2025 жылдың 15 қыркүйегінде Астана қаласында ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру шеңберінде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Әл-Азхар Ислам зерттеулері академиясымен (Мысыр) бірлесіп «Рухани көшбасшылық және халықаралық әріптестік орнықты бейбітшілік пен қауіпсіздіктің кепілі ретінде: Орталық пен Әл-Азхар Академиясының тәжірибесі» тақырыбында «Бірлескен Тұрақты Комитеттің екінші отырысын өткізді.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – дінаралық диалогты ілгерілетуде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысушылардың әріптестігін одан әрі кеңейту және әлемнің тұрақты дамуына қол жеткізудегі діни лидерлердің рөлін қарастыру.
Іс-шараға Съезд Хатшылығының Жұмыс тобының мүшелері, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің серіктестері, халықаралық ұйымдардың өкілдері және Қазақстан, Мысыр, Үндістан, Пәкістан, Өзбекстан діни бірлестіктерінің сарапшылары қатысты.
Отырысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай Тағанұлы ашты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов, әл-Азхар