2026 жылғы 27 қаңтар күні кешке Қазақстан астанасында Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне орай салтанатты мемориалдық рәсім өтті.
Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдерін, мемлекеттік қайраткерлерді, діни бірлестіктердің, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен жұртшылықты біріктірген іс-шара Израиль Мемлекетінің Елшілігі, Германия Федеративтік Республикасының Елшілігі және Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Рәсімді Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрайымы Гүлсана Қожабай ашты. Ол іс-шараның мазмұны мен маңыздылығына қысқаша тоқталып, негізгі қонақтарды таныстырды.
Рәсімнің басты сәті Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың сөз сөйлеуі болды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жолдауын оқып берді. Жолдауда нацизмнің миллиондаған құрбандарын еске алу – бүкіл адамзаттың ортақ моральдық парызы екені, ал Қазақстан саясаты әрдайым толеранттылық пен адам қадір-қасиетін қорғау қағидаттарына негізделетіні атап өтілді.
Ресми сапармен Астанаға келген Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Қазақстан халқына тарихи шындықты сақтауға деген ұқыпты көзқарасы, ашықтығы және қиын кезеңдерде Қазақстандағы еврей қауымдастығына көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол еврей халқының осы тарихи оқиғалардан алған маңызды сабақтарына тоқталды.
Халықаралық қауымдастық атынан БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің жолдауын Қазақстандағы БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча жеткізді.
Қонақтарға «адамзаттың елшісі» ретінде танылған, Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Эли Визельдің өмірі мен мұрасына арналған бейнематериал ұсынылды. Оның бейжайлық ұғымына қарсы бағытталған қызметі көптеген ұрпақ үшін айрықша мәнге ие болды.
Рәсімнің рухани бөлігін Қазақстанның Бас раввині Йешая Элазар Коэн жалғастырып, Холокостта қаза тапқан алты миллион еврейдің және нацистік қудалаудың барлық құрбандарының рухына арнап «Эль Мале Рахамим» атты еске алу дұғасын оқыды.
Іс-шара Холокостта қаза тапқан әрбір бір миллион адамды бейнелейтін алты мемориалдық шам жағу рәсімімен аяқталды. Салтанатты тыныштықта өткен бұл сәт ортақ қайғы мен халықаралық қауымдастықтың тарихи жадты сақтау жөніндегі берік ұстанымының көрінісіне айналды.
Сондай-ақ Бейбітшілік және келісім сарайының фойесінде қонақтар геноцид қасіретін бастан өткерген адамдардың тағдырын баяндайтын 14 жеке оқиғаны қамтитын «Yad Vashem» фотокөрмесімен таныса алды.
Астанада өткен рәсім Қазақстанның адам қадір-қасиетін, жадыны, жауапкершілікті және өшпенділікті қабылдамауды басты орынға қоятын диалог кеңістігі ретіндегі маңызын тағы бір мәрте айқындады.