Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаевтың Еуразия мұсылмандары ғұламаларының форумында сөйлейтін сөзі

Бөлісу
Бисмилляхир Рахманир Рахим!
Аса мәртебелі дін басшылары, көрнекті ғалымдар, қоғам қайраткерлері!
Халқымыз мың жылдан астам уақыттан бері мұсылман өркениетінің құрамына кіреді. Ислам елімізде діннің, мәдениеттің, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари сынды шығыс Ренессансындағы ұлы ғалымдар мұсылмандық ізгілік дәстүрлерін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп бастаған қазақ халқының рухани дүниесі Ислам ағартушылығы шеңберінде қалыптасты.
Қазақстан Конституция бойынша зайырлы мемлекет болып табылады. Дегенмен, қазіргі таңда елімізде 2,5 (екі жарым) мыңнан астам мешіт жұмыс істейді, халықтың 75 (жетпіс бес) пайызын Ислам дінін ұстанушылар құрайды.
Бүгінгі күні еліміз бүкіл әлем мемлекеттері сияқты күрделі экономикалық, саяси, оның ішінде басты идеологиялық мақсаттарды шешуге күш салуда. Жаһандану, әлемтану ұстанымдарының жаңаруы, тарихи уақыт көшінің қарқынмен жеделдей түсуі сенім мен діни құндылықтардың алатын орнын қайта бағалауды қажет етіп отыр.
Мұндай жағдайда Исламның ізгі бастауларын жоққа шығаратын, бейбітсүйгіштіктен, толеранттықтан, діни төзімділіктен бас тартатын күштердің алға шығуы жиі орын алуда. Жихад идеяларын насихаттайтын, экстремизм мен лаңкестік жолымен жүретін радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды. Олар мұсылмандардың барлық тарихи кезеңдерде барша дін өкілдерімен диалогқа дайын болғандығын және ешкімге зиян келтірмегенін естен шығарған. Ислам әлемінің оқшауланып, дамуын тежеуге итермелеуде.
Ислам өркениетіне тән алдыңғы қатарлы ғылым мен мәдениет дәстүрлерін мейлінше арттыру қажет. Меніңше, бұл қазіргі заманның ең өзекті проблемаларының бірі болып табылады. Себебі, қазіргі кезде бірқатар мұсылман мемлекеттері кедейлікпен, халықтың сауатсыздығымен, денсаулық сақтау ісінің артта қалуымен, күрделі демографиялық ахуалмен, лаңкестік сын-қатермен, заңсыз есірткі айналымымен және сыбайлас жемқорлықпен байланысты қиындықтарды бастан өткізуде.
Бұл сын-қатерлердің барлығы да имандылық дағдарысынан және әскери-саяси текетірестен алып шығатын пәрменді тетіктерді, идеологиялық және моральдық әдістерді іздестіруді талап етеді. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап іздеуде мұсылман ғұламалары өз қолтаңбаларын қалдырып, білім мен бейбітшілікке деген сүйіспеншілік туралы қасиетті Құран ілімдерін қайта жандандыруға тиіс. Бұл істе ғұламалар қасиетті жазбаның ұлағатты сөздерін күмәнді уағыздаушылар ұсынып жүрген жалған түсініктерге қарсы қоюы керек.
Исламның іргелі қағидаттары туралы айтар болсақ, осы тұста мұсылман әлемінің саясаткерлері мен ғалымдарын «Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға бірге күш салуға» шақырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөздерін естеріңізге салғым келеді.
Ислам амалсыздық пен фанатизмді жоққа шығарып, қарсыластарды татуластыруға және қайшылықтарды бітімгерлік жолмен шешуге ұмтылады. Қасиетті Құран Ислам негіздеріне қарсы келмейтін басқа дін ілімдеріне төзімділік танытуға, өзге мәдениеттердің көріністеріне құрметпен қарауға шақырады.
Біздің ойымызша, Ислам ілімі ұлттық салт-дәстүрлерге деген құрметпен және Отанға деген сүйіспеншілікпен ұштаса отырып, қоғамымызды рухани жаңарту идеясымен үндеседі.
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын айқындады. Бағдарлама сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмауға бағытталған. Оларды әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату қажет. Сондай-ақ бағдарлама ұлттық рухымызға сәйкес келетін құндылықтардың барлығын, оның ішінде салт-дәстүрлерді, тіл мен өнерді, әдебиет пен рухани бағдарларды сақтап қалуды көздейді.
