2026 жылғы 5 ақпанда Абу-Даби қаласында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай Адамзаттық бауырластық үшін Заид сыйлығы аясында ұйымдастырылған Human Fraternity Roundtable 2026 халықаралық дөңгелек үстеліне қатысты.
Дөңгелек үстел жұмысына Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары қатысты.
Өз сөзінде М.Әшімбаев қазіргі заманғы дағдарыстар жағдайында сенімді нығайтудың, адам қадір-қасиетін қорғаудың және диалогты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның конфессияаралық және гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы халықаралық бастамаларды қолдайтынын растады.
Қазақстан делегациясының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметі, сондай-ақ Астана бейбітшілік декларациясы – 2025-тің негізгі тезистері туралы баяндады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар қатарында Еуропалық кеңестің бұрынғы төрағасы және Бельгияның экс-премьер-министрі Шарль Мишель, Индонезияның бұрынғы президенті Мегавати Сукарнопутри, World Central Kitchen ұйымының бас директоры Хавьер Гарсия, Адамзаттық бауырластық үшін Заид сыйлығының 2025 жылғы лауреаты және басқа да халықаралық тұлғалар болды.
Пікірталас барысында қатысушылар ұрпақтар арасындағы диалог мәселелерін, болашақ ұрпақ алдындағы ұжымдық жауапкершілікті, сондай-ақ заманауи технологияларды дамытуда этикалық тәсілдердің қажеттілігін талқылады.
Human Fraternity Roundtable 2026 аясындағы Қазақстан өкілдерінің қатысуы елдің адамзаттық бауырластық, бейбітшілік пен халықаралық диалог құндылықтарын ілгерілетуге бейілділігін растады.
Сапар аясында Мәулен Әшімбаев пен Мұсылман ақсақалдар кеңесі Бас хатшысы Мухаммед Абдельсалам арасында кездесу өтті. Кездесу барысында Қазақстанның конфессияаралық диалог пен бейбітшілік мәдениетін ілгерілетудегі рөліне жоғары баға берілді.
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлесі және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің беделді халықаралық платформа ретіндегі маңызы атап өтілді.
Тараптар Адамзаттық бауырластық үшін Заид сыйлығының адам қадір-қасиеті мен диалог құндылықтарын ілгерілетудегі жаһандық бастама ретіндегі маңызын атап өтіп, конфессияаралық және гуманитарлық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға мүдделілігін растады.
2026 жылы:
— Армения Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы бейбітшілік пен мемлекетаралық қатынастарды орнату туралы келісім — бейбіт диалогтың, татуласудың және орнықты болашақ үшін жауапкершіліктің үлгісі ретінде;
— Зарка Яфтали — Ауғанстанда және одан тыс жерлерде 100 000-нан астам адамға білім беру және психоәлеуметтік қолдау көрсетуді қамтыған, қыздар мен әйелдердің білім алу құқығын қорғау жолындағы көпжылдық қызметі үшін;
— Таавон — жыл сайын бір миллионнан астам палестиналықты қамтитын ауқымды гуманитарлық және даму қызметі үшін
Адамзаттық бауырластық үшін Заид сыйлығының лауреаттары атанды.