2025 жылғы 15 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Хатшылықтың Жұмыс тобының отырысы, Съезд Хатшылығының XXIII отырысы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі мен Жас діни лидерлердің II форумы аясында «Әлемнің діни дәстүрлерінің баға жетпес қазыналары» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шара Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Қазақстан Республикасы Ұлттық музеймен бірлесіп ұйымдастыруымен өтті. Оның мақсаты – түрлі діндер мен мәдениет өкілдері арасындағы өзара түсіністікті нығайту, әлемдік діндердің рухани мұрасын көрсету, сондай-ақ бейбітшілік пен келісім құндылықтарын ілгерілету болды.
Бұл көрме дінаралық және мәдениетаралық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қатысушыларға әртүрлі сенімдердің жәдігерлері мен рәміздерімен танысуға ғана емес, сонымен қатар көпұлтты және көпконфессиялы қоғамдағы өзара әрекеттесудің өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Діни дәстүрлер – адамзаттың рухани мұрасы, қасиетті мәтіндерде, ғұрыптарда, өнер мен философияда бейнеленген ғасырлық даналық. Барлық діндерді жоғары ақиқатқа, ізгілікке және үйлесімге ұмтылыс біріктіреді:
- Христиандық – сүйіспеншілік пен мейірімділікке үндейді;
- Ислам – әділеттілік пен Құдайға бойсұнуды дәріптейді;
- Буддизм – даналық арқылы азаптан арылуды үйретеді;
- Иудаизм – ежелгі пайғамбарлардың өсиеттерін сақтайды.
Экспозицияда Бейбітшілік және келісім музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің қорларынан алынған әлемдік діндердің қасиетті кітаптары, діни-ғұрыптық жәдігерлер ұсынылды: Христиандық–айқыштар, иконалар, тұмаршалар, литургиялық тостағандар, шамдар, қасиетті суға арналған ыдыстар. Ислам–қасиетті Құран, ислам каллиграфиясының үлгілері, исламның рухани-мәдени құндылықтарын көрсететін діни заттар. Иудаизм–менора (жеті шырақты шам), талит (намазға арналған жабын). Индуизм–құдай мүсіндері, шамдар, ғұрыптық құмыралар, қоңыраулар, мандалалар. Буддизм–дыбыс шығаратын тостаған, ғұрыптық барабандар (ағаш балық, бамбук таяқшалар), Будда мүсіні, мала (таспа тәрізді дұға моншақтары), хош иісті шырақтар мен сандал ағашы таяқшалары.
Көрменің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Хатиев А.Н., Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Дәкенов Е.Е., Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы басқарма төрағасының орынбасары Есбергенов Б.Қ., сондай-ақ Хатшылықтың Жұмыс тобының мүшелері, Съезд Хатшылығының XXIII отырысының және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің делегаттары, Жас діни лидерлердің II форумына қатысушылар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтар, мектеп оқушылары, студенттер, дінтану, этнография, тарих, философия және өнер саласының мамандары қатысты.
Көрмені ашу барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ануар Нурманұлы Хатиев: «Адамзаттың моральдық бағдарын ғасырлар бойы қалыптастырған діни дәстүрлер осы экспозицияда қайта тірілгендей. Мұндағы әрбір жәдігер – айырмашылықтарға қарамастан, барлық діндер ізгілік, даналық және адамсүйгіштіктің ортақ нұрын жеткізетінін еске салады» – деп атап өтті.
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Қоныратұлы Есбергенов қонақтарға арнап: «Залда ұсынылған экспонаттар – адамзаттың Құдіретке, мән-мағынаға, ішкі үйлесімге ұмтылысының куәсі. Қасиетті мәтіндер, ғұрыптық бұйымдар, өнер туындылары – мұның бәрі әрбір жүрекке түсінікті тілде сөйлейді» – деген лебізін білдірді.
Бұл көрме діни дәстүрлерге, ғұрыптарға және рәміздерге деген құрметтің тарихи әрі мәдени маңызын, олардың жаһандық әлемде тұрақты өзара түсіністік, үйлесім мен келісімнің негізі екендігін айқындады.
Келушілер үшін «Әлемнің діни дәстүрлерінің баға жетпес қазыналары» көрмесі 2025 жылғы 25 қыркүйекке дейін жалғасады.