2026 жылдың 26 тамыз күні Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Италияның «Әулие Пий V» саяси зерттеулер институты (Istituto di Studi Politici “S. Pio V”) арасында танысу форматындағы онлайн кездесу өтті.
Кездесуге Халықаралық орталықтың Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай, Ақпараттық жұмыс департаментінің директоры Айнур Анесова, сондай-ақ «Әулие Пий V» саяси зерттеулер институтының Еуропалық мәселелер жөніндегі кеңсесінің басшысы Франческо Анджелоне қатысты.
Кездесу барысында тараптар өз ұйымдарының негізгі қызмет бағыттарын таныстырып, одан әрі ынтымақтастықтың ықтимал форматтары жөнінде пікір алмасты.
Гүлсана Қожабай Халықаралық орталықтың қызметі, дінаралық диалогты ілгерілету бағытындағы жұмысы және Қазақстанның басты халықаралық диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі туралы айтып өтті. Сондай-ақ диалог мәдениетін нығайтуға бағытталған халықаралық құжаттар мен бастамаларды әзірлеу жұмыстарына ерекше назар аударылды.
Франческо Анджелоне институттың қазіргі ғылыми-зерттеу қызметі туралы айтып, жүзеге асырылып жатқан зерттеулер мен болашағы зор ғылыми бағыттарға тоқталды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты одан әрі жалғастыруға қызығушылық танытып, бірлескен бастамалар мен жобаларды іске асырудың болжамды бағыттарын айқындады.