Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Халықаралық орталық қызметкерлері Қазақстандағы Бахаи қауымдастығы өкілдерімен кездесу өткізді

Бөлісу

2026 жылғы 16 қаңтарда Астана қаласында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының қызметкерлері Қазақстандағы Бахаи қауымдастығының өкілдерімен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Халықаралық орталық «Астана бейбітшілік декларациясы – 2025» аясында жүзеге асырылып жатқан бастамаларды таныстырып, күн тәртібіндегі климаттың өзгеруі, жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі өзекті мәселелерді шешу жолдарына, сондай-ақ халықаралық диалог пен ынтымақтастық алаңы ретінде Бейбітшілік үшін жаһандық қозғалысты ілгерілетуге бағытталған жобаларға ерекше назар аударды.

Бахаи қауымдастығының өкілдері климаттың өзгеруі мәселелеріне жауапты көзқарас қалыптастыруға және тұрақты болашақтың негізі ретінде жастарды саналы тәрбиелеуге бағытталған білім беру және қоғамдық бастамаларды жүзеге асырудағы практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Әңгіме барысында бейбітшілік мәдениетін қалыптастыру қабілетін дамыту, конфессияаралық өзара түсіністікті нығайту және әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар әйелдер көшбасшылығын дамыту және отбасы институтын нығайту қоғамның тұрақты әрі үйлесімді дамуының маңызды факторлары ретінде жеке қарастырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бейбітшілік, диалог және орнықты даму құндылықтарын ілгерілетуге бағытталған алдағы ынтымақтастыққа өзара мүдделілік білдірді.