18 қыркүйекте Астанада, Бейбітшілік және келісім сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының Басшысы - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Съезд Хатшылығының кезекті, ХІІІ отырысы ашылды.
Форумды аша келіп Қ.Тоқаев Хатшылықтың отырысы және V Съезге әзірлік халықаралық жағдайдың шиеленісе түскен кезеңінде өтіп отырғанын атап өтті. Саяси ғана емес, дінаралық және дінішілік қайшылықтар көріністері де байқалуда. Діни форумның мақсаттарына қатысты Хатшылық Басшысы «алдағы Съездің міндеті адамзат алдында тұрған өзекті мәселелерді ашық және пәрменді түрде талқылау болып отыр, сондықтан Съезде дін басшылары мен саяси қайраткерлердің үнқатысу мәселелерін талқылау ұсынылады», - деп атап өтті.
Съезд Хатшылығы Басшысының пікірінше, жер жүзінде орнықты бейбітшілік қалыптастыру үшін діни төзімділік пен өзара құрметті ілгерілету, дүрдараз тараптарды келіссөз үстеліне тарту және олардың мәмілеге қол жеткізуіне жәрдемдесу қажет.
Бұл форумның қорытындысы бойынша дін лидерлері өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығы ХІІІ отырысының Хаттамасын бекітеді және алдағы V Съездің және ондағы секциялық отырыстардың тақырыптарын, сондай-ақ V Съезд бен Хатшылықтың XIV отырысының уақыты мен өтетін орнын белгіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев діни лидерлердің өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Жоғарғы имамның кеңесшісі, «Аль-Азхар» Шейхы Абдельрахман Мухаммад Мусамен кездесуінде Хатшылық Басшысы «Аль-Азхар» университетінің басшылығына мұсылман санасының ірі орталығында оқшау әрі бұрмалаудан ада жоғары білім алып жатқан қазақстандық студенттерге берілген жәрдемге орай алғыс білдірді.
Мәскеу Патриархатының Шіркеулер мен қоғаммен байланыс жөніндегі Синодальдық бөлімі төрағасының орынбасары Роман Богдасаровпен кездесуде Қ.Тоқаев діни форумның қызметін жетілдіру мәселелерін талқылай келіп, Съездің жұмысына Патриархтың өзінің қатысуы және Діни лидерлер кеңесіне енуі оның Мәскеу және бүкіл Ресейдің Патриархы Кириллдің діни саммиттің мақсаттарына қол жеткізудегі құнды үлесінің жарқын көрінісі болғанын атап өтті. Қ.Тоқаев өзінің биылғы қазанда Мәскеуге сапары барысында Президент Н.Назарбаевтың V Съезге шақыруын Патриархқа жеткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
Қасиетті Тақтың Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесіндегі исламмен байланыс жөніндегі бөлімнің меңгерушісі монсеньор Халед Акашемен әңгімелесу кезінде Қ.Тоқаев діни форумды ілгерілету ісінде Қасиетті Тақтың баға жетпес үлесін атап өтіп, 2015 жылға жоспарланған V мерейтойлық Съезге Римнің Қасиетті Франциска Папасының қатысу мүмкіндігіне үміт артты.
Елші, БҰҰ-ның Өркениеттер альянсі жөніндегі Жоғары өкілі кеңсесінің Басшысы Тарик аль-Ансаримен кездесу барысында Қ.Тоқаев Альянстің бейбітшілік пен ынтымақты қолдау, өркениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды дамытудағы іс-қимылын жоғары бағалады. Жүздесушілер сондай-ақ Қазақстанда Халықаралық мәдениеттер және діндердің орталығының жанында Өркениеттер альянсінің Орталығын ашу мүмкіндігін талқылады. Ол екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі қосымша тетік болар еді.
Епископ Эммануэль Адамакиспен әңгімелесе отырып, Қ.Тоқаев осы форумның діни лидерлер мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік жолындағы үнқатысуының тиімді тұғырнамасына айналдырудағы қазақстандық тараптың Съезді ұйымдастыру қадамдары туралы айтты. Епископ Адамакистің пікірінше, әлем жұртшылығы арасында Съездің кеңінен қанат жаюы үшін қосымша шаралар қабылдануы қажет.