Астана қ. 21 сәуір 2026 ж.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ICESCO) стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімге келді.
Өзара түсіністік туралы Меморандум Орталық Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай мен ICESCO Бас директоры Салим бин Мұхаммед әл-Малик арасындағы кездесудің қорытындысы бойынша қол қойылды. Құжат тараптар арасындағы ынтымақтастықты сапалық жаңа деңгейге көтереді. Ол ICESCO-ның Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің күн тәртібін қалыптастыруға қатысуын бекітіп, сараптамалық өзара іс-қимылды кеңейтеді.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының қатарында конфессияаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, діни сауаттылықты арттыру және рухани дипломатия қағидаттарын ілгерілету бар.
Келіссөздер барысында Гүлсана Қожабай мәдениетаралық және діндер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі көзқарасын таныстырды. Орталық басшысы диалог алаңдарын декларативті форматтан практикалық бағыттағы және талдамалық тұрғыдан негізделген тәсілдерге көшіру қажеттігін атап өтті.
Атап айтқанда, діни лидерлердің өзекті қоғамдық және жаһандық мәселелерді шешуге қосқан үлесін бағалау критерийлері мен индексін әзірлеу мүмкіндігі талқыланды.
Бұл тәсілдер ICESCO Бас директоры Салим бин Мұхаммед әл-Маликтің бастамаларымен, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі алаңында ілгерілетіліп жатқан ұсыныстармен үндес келеді.
Съездің сараптамалық бағытына ерекше назар аударылды. Жыл сайынғы сарапшылардың дөңгелек үстелі сарапшылар қауымдастығы мен діни лидерлерді біріктіретін, рухани құндылықтарды қолданбалы тәсілдермен ұштастыратын нақты шешімдер әзірлеуге арналған алаң ретінде қарастырылады.
Орталық сондай-ақ съездаралық кезеңде жүзеге асырылып жатқан бастамаларды ұсынды. Олардың қатарында климаттың өзгеруі мәселелеріне қатысты конфессияаралық тәсілді әзірлеу, сондай-ақ діни салада жасанды интеллектіні қолданудың этикалық кодексін дайындау бар. Бұл жобалардың екеуі де технологиялық даму мен моральдық-этикалық бағдарлар арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыруға бағытталған.
Тараптар сондай-ақ жасанды интеллект этикасы жөніндегі құжатты ICESCO алаңында таныстыру туралы келісімге келді. Бұл оның халықаралық деңгейде ілгерілеуіне және осы бағыттағы ынтымақтастықты тереңдетуге негіз болады.
Өз кезегінде ICESCO Бас директоры Салим әл-Малик Қазақстанның мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогтың халықаралық алаңы ретіндегі маңызды рөлін атап өтті. Ол сондай-ақ ICESCO аясында конфессия өкілдерінің қатысуын кеңейтуге және практикалық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған Өркениетаралық диалог орталығының құрылғанын хабарлады.
Тараптар жастармен жұмыс мәселелеріне де ерекше көңіл бөлді. ICESCO-ның «Бейбітшілік елшілері» бағдарламасының маңыздылығы атап өтіліп, бұл бағдарлама жаңа буын көшбасшыларын даярлауға бағытталған, олардың қатарында Қазақстан өкілдерінің де бар екенін атап айтты.
Қол қойылған Меморандум, сонымен қатар, бұл бастамаларды Съезд жанындағы Жас діни лидерлер форумының қызметімен ықпалдастыруға мүмкіндік береді.
Тараптар жаңа әріптестік діни институттардың жаһандық сын-қатерлерді шешуге қосатын үлесін күшейтетініне сенім білдіріп, ICESCO штаб-пәтерінде бірлескен іс-шара өткізу туралы уағдаласты.