АСТАНА, 11 маусым 2026 жыл
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Цифрлық дін: нейрожелілер, виртуалды имамдар және AI-уағыздар» тақырыбында онлайн оқыту семинарын өткізді.
Семинарға медиасала мен сарапшылық қауымдастықтың 50-ден астам өкілі қатысты. Олардың қатарында журналистер, блогерлер, SMM-мамандары, дінтанушылар және цифрлық коммуникациялар саласының сарапшылары бар. Қатысушылар арасында Kazislam, Tilshi.net, Baq.kz, Beine.Pro секілді бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-платформалардың өкілдері де бар.
Семинарда алғысөз алған Орталықтың Ақпараттық жұмыс департаментінің директоры Айнұр Әнесова цифрлық трансформацияның діни ақпаратты алу және тарату тәсілдерін айтарлықтай өзгерткенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдайда цифрлық сауаттылық, кәсіби жауапкершілік және этикалық стандарттарды сақтау мәселелері ерекше маңызға ие болып отыр.
Орталықтың Сыртқы байланыстар департаментінің директоры Жансерік Темірташев діни ұйымдар қызметіне жасанды интеллектті енгізудің жаһандық үрдістері туралы баяндады. Ол VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қорытындысы бойынша қабылданған 2025 жылғы Астана бейбітшілік декларациясын іске асыру аясында Орталықтың «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» тұжырымдамалық құжатын әзірлеп жатқанын атап өтті. Аталған бастама жаңа технологияларды қолдану мәселелері бойынша діни консенсус қалыптастыруға және цифрлық трансформация жағдайында адам қадір-қасиетін қорғауға бағытталған.
Цифрлық дезинформацияның қауіптері туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Цифрлық даму бөлімінің басшысы Тимур Орынханов баяндады. Спикер әлеуметтік желілердің алгоритмдеріне ерекше назар аударып, олардың жеңіл ақпарат қалыптастыруға қабілетті екенін атап өтті. Оның айтуынша, интернет кеңістігінде жалған діни қорытындылар мен мазмұны бұрмаланған немесе контекстен жұлынып алынған бейнематериалдар жиі таралады. Дезинформацияға қарсы құралдардың бірі ретінде «Имам AI» жобасы таныстырылды. Тимур Орынхановтың сөзінше, жүйе тек ҚМДБ-ның тексерілген деректер базасына негізделіп жұмыс істейді және ашық әрі расталмаған ақпарат көздерін пайдаланбайды.
Жасанды интеллектті пайдалану кезіндегі журналистердің жауапкершілігі турасында Орталықтың Ақпараттық жұмыс департаментінің бас сарапшысы Назерке Өрғара баяндады. Ол AI құралдарын қолдану барысында ақпараттың дұрыстығын тексеру, дереккөздердің сенімділігін сақтау және кәсіби этика қағидаларын ұстанудың маңыздылығына тоқталды.
Спикер жасанды интеллекттің «галлюцинациялары» деп аталатын құбылыстың қаупіне назар аударып, нейрожелілердің шындыққа жанаспайтын дәйексөздерді, дереккөздерді немесе діни мәліметтерді сенімді түрде ұсынуы мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, жасанды интеллект көмегімен алынған кез келген ақпарат міндетті түрде тексерілуі тиіс. Сонымен қатар ол алгоритмдік біржақтылық мәселесіне тоқталды. Халықаралық зерттеулер кейбір генеративті модельдердің интернет кеңістігінде қалыптасқан стереотиптерді, соның ішінде дінге қатысты жаңсақ түсініктерді қайталауы мүмкін екенін айтты. Осыған байланысты журналистер автоматты түрде жасалған контентке сыни тұрғыдан қарап, біржақты тұжырымдардың таралуына жол бермеуі қажет екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар цифрлық және медиасауаттылықты дамыту, ақпаратты тексеру тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ діни салада жасанды интеллектті қолданудың бірыңғай этикалық қағидаттарын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
Сарапшылар технологиялар көмекші құрал ретінде қызмет етуі тиіс, ал жарияланатын материалдардың мазмұнына, дұрыстығына және олардың ықтимал салдарына қатысты жауапкершілік әрдайым адамның мойнында қалады деп қорытынды жасады.