Астана, 2025 жылғы 7 қараша
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма төрайымы Гүлсана Қожабай мен Израиль Мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Йоав Бистрицкийдің кездесуі өтті.
Кездесудің басында Гүлсана Қожабай Бистрицкий мырзаға кездесуге бастамашы болғаны үшін алғыс білдіріп, Израильдің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеялары мен мақсаттарына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.
Тараптар конфессияаралық диалогты нығайтуға және гуманитарлық, рухани салалардағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады.
«Біздің Орталықтың басты мақсаты – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің идеялары мен қағидаттарын дамыту. Бүгінде біз жасанды интеллект этикасы, климат, тұрақты даму және жастарды тарту мәселелеріне ерекше назар аударып отырмыз. Израиль бізбен алғашқы Съезден бастап бірге болып, әрдайым діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты қолдап келеді», - деп атап өтті Орталық басшысы.
Гүлсана Қожабай Израильдің делегация құрамында бірден төрт рухани дәстүрдің өкілдері бар жалғыз ел екенін атап өтті: Ашкенази және Сефард раввиндері, Бахаи қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Иерусалим Патриархы Феофил III бастаған христиан дін өкілдері.
Тараптар сондай-ақ Израильдің жастар ұйымдарымен ынтымақтастық орнату және бахаи қауымдастығымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою мүмкіндігін талқылады.
Йоав Бистрицкий Қазақстанның конфессияаралық келісім саласындағы дәйекті саясатына ризашылығын білдіріп, елдің діни төзімділіктің сәтті үлгісі екенін атап өтті.
«Қазақстан рухани алуантүрлілікке зор құрметпен қарайды. Бұл – түрлі дін өкілдерінің бейбітшілік пен қауіпсіздік жағдайында өмір сүруіне ыңғайлы ел. Елдің әр өңіріндегі синагогаларға барып, еврей қауымдастықтарымен кездескен сайын мен бір сөзді естимін – мұнда өзара түсіністік, құрмет пен ар-ождан бостандығы бар. Діндарлар өздерін қауіпсіз сезінеді», – деді Йоав Бистрицкий.
Елші сондай-ақ мыңдаған еврейлер үшін қасиетті зиярат орны болып табылатын Алматыдағы раввин Леви-Ицхак Шнеерсонның қабірін сақтау мен лайықты деңгейде ұстаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл нысан Қазақстанның ұлттық мұралар тізіміне енгізілген.
Ол Израиль үшін Орталықпен ынтымақтастықты жалғастыру және халықтар арасындағы сенім мен рухани байланыстарды нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды дамыту маңызды екенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дінаралық диалог, білім беру және жастар бағдарламалары салаларындағы ынтымақтастықты жалғастыруға өзара дайын екендерін растады.