2026 жылдың 20 ақпан күні Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының ұйымдастыруымен «Дінтану сараптамасын жүргізудің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық семинар өтті. Семинарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті төрағасының орынбасары – Мақсат Раманқұлов, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрайымы – Гүлсана Қожабай, Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысы – Қайролла Көшқали, Алматы облысының Дін істері басқармасының өкілі- Ерасыл Айбар, Атырау облысының Дін істері басқармасы басшысы – Қаһарман Мұсаев, Орталықтың Дінтану сараптамасы департаментінің директоры – Эльмира Бірәлі, Дінтану сараптамасы департаментінің бас сарапшылары – Жамалбек Дүйсебаев, Айдана Сабиева, Айдана Ізбасқан, сондай-ақ, өңірлердегі Дін басқармасы өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Семинар онлайн форматта өткізілді.
Семинардың алғысөзінде Басқарма Төрайымы Гүлсана Қожабай бүгінгі іс-шараның өзектілігіне ерекше тоқталды. Еліміздегі конституциялық реформалар аясында мемлекеттік басқару жүйесі жаңғырып, құқықтық және институционалдық тетіктердің жетілдіріп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, осындай өзгерістер дәуірінде мемлекеттік органдар мен сараптамалық құрылымдар арасындағы ашық кездесулердің маңызы ерекше екенін айтты.
Семинарда Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов сөз сөйлеп, осы бағытта сараптама жүргізу, тәжірибе алмасудың маңызына атады және құқық қорғау өкілдерін дінтану сараптамасына белсене қатысуға шақырды.
Орталықтың Дінтану сараптамасы департаментінің директоры Эльмира Бірәлі 2025 жылы жүргізілген дінтану сараптамасы қорытындыларының нәтижелеріне талдау жасап, сараптама барысындағы негізгі үрдістердің бірнешеуіне тоқталды.
Орталықтың Дінтану сараптамасы департаментінің қызметкерлері өз баяндамаларында діни сананың бірнешеуін атап, сараптамасын жүргізудегі «дін» түсінігін анықтау мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, діни риторика, психологтар мен діни мотивациялық спикерлердің әлеуметтік парақшаларындағы контент мәтініне талдау жүргізді.
Семинарды жалғастыра отырып, Атырау облысының Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев өңірлердегі діни ахуалдың оңай емес екенін атап өтті. Алайда, жүйелі әрі үздіксіз жүргізіліп келе жатқан діни сараптама нәтижесінде өңірде қоғамдық тұрақтылық сақталып отырғанын алға тартты.
Өз сөзінде Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайролла Көшқали діни бағыттағы қоғамдық және мерекелік іс-шаралардың барлығы заң аясында қатаң бақылауда екенін атап өтті. Оның ішінде түрлі жиындар мен діни сипаттағы сатиралық қойылымдарға да ерекше назар аударылатынын жеткізді.
Сонымен қатар, осындай іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу барысында заң талаптарын сақтау мақсатында нақты ұсыныстар айтылып, тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілетіні мәлім болды.
Алматы облысының Дін істері басқармасының өкілі Ерасыл Айбар өз сөзінде Алматы облысы аумағындағы діни мәселелер заңнамаға сәйкес жүзеге асырылатынын айтып, діни сараптама жұмыстарының өзекті бағыттарына тоқталды.
Қорытындылай келе, семинар соңында қатысушылар сұрақ-жауап бөліміне белсене қатысып, діни сараптама жүргізудің өзекті мәселелерін, жасалып жатқан жұмыстардың қоғам үшін маңыздылығын жан-жақты талдады.