2025 жылғы 16 қазанда Тараз қаласында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының қызметкерлері Рухани келісім күніне арналған Діни бірлестіктер өкілдері мен дін саласындағы сарапшылардың облыстық кездесуінде дәріс оқыды.
Дінтану зерттеулері департаментінің директоры Татьяна Липина «Жастар және дін» тақырыбындағы зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Зерттеу барысында жастар арасында жас ерекшелігімен бірге діни өзін-өзі сәйкестендіру деңгейінің де арту үрдісі байқалғаны атап өтілді: 14–17 жас аралығында – 76,4%, ал 30–34 жас аралығында – 90,3%. Мәселе ретінде кейбір діни топтарға қатысты әлеуметтік қашықтықтың жоғары деңгейі аталды. Мұндай қатынастың негізгі себептерінің бірі – басқа діндер, олардың Қазақстандағы заңды мәртебесі және жалпы діни әртүрлілік туралы базалық ақпараттың жеткіліксіздігі екені анықталды. Бұл жағдай кең тараған «белгісіз нәрсе – қауіпті нәрсе» деген түсінікке сәйкес келеді. Аталған үрдіс аясында бұл жайт қандай да бір топты діни белгісі бойынша кемсітуге бағытталған жағымсыз риториканы қабылдау қаупін арттырады. Сарапшы түрлі форматтарда конфессияаралық келісімді қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Мысалы, діни бірлестіктер жетекшілерінің қолданыстағы клубтарының оң әлеуеті айтылып, бұл форматты одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар білдірілді.
Діни ахуалды талдау және мониторинг департаментінің бас сарапшысы Дулат Жакиянов та толеранттылық тақырыбында баяндама жасады. Ол диалогты жандандыру қажеттілігін атап өтіп, дәл осы өзара түсіністік пен сұхбат арқылы қақтығыстарды шешу мүмкін болатынын мысал ретінде Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайды келтірді. Сарапшы адамзат арасында диалог мәдениетін ілгерілетудегі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің жетекші рөлін ерекше атап өтті.