Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

«Ұлттық бірегейлік және рухани құндылықтар: Тәуелсіздік жағдайында дамудың жаңа бағыттары» атты дөңгелек үстел

Бөлісу

2025 жылғы 9 желтоқсанда, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін атап өту қарсаңында, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының қызметкерлері «Ұлттық бірегейлік және рухани құндылықтар: Тәуелсіздік жағдайында дамудың жаңа бағыттары» атты дөңгелек үстелде баяндамалар жасады. Дөңгелек үстелге Астана қаласында тіркелген діни бірлестіктердің басшылары және дін саласындағы ұйымдардың өкілдері қатысты. Іс-шараны Астана қаласының әкімдігі ұйымдастырды.

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Басқарма төрайымының орынбасары Бауыржан Бакиров өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бүгінгі таңда Қазақстанның рухани дипломатиясын танытатын халықаралық брендке айналғанын атап өтті. Сондай-ақ ол мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын айтып, Астанада 14 конфессия, 57 діни бірлестік және 33 ғибадат орны ресми түрде қызмет етіп отырғанын мәлімдеді.

Спикер діни жағдайдың жалпы тұрақтылығына қарамастан, ақпараттық кеңістікте жалған әрі радикалды мазмұн таралу қаупінің күшейіп отырғанын айтып, заманауи үрдістерге тоқталды. Оның ішінде радикалды пікірлердің көбеюі, балама діни ағымдарға қызығушылықтың артуы, жастардың діни ақпаратты негізінен интернеттен іздеуі және жасанды интеллектті жауапты қолдану қажеттігі аталды. Бауыржан Бакиров рухани иммунитеттің ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды факторға айналғанын атап өтті.

Осыған байланысты Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының қызметінің өзектілігі де аталып өтті. Орталық Қазақстандағы діни жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Сөз соңында спикер алдағы жұмыстың басты бағыты ретінде құндылықтық бірегейлікті нығайту, рухани тұрақтылықты сақтау және конфессияаралық үйлесімді арттыру қажеттігін айтты.

Орталықтың Дінтану зерттеулер департаментінің директоры Татьяна Липина Қазақстандағы конфессияаралық қатынас саласында кездесетін негізгі мәселелерге тоқталып, халықтың бір бөлігінің дін туралы білімінің жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, діндер туралы хабардар болмау қорқыныш пен сенімсіздік туғызып, төзімсіздікке әкелуі мүмкін, ал бұл өз кезегінде радикалды көзқарастардың қалыптасуына қолайлы орта жасайды. Осыған орай ол конфессияаралық қатынастардың берік негізі – төзімділікті ағартушылық арқылы дамыту екенін ерекше атап өтті.

Спикер исламда да, христиандықта да, сондай-ақ басқа діни дәстүрлерде өзге сенімнің өкілдеріне құрметпен қарауға шақыратын рухани негіздер бар екенін айтып, қасиетті мәтіндерден мысалдар келтірді. Татьяна Липинаның пікірінше, осы мәтіндердегі ұстанымдар діни уағыздар мен түсіндіру жұмыстарында пайдаланылса, қоғамда төзімсіздік деңгейін төмендетуге нақты ықпал ете алады.

Мемлекеттік құрылымдардың міндеті – діни алуандылықты қолдау және ағартушылық бастамаларды күшейту екенін атап өтті. Қорытындылай келе, спикер тұрақты қоғамдық өзара түсіністік білімге, дұрыс ақпарат таратуға және қоғам мен діни қауымдастықтардың ортақ жауапкершілігіне негізделетінін жеткізді.