Жаңалықтар

Сенат Төрағасы Орыс Православ Шіркеуінің Сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімінің төрағасымен кездесті

Бөлісу
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы Қайрат Мәми Мәскеу Орыс Православ шіркеуі Сыртқы шіркеулік байланыстар бөлімінің төрағасы митрополит Иларион Волоколамскиймен кездесті.
Сенат Төрағасы дін ұстанушылары саны бойынша екінші орын алатын Православ діні конфессияаралық келісімді нығайтуда біздің елімізде негізгі рөлдердің бірін атқаратынын атап өтті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізу туралы Президент Н.Назарбаевтың бастамасына Орыс Православ Шіркеуі ең әуеліден қолдау білдірген болатын. Православтар Шіркеуі осынау ізгілікті идеяны іске асыруға он жыл бойы елеулі үлес қосып келеді. Мәскеу және бүкіл Ресейдің Патриархы Кириллдің былтырғы мамыр айындағы Қазақстанға сапары және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері IV Съезінің жұмысына қатысуы жоғары маңызға ие болды.
Съездің 10 жылдығына орай жүздесушілер осы форумды дамытудың келешегі туралы мәселелерді талқылады.
Митрополит Илларионның айтуынша, түрлі діни конфессиялардың қатар өмір сүруі қазіргі замандағы халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Орыс Православ Шіркеуі Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев саясатындағы басымдықтардың біріне айналған бейбіт қатар өмір сүруі мен өзара түсіністік ұстанымын жоғары бағалайды. Қазақстанның жарқын өнегесі көптеген елдерге үлгі болуы тиіс, деп атап өтті митрополит.
 
Кездесуге, сондай-ақ, Астана және Қазақстан митрополиті Александр және Орта Азия митрополиті Викентий қатысты.