызметінің бастау алғанына бір жыл көлемі болған Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының мақсаттары айқын, ұстанымдары берік. Бірінші кезекте, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмыс құрылымы ретінде Орталықтың басты мақсаты Қазақстанды конфессияаралық және өркениетаралық диалогты қамтамасыз ететін халықаралық орталықтардың бірі ретінде дамытуға бағытталған. Бұл ретте, Орталық 2019 жылдың 18 қыркүйегінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съез Хатшылығының XVIII отырысын, сонымен қатар түрлі деңгейдегі халықаралық конференцияларды нәтижелі өткізіп келді.
Орталықтың халықаралық серіктестері жүргізіліп отырған қызметке оң баға беріп, халықаралық деңгейде ынтымақтастықты дамытуға барынша қолдау білдіріп келеді. Өз кезегінде БҰҰ Өркениеттер альянсының (UNAOC) Жоғары өкілі Мигель Анхел Моратинос: «Орталық өткізетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі конфессияаралық келісім саласындағы Орта Азия бойынша жоғарғы деңгейдегі аса маңызды іс-шара болып табылады», – деген болатын. Ал, Халықаралық мәдени дипломатия институтының негізін салушы және Төрағасы Мохаммед Камиль әл-Муайни: «Н.Назарбаев орталығының диалог пен бейбітшілікті одан әрі нығайту, ортақ құндылықтарды бекіту жолындағы қызметі БҰҰ-ның қолдауы арқылы әлемдік ауқымда тұрақты дамуға үлес қоса алады», – деп Орталық қызметіне жоғары баға берді.
Қазіргі уақытта Орталық халықаралық құрылымдармен өзара әрекеттесу мен ынтымақтастық құру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша беделді халықаралық ұйымдармен серіктестік орнатты. Атап айтсақ, Орталық БҰҰ Өркениеттер Альянсымен серіктестік туралы Келісімге қол қойды. Сонымен қатар, Халықаралық мәдени дипломатия институтымен өзара түсіністік туралы және Исламабад Халықаралық ислам университетімен серіктестік орнату туралы меморандумдарға қол қоюы жаһандық деңгейде конфессияаралық келісімді нығайту бойынша Қазақстанның игі бастамаларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Өкінішке орай, әлемде коронавирус пандемиясының таралуы қоғам өмірінің аксиологиялық қырларын қайта қарастыруға мәжбүр етті. Экономикалық, әлеуметтік жағдайлардың өзгеруіне қарамастан, конфессияаралық қарым-қатынастарды сақтай отырып, бірлесе ортақ іс атқару қандай жағдай болмасын басымдылыққа ие екендігін көрсетті. Бірінші кезекте, конфессияаралық келісім мен татулықтың адамзат өміріне тигізер пайдасының үлкен екендігі айқындалды. Атап айтсақ, қиын шақта адамдарға жәрдем берушілердің алдыңғы шебінде дәрігерлермен қатар діни қайраткерлер аса үлкен белсенділік пен қамқорлық таныта білді. Әлемдік діни қайраткерлер қарапайым адамдардың сенімін арттыру және жақсылыққа үмітін ояту үшін аянбай еңбек етіп келеді. Діни ғибадатханалардың жабылуына қарамастан, діни басшылар цифрлық және технологиялық мүмкіндіктерді пайдалана отырып өз сенушілеріне тиісті рухани қолдау көрсете білді. Діни, ұлттық қатыстылығына қарамастан кез-келген адамға рухани тұлға ретінде қарауға шақыра білді. Халықаралық деңгейде әр түрлі дін басшыларының бір мезетте дұға оқу бастамаларының кең таралуы осының дәлелі. Орын алған жағдай жаһандық күн тәртіптің басты назарында – ізгілік, адами борыштар, қамқорлық, жанашырлық пен адамгершілікке негізделген конфессияаралық келісім мен татулық әрдайым өзінің өзектілігін жоғалтпайтынына көз жеткізуге ықпал етті.
Л. Қалыбекова,
Конфессияаралық және өркениетаралық
диалогты дамыту жөніндегі
Н.Назарбаев орталығының
бас сарапшысы