Жаңалықтар

Әлемдегі мәдениетаралық, дінаралық диалогты ілгерілету орталықтары

Бөлісу

Соңғы жылдары әлемдік қауымдастық ұлтаралық кикілжіңдер мен діни
алауыздықтың қоғамда орын алуының алдын алу жолдарын іздестіруде. Өз
дамуында өркениеттілікті көксеген кезкелген қоғам қашанда өзара
ынтымақтас, мәмілелес болу, яғни диалог орнату, бейбіт қатар өмір сүрудің
ең тиімді жолы екенін мойындауда. Кейінгі жылдары мәдениетаралық,
дінаралық диалогты ілгерілету мақсатында әлемнің түпкір-түпкірінде түрлі
орталықтардың бой көтеруі оған дәлел.
Қазақстан өз тарапынан осындай ғаламдық үдерістерге өзінің төл
тарихы мен мәдениетіндегі жалпы адамзаттық құндылықтарды
ілгерілетумен, қоғамда этносаралық және конфессияаралық келісімді
орнықтырумен жауап қатуда. Оған егемен ел болғалы тарихымыз куә. Осы
орайда, еліміздегі этностар өз тілдерін, дәстүрлері мен мәдениеттерін
дамытуға, өз діндерін ұстануға барынша жағдай жасалғанын айта кеткен
орынды.
Қазақстан дінаралық диалогты дамытудың өзіндік моделін
қалыптастырып үлгерген, халықаралық аренада бірегей тәжірибесі бар ел.
Мемлекет тарапынан елімізде қабылданған заңдарға сәйкес
конфессиялардың толыққанды қызмет атқаруларына барлық жағдай
жасалған. Көптеген діндердің басшылары мен өкілдері бас қосатын Әлемдік
және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің елімізде тұрақты түрде өтуі соның
бір айғағы. Еліміз, іс жүзінде жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелерді шешу
мақсатында төрткүл дүниенің басын қосқан – диалог алаңын қамтамасыз етіп
келеді.
2008 жылы еліміздің Тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың
бастамасымен Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы құрылды.
Орталықтың негізгі мақсаты діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты
дамыту және конфессияаралық келісімді нығайтудың қазақстандық
тәжірибесін халықаралық деңгейде насихаттау болып келді. Алайда, 2018
жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының
кезекті отырысында, сол кездегі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-
Жомарт Тоқаев Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығын
Назарбаев атындағы Діндер мен өркениеттер арасындағы диалог орталығы
ретінде қайта құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Негізгі мақсат –
Қазақстанның мәдениетаралық және конфессияаралық сұхбат орталығы
ретіндегі рөлін жаңа деңгейге көтеруге ықпал ету, Қазақстанның осы
саладағы тәжірибесін халықаралық дәрежеде таныту еді.

Осылайша, 2019 жылы Конфессияаралық және өркениетаралық
диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы КЕАҚ құрылды.
Орталықтың негізгі миссиясы – дінаралық және мәдениетаралық диалогты
нығайтуға, халықаралық құрылымдармен өзара әрекеттесу мен
ынтымақтастық құруға, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съездерінің
бастамаларын жүзеге асыруға негізделген. Орталық Аталған миссияларды
орындау барысында 1 жыл ішінде бірқатар ірі халықаралық орталықтармен
тығыз қарым-қатынастық орнатып үлгерді. Атап айтқанда, 2019 жылы
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі
Н.Назарбаев орталығы БҰҰ Өркениеттер Альянсымен серіктестік туралы
Келісімге қол қойды. Сондай-ақ, Халықаралық мәдени дипломатия
институтымен Н.Назарбаев орталығының өзара түсіністік туралы және
Исламабад Халықаралық ислам университетімен серіктестік орнату туралы
меморандумдарға қол қоюы сол жылғы тағы бір нәтижелі қадамдарының
бірі болды. Орталық әуел бастан заманауи жаңа визуалды және дизайнерлік
мүмкіндіктерді пайдалану арқылы жаһандық деңгейде бейбітшілік,
серіктестік, толеранттық пен дінаралық келісімді насихаттау бойынша
мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруды басты назарда ұстап келеді.
Коммуникациялық байланыстар шеңберінде әлеуметтік желілер әсерінің
ұлғайып келе жатқан әлеуетін Орталық өз мақсаты мен міндеттерін жүзеге
асыру үшін тиімді пайдалануда.
Бүгінгі әлемге жайылған індетке байланысты шектеулерге қарамастан
Н. Назарбаев орталығы әйгілі әл-Азһар университетіне қарасты Дінаралық
диалог орталығы және Мұсылман ақсақалдар Кеңесімен ынтымақтастықты
арттыруға қатысты меморандумға қол қою мәселесін пысықтауда. Орталық
ірі халықаралық орталықтармен қарым-қатынас орнату арқылы және әлемдік
озық тәжірибелерді тиімді пайдалану арқылы еліміздің Дін саласындағы
мемлекеттік саясатын іске асыруда өз үлесін қосары, оң нәтиже берері анық.
Осы орайда, мәдениетаралық, дінаралық диалогты ілгерілету
мақсатында құрылған халықаралық орталықтардың қызметін, әлемдегі
алатын орнын анықтау маңызды.
Әр түрлі діндер мен этникалық топтардың құқықтарын ілгерілету мен
оның мүшелеріне кеңістік беру мақсатында құрылған Конфессияаралық
Халықаралық үкіметтік емес тұлғалар қауымдастығының қызметіне тоқтала
кеткен жөн болар. Ол 1993 жылы Австрияның Венада қаласында «Адам
құқықтары жөніндегі Дүниежүзілік конференцияда» БҰҰ қолдауымен
құрылды. 1998 жылы ұйым БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесімен
(ECOSOC) «ерекше консультативтік мәртебеге» ие болды. Қазіргі уақытта
жүздеген мүшелері бар. Ұйымның негізгі жобасы жергілікті дін өкілдеріне
және де басқаларға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының және
оның әртүрлі көмекші органдарының сессияларында сөз сөйлеуге мүмкіндік
береді. Сонымен қатар, осы сессияларда дін немесе этникалық маңызды рөл
атқаратын әлемдегі адам құқықтары саласындағы өзекті жағдайларға
қатысты «брифингтер» өткізетіні белгілі.

2008 жылы құрылған Доха халықаралық конфессияаралық диалог
орталығы, әр түрлі діни ұстанымдар мен ілімдерді бүкіл адамзаттың игілігі
үшін дұрыс ұғыну, өзара құрмет пен түсіністік орнату мақсатында түрлі
конфессия өкілдерімен және ұйымдармен ынтымақтасу арқылы диалог
орнатуды көздейді. Орталық мәдениеттер диалогын, адамзаттың бейбіт қатар
өмір сүруін насихаттаумен айналысатын беделді ұйымдардың қатарында.
2011 жылы Австрия, Испания және Сауд Арабия үкіметтері бірлесіп
Король Абдулла ибн Абдель Азиз атындағы дінаралық және мәдениетаралық
диалог жөніндегі Халықаралық орталығын (KAICIID) құру туралы келісімге
қол қойылды. Халықаралық тәуелсіз ұйым ретінде құрылған Орталық,
әртүрлі діни және мәдени дәстүрлері бар елдер арасында ноу-хаулармен
алмасу және өзара түсіністік пен бейбітшілік құру саласындағы іс жүзінде
ынтымақтастық орнату мақсатында құрылған болатын. Бұл бастама БҰҰ
тарапынан толық қолдауға ие болғаны мәлім. Орталық мәдениетаралық
диалогты жүзеге асырумен айналысатын түрлі діндер мен мәдени
институттардың, халықаралық ұйымдардың 100 өкілінен тұратын
консультативтік форум ретінде қызмет атқарып келеді.
2000 жылы құрылған Жаһандық өзара әрекеттестік институтын
жоғарыда атап өткен өлшемдерге сай келетін ұйымдардың санатына
жатқызуға болады. Институт құрылымына бүкіл әлемдегі мемлекет пен
қоғамға қызмет ететін діни бостандық қағидаттарын тиімді және тұрақты
ілгерілетуге ықпал ететін үш орталық кіреді. Институт бүкіл әлемдегі
қоғамдық өмірдегі діннің рөлін зерттеуге бағытталған оқу бөлімшелеріне
демеушілік жасап келеді. Ұйым барлық елдердің үкіметтерімен және діни
лидерлермен ынтымақтастықта. Сондықтан да, бұл ұйымның қызметіне
барлық конфессиялар мен дінді ұстанбайтын азаматтар ретінде кезкелген
адам қатыса алатынымен ерекшеленеді.
Саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және білім беру салаларына
бағытталған – Өркениеттер альянсын құру идеясын 2004 жылы Испания мен
Түркия бірлесіп ұсынған болатын. Өз миссиясын, әлемнің миллиондаған
тұрғындарына білімдерін кеңейтуге, еркін қарым-қатынас жасауға, олардың
мүдделері мен ниеттерін іске асыруға жағдай жасау деп біледі. Өркениеттер
альянсы, стереотиптерді жоюға, бизнесте, қоғамдық салада ынтымақтастыққа
ықпал ететін келісімдерге қол жеткізуге көмектесуді көздейтінін алға тартып
келеді.
Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі
Н.Назарбаев орталығы, Өркениеттер Альянсы, Доха халықаралық
конфессияаралық диалог орталығы және Сауд Арабиясының Королі
атындағы Вена халықаралық конфессияаралық және мәдениаралық диалог
орталығы сияқты әлемдегі ең беделді орталықтармен қатар тұруы келешектің
үлесінде. Барша әлем сапалық тұрғыда жаңа тарихи кезеңге өтіп жатқан
шақта, бізге қоғам ретінде өркениет көшінен қалмау маңызды болып қала бермек.

Әлімқұлова С.Б.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамытужөніндегі

Н.Назарбаев орталығының жетекші сарапшысы