Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Халықаралық орталық Абу-Дабиде өткен «Адамзат бауырластығы» Мәжілісінің жаһандық форумына қатысты

Бөлісу

2026 жылғы 3 ақпанда Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Абу-Даби қаласында (БАӘ) Заид атындағы Адамзат бауырластығы сыйлығы аясында өткен жаһандық «Адамзат бауырластығы» Мәжіліс форумына қатысты. Орталық атынан форумға Басқарма Төрайымы Гүлсана Қожабай өкілдік етті.

Сондай-ақ, Мәжіліс жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бибігүл Жексенбай мен Дархан Қыдырәлі де қатысты.

Форумға бейбіт қатар өмір сүру, өзара құрмет пен жауапкершілік құндылықтарына негізделе отырып, қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлерін талқылау мақсатында мемлекет және дін көшбасшылары, халықаралық және гуманитарлық ұйымдардың өкілдері жиналды.

Форумды ашқан БАӘ-нің Толеранттылық және қатар өмір сүру министрі Нахаян бин Мубарак Әл Нахаян Адамзат бауырластығы туралы Құжаттың маңыздылығын және бейбітшілік мәдениетін нығайтудағы әйелдер көшбасшылығының рөлін атап өтті. БАӘ-нің Мемлекеттік министрі Майта Әл Хамси адамдар арасындағы айырмашылықтар өзара толықтырудың көзі болуы тиіс екенін, ал бейбітшілік үшін жауапкершілік әрбір адамның мойнында екенін айтты.

Форум аясында Шейх Ахмед ат-Тайеб пен Рим Папасы Лев XIV-тің үндеулері оқылды. Бұл үндеулерде Адамзат бауырластығы туралы Құжат қазіргі заман үшін маңызды моральдық бағдар болып қала беретіндігі және адам қадір-қасиеті мен ынтымақтастық жолында сөзден нақты іс-әрекетке көшу қажеттігі атап өтілді.

Әсіресе әйелдер көшбасшылығы тақырыбына ерекше назар аударылды. Саида Мирзиёева адамзат бауырластығы — әр адамды ең алдымен тұлға ретінде тануға негізделген саналы әрі практикалық таңдау екенін, ал әділетсіздікке үнсіз қалу оның салдарын күшейтетінін атап өтті.

I сессия — «Әйелдер көшбасшылығы — адамзат бауырластығының негізі» аясында Асефа Бхутто Зардари, Мегавати Сукарнопутри, Немат Аун, Вероника Алькосер және Лейла Алиеваның қатысуымен жауапкершілікке, эмпатия мен инклюзивтілікке негізделген әйелдер көшбасшылығының әлеуметтік бірлікті нығайтудағы шешуші рөлі атап өтілді.

II сессия — «Гуманитарлық көмек іс жүзінде: батылдық, жанашырлық және адалдыққа негізделген көшбасшылық» тақырыбына арналды. Сессия модераторы Шарль Мишель болды. Спикерлер қатарында Жозе Рамуш-Орта, Кайлаш Сатьяртхи, Гада Вали, Магди Якуб және Хавьер Гарсия сөз сөйледі.

Қатысушылар көшбасшылық лауазыммен емес, адамның өз мойнына алатын мағынасы мен жауапкершілігімен айқындалатыны жөнінде ортақ пікірге келді.

Форум аясында Орталықтың әлемнің әртүрлі өңірлеріндегі серіктестерімен жұмыс кездесулері өтіп, алдағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.