Жаңалықтар

Венада Өркениеттер альянсінің форумы өтуде

Бөлісу
Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми бастаған Қазақстан Республикасының делегациясы Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсінің 27-28 ақпанда Венада өтіп жатқан 5-ші форумына қатысуда.
 
Жаһандық форум Өркениеттер альянсінің аясындағы ірі шара болып табылады. Бұл форумның басты тақырыбы – «Алуандық пен үнқатысудағы жауапты басқаруды қолдау» деп аталады.
5 форум жұмысына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, БҰҰ Бас Ассамблеясының Президенті Вук Йеремич, Австрия Президенті Хайнц Фишер, Түркияның Премьер-министрі Реджеп Таип Эрдоган, Катар Әмірі Шейх Хамад бин Халифа Аль-Тани, Өркениеттер альянсінің қазіргі және жаңадан тағайындалған жоғары өкілдері Жорже Сампайо мен Насир Абдулазиз Аль-Насер, сондай-ақ дүние жүзінің беделді өкілдері қатысты.
 
Форумның негізгі шараларынан басқа Қазақстан делегациясының басшысы екіжақты кездесулер өткізеді. Қ.Мәми сондай-ақ Сауд Аравиясының Королі Абдалла бен Абдель Азиз атындағы Вена халықаралық дінаралық және мәдениетаралық үнқатысу орталығында болып, осы ұйымның Бас хатшысы Фейсал бен Абдулрахман бен Муаммармен кездесті. Сенат Төрағасы әңгіме барысында Орталықтың ашылуымен құттықтап, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметі туралы баяндады. Кездесуде Съезд Хатшылығы мен Король Абдалла атындағы Орталық арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды.
 
Өркениеттер альянсінің секциялық шараларына қазақстандық делегацияның мүшелері – сенатор Әділ Ахметов және Дін істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шәріп қатысуда.
 
«Өркениеттер альянсін» құру туралы бастаманы 2004 жылы Испания мен Түркия көтеріп, БҰҰ Бас хатшысы тарапынан қолдау тапқан болатын. Бастама мақсаты Батыс пен мұсылман әлемінің арасындағы араздықтың өрши түсуінің алдын алу үшін халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру, діни наным-сенімдер мен өркениеттер арасындағы қайшылықтарды еңсеру, ол үшін үкіметтердің жаһандық тұрғыда тиісті шара қабылдауына қолдау білдіру болып табылады.