 
Құрметті форумға қатысушылар!
Қазақстан прогресс пен даму жолында мұсылман әлемін біріктіруге күш салуда.
Қазақстан прогресс пен даму жолында мұсылман әлемін біріктіру үшін үлкен күш-жігер жұмсап отыр.
Біздің еліміз «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізіп, энергетикалық және экологиялық серпінді технологиялар саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибемен алмасу үшін алаң құрды. Осы көрмеге  көптеген мұсылман мемлекеттері де белсенді қатысты.
«ЭКСПО-ның» негізінде Астанада Халықаралық қаржы орталығы ашылды, оның қызметінің негізгі бағыттарының бірі исламдық қаржыландыру саласындағы ынтымақтастық болмақ. Исламдық банкинг пен исламдық қаржыландыру әлемдік қаржыны сауықтыруға және кедейлік проблемасы мен кредит ресурстарының қолжетімсіздігін шешуге қомақты үлес қосатынына сенімдімін.
Өткен жылғы 10 қыркүйекте Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының арнайы саммиті ғылым мен техниканың озық жетістіктерін енгізу мәселелеріне арналды. Осы саммитте Қазақстан Президенті ислам әлеміндегі маңызды ғылыми-экономикалық мәселелерді шешу мақсатында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының жетекші 15 елінің басын қосатын, G-20 сияқты - ИЫҰ-15 бейресми қоғамдастық құруды ұсынды.
Қазақстан мәдениеттер мен өркениеттер диалогын дамыту, халықтар мен діндер арасындағы өзара түсіністікті тереңдету идеясын дәйекті түрде ілгерілетіп келеді. Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі осы жылдың маңызды оқиғасы болмақ. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы форумға бастамашылық жасай отырып, бейбітшілік, қауіпсіздік пен әділеттілік саясатын алға жылжытудың әдістері туралы түсініктің аясын кеңейте түсті. Діни лидерлердің съездері көпшілік мойындаған пікір алмасу алаңына айналды, форумның жұмысына көптеген мемлекеттердің басшылары, БҰҰ мен басқа халықаралық ұйымдардың жетекшілері да қатысты. Бұл бір үстел басына әлемдік және дәстүрлі дін өкілдерін жинап қана қоймай, жетекші саясаткерлердің де басын біріктіріп, халықтардың жарқын өмірі жолындағы нәтижелі үнқатысуға себеп болды.
Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін толеранттылық, өзара түсіністік пен мәдени алуантүрлілік идеологиясын қалыптастыру және ілгерілету маңызды. Қазақстан өзінің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамда дінаралық келісімді сақтау тәжірибесімен бөлісуге дайын.  
Ілім тұрғысынан ұшталған Исламды дамыту үшін қазақстанның барлық мүмкіндіктері бар. Біз прогресс, бейбітшілік және әділеттілік, дін мен адамгершілік құндылықтарды құрметтеу, толеранттылық және басқа дін ілімдерінің өкілдерімен тату көршілік қағидаттарында қоғамды құрудың лайықты үлгісін  барша әлемге көрсетуге қауқарлымыз.
Қазіргі таңда мұсылман ғылымының алдында дін ілімі мен құқық, догматизмнен, радикализмнен, әсіресе кез келген көріністегі экстремизмнен арылу сияқты негізгі мәселерге деген тәсілдерді жаңарту міндеті тұр. Дін саласындағы үздік, беделді тұлғалар, ғұламалар, қоғам қайраткерлері, теологтар, дінтанушылар Ислам өркениетінің ұлы мұраларын жаңғырту процесінде жетекші күшке айналуға тиіс, олардың көпшілігі бүгін залда отыр. Бүгінгі пікірлесу алаңы әртүрлі елдерден келген мұсылман әлемінің көрнекті зиялылары үшін осы игілікті іске өз күш-жігерлерін біріктіруге және үлестерін қосуға тамаша мүмкіндік беріп отыр.
Еуразия ғұламаларының форумы Исламның ізгі дәстүрлерін жаңғырту және радикализм мен экстремизмге қарсы миллиондаған үмметті біріктіру мақсатында барлық елдердің мұсылмандары арасындағы ашық үнқатысудың бастамасы болатынына сенімдімін.
Жұмыстарыңыз бен игілікті қызметтеріңіздің табысты болуын тілеймін.