Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Иордания Королі Абдалла ІІ бен Хуссейнге үстіміздегі жылдың 30-31 мамырында Астана қаласында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезіне қатысуға ресми шақыруы Мемлекет басшысының арнайы уәкілі, Парламент Сенатының депутаты М.Алтынбаевтың Иордания Хашимит Корольдігіне сапары барысында табыс етілді.
Амманда болған кезде Қазақстан Сенатының депутаты Иордания Парламенті Сенатының Төрағасы Тахер әл-Масримен және Иордания Хашимит Королі Әкімшілігінің Басшысы Риад Абу Каракимен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру жөніндегі бастамасы мен Иордания Королі Абдалла ІІ бен Хуссейннің өркениеттер үнқатысуының, толеранттық пен өзара түсіністікті дамыту жөніндегі «Амман Жолдауының» маңызы аталып өтілді.
Иордания жағы діндер лидерлерінің IV Съезіне шақыруға ризашылық білдіріп, конфессияаралық және ұлтаралық келісімді, аймақтағы және әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалады.
Сенатор М.Алтынбаев сонымен қатар 20 жылдағы тәуелсіз даму барысындағы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы жетістіктері туралы хабардар етті.