Қазақстан мен Қасиетті Тақ «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартияны» бірлесе құптады
Қазақстан Республикасының Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы мен Қасиетті Тақтың Bambino Gesù балалар ауруханасы әзірлеген құжатты одан әрі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің институттары шеңберінде және халықаралық алаңдарда ілгерілету жоспарлануда.
Астана, 2026 жылғы 2–3 қазан.
Бүгін осал балаларды қорғау мәселесіне арналған Қазақстан-Ватикан II коллоквиумының екі күндік жұмысы аяқталды. Қазақстан мен Қасиетті Тақ халықаралық деңгейде одан әрі ілгерілету мақсатында жазылмайтын дертке шалдыққан балалардың құқықтары жөніндегі хартияны бірлесе құптады. Құжатты Қазақстан Республикасының Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы Қасиетті Тақтың Bambino Gesù балалар ауруханасымен бірлесіп әзірледі.
Коллоквиум Қазақстан Республикасы Вице-президенті, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының Басшысы Ерлан Қариннің және Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының префекті кардинал Джордж Джейкоб Кувакадтың төрағалығымен өтті. Ұйымдастырушылар қатарында Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы мен Қасиетті Тақтың Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясы болды. Іс-шара Bambino Gesù балалар ауруханасының белсенді қатысуымен өткізілді. Коллоквиум 2024 жылғы сәуірде Ватиканда басталған ынтымақтастықтың жалғасы болып табылады.
Коллоквиумды аша отырып, Ерлан Қарин Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы көпжылдық диалогтың бүгінде нақты гуманитарлық мазмұнға ие болып отырғанын атап өтті. Балалардың денсаулығын, құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау саласындағы бірлескен жұмыс «Астана бейбітшілік декларация - 2025»-те бекітілген қағидаттардың практикалық жалғасы болды.
Кардинал Джордж Джейкоб Кувакад тараптар арасындағы ынтымақтастықтың «қағидаттардан нақты іс-қимылдарға» – дінаралық диалог пен өзара түсіністіктен адам өмірі мен қадір-қасиеті үшін ортақ жауапкершілікке қарай ауысқанын атап өтті. Оның айтуынша, осал балаларға қамқорлық көрсету осы диалогтың практикалық көрінісіне және бейбітшілікті нығайтуға қосылатын нақты үлеске айналуда.
Коллоквиум жұмысына сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли қатысып, сөз сөйледі. Өз сөздерінде олар Қазақстан мен Қасиетті Тақ арасындағы практикалық ынтымақтастықтың маңызын және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің гуманитарлық өлшемін одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Бірінші күннің негізгі нәтижесі – Қазақстан тарапы мен Қасиетті Тақтың «Жазылмайтын дертке шалдыққан баланың құқықтары жөніндегі хартияның» мәтінін келісуі болды. Келесі кезеңде оны Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің институттары шеңберінде және халықаралық алаңдарда одан әрі ілгерілету көзделеді.
Хартия емделу мүмкіндігінің болмауы балаға деген қамқорлықтың тоқтатылуын білдірмейді деген қағидатқа негізделеді. Құжат медициналық және паллиативтік көмек, психологиялық және әлеуметтік қолдау, шешім қабылдау процесіне отбасының қатысуы, сондай-ақ аурудың барлық кезеңдерінде баланың қадір-қасиетін құрметтеу мәселелерін қамтиды.
Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай Хартияны әзірлеу барысында медициналық және гуманитарлық тәсілдерді ғана емес, ұлттық заңнамадағы, денсаулық сақтау жүйелеріндегі, мәдени және дүниетанымдық ортадағы айырмашылықтарды да ескеру аса маңызды болғанын атап өтті.
«Біз үшін тек бір ғана жүйеде немесе бір ғана елде қолданылатын емес, әмбебап сипаттағы құжат әзірлеу маңызды болды. Қазақстан бұл жұмысқа зайырлы әрі діни тұрғыдан алуан түрлі мемлекет ретіндегі өз тәжірибесін енгізді. Сондықтан біз Хартияны қағидаттары әртүрлі ұлттық жағдайларға бейімделе алатын негіз ретінде қарастырамыз», — деп атап өтті Гүлсана Қожабай. Мұндай тәсіл Хартияны тек Қазақстан-Ватикан ынтымақтастығының нәтижесі ретінде ғана емес, сонымен қатар әртүрлі елдердің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, одан әрі халықаралық диалог пен практикалық қолдану үшін негіз ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Қасиетті Тақтың Bambino Gesù балалар ауруханасының президенті Тициано Онести қазіргі медицинаны тек ауруды емдеу қабілетімен ғана емес, сонымен қатар ең осал пациенттер мен олардың отбасыларына қолдау көрсетіп, тиісті көмек көрсете алу қабілетімен де бағалау қажет екенін атап өтті.
«Айықпас аурулар бар, алайда айықпас балалар болмайды». Бұл ұстаным Хартияны талқылаудың және Қазақстанның медициналық мекемелері мен Bambino Gesù арасындағы одан әрі ынтымақтастықтың негізгі идеяларының біріне айналды.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілінің орынбасары Милена Харизанова стигманы еңсеруде, отбасыларға қолдау көрсетуде және кәсіби көмекке деген сенімді қалыптастыруда діни қауымдастықтардың рөліне назар аударды.
Қатысушылар сондай-ақ Хартия қағидаттарын осалдықтың неғұрлым кең ауқымды жағдайларында – қарулы қақтығыстар, мәжбүрлі қоныс аудару, радикалдану және басқа да күрделі гуманитарлық жағдайларға тап болған балаларға қатысты қолдану мүмкіндігін талқылады.
Профессор Гүлназ Раздықова Қазақстанның «Жусан» гуманитарлық операциясы аясындағы тәжірибесін таныстырды. Оның нәтижесінде Сириядан жетім балалар мен кіші жастағы балаларды қоса алғанда, 406 бала елге қайтарылды. Бұл тәжірибе балаларды кешенді оңалту және қауіпсіз әлеуметтік ортаға қайтарудың үлгісі ретінде қарастырылды.
Коллоквиум жұмысына Қазақстан мен Қасиетті Тақтың мемлекеттік органдарының, Bambino Gesù, ЮНИСЕФ өкілдері, сондай-ақ педиатрия, биоэтика, теология, психология және балалар құқықтарын қорғау саласындағы мамандар қатысты.
II Бірлескен коллоквиумның символдық қорытындысы Папа Францискті еске алу рәсімі болды. Оның рухани мұрасына және бейбітшілікті нығайту мен дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесіне терең құрмет белгісі ретінде Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығы Қазақстан Республикасындағы Апостолдық Нунциатураға бейбітшіліктің, үміт пен татуласудың символы болып табылатын зәйтүн ағашын сыйға тартты.
Рәсімге Қазақстан тарапынан Халықаралық конфессияаралық және дінаралық диалог орталығының Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай, ал Ватикан тарапынан кардинал Джордж Джейкоб Кувакад қатысты.
II Қазақстан-Ватикан коллоквиумының жұмысы медициналық, ғылыми және институционалдық ынтымақтастықтың практикалық бағыттарын, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі аясындағы бірлескен гуманитарлық бастамаларды одан әрі ілгерілетуге негіз қалады.