2026 жылғы 25 тамызда Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы БАҚ өкілдері мен блогерлерге арналған «Қақтығыс-назарда, диалог-тасада: бейбітшілік журналистикасын аудиторияға қалай тиімді жеткізуге болады?» тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
Семинарға медиасала мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, соның ішінде Baq.kz, Elorda.info, El.kz, «ҚазАқпарат», «Вечерняя Астана» газеті, Kazpress.kz, Stan.kz, «Қазконтент» және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі қатысты.
Семинар спикерлері ретінде діни қызметкер, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының өкілі Нұрлан Асанов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты, сарапшы Жапал Әмзебекұлы Долиев, сондай-ақ Халықаралық орталықтың Ақпараттық жұмыс департаментінің бас сарапшысы Назерке Өрғара сөз сөйледі.
Өз сөзінде Халықаралық Орталықтың Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай VIII Съезд мысалында журналистика тек қақтығыстан ғана емес, орын алған диалогтың өзінен де қызықты драматургия таба алатынын айтты. Съезд халықаралық шиеленіс жағдайында өткенін, соған қарамастан, Астанаға ұстанымдары түбегейлі әртүрлі тараптардың өкілдері, соның ішінде ислам әлемі мен иудаизм дінінің көшбасшылары келгенін жеткізді. Сонымен қатар, халықаралық поляризация жағдайында мұндай диалог алаңдарының маңызы арта түсетіні атап өтілді. Себебі қатынастары күрделі болып отырған елдердің, соның ішінде Иран, АҚШ және Ресей өкілдерінің бір кеңістікте өзара әрекеттесу мүмкіндігі сақталады.
Нұрлан Асанов журналистердің діни тақырыптарды жариялаудағы кәсіби жауапкершілігінің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, журналист объективтілікті сақтап, өзінің діни көзқарастары мен ұстанымдарын материалдарға енгізбеуі маңызды. Сондай-ақ ол заманауи коммуникация құралдарын зайырлылық қағидаттары мен қоғам алдындағы жауапкершілікті ескере отырып пайдаланудың қажеттігін атап өтті. Спикер өзара түсіністік орнатуға, сенімді нығайтуға және қоғам мен елдің мүддесіне қызмет етуге ықпал ететін диалогтың рөліне ерекше тоқталды. «Диалог бізге, дін көшбасшыларына, халыққа қызмет етуге көмектеседі», — деп атап өтті Нұрлан Асанов.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты, сарапшы Жапал Долиев діни тақырыптарды жариялаудың құқықтық және этикалық аспектілеріне назар аударды. Ол журналистердің тақырып таңдаудағы жауапкершілігіне ерекше тоқталып, тақырыптың дұрыс қойылмауы қоғамның жіктелуіне және жағымсыз риториканың күшеюіне ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның айтуынша, БАҚ-тың кәсіби міндеті аудиторияның назарын тек қақтығысқа емес, оң мазмұндағы күн тәртібіне де аудара білу.
Халықаралық орталықтың Ақпараттық жұмыс департаментінің бас сарапшысы Назерке Өрғара практикалық мысалдар арқылы конфессияаралық диалогты жариялаудың заманауи тәсілдерін көрсетті. Ол ақпараттық себептерді таңдауға, тақырыптарды сауатты тұжырымдауға және диалогты аудиторияға қызықты етіп жеткізуге мүмкіндік беретін форматтарға ерекше назар аударды.
Сұрақ-жауап сессиясы барысында қатысушылар пікір алмасып, практикалық ұсыныстарын ортаға салды. Олар діни және бітімгерлік тақырыптарды жариялауда кәсіби әрі жауапты тәсілдің маңыздылығын, сондай-ақ диалог мәдениетін ілгерілету үшін заманауи медиаформаттарды пайдаланудың қажеттігін атап өтті.
Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.