Жаңалықтар

Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Рим Папасымен кездесті

Бөлісу
Қазақстан Парламенті   Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмидің Ватиканға сапары Рим Папасы XVI Бенедиктпен кездесумен басталды.
 
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Қ.Мәми Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған Съезді жан-жақты қолдағаны үшін Рим Папасы мен Киелі Таққа ризашылығын білдірді. Сенат Төрағасы Қазақстан Елбасының атынан ізгі тілектестігін жеткізді.
Өз кезегінде Рим Папасы конфессияаралық және мәдениетаралық келісімді сақтаудағы Қазақстан басшылығының ізгілікті істеріне қолдау білдірді. Ол үнқатысуды дамытуда және бейбітшілікті нығайтуда табысқа жете беруге тілектестігін де айтты.
Сол күні Қ.Мәми италиялық «RAI» телекорпорациясының журналистерімен сұхбаттасып, Қазақстанның қазіргі дамуы туралы сауалдарына жауап берді және Мемлекет басшысы жария еткен «Қазақстан-2050» стратегиясы туралы әңгімеледі.
 
Ватиканда сондай-ақ Киелі Тақтың жоғары лауазымды өкілдерімен бірқатар кездесулер де жоспарланып отыр. Одан басқа, Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінде дөңгелек үстел отырысы, сонымен қатар Съездің 10 жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастыру жоспарлануда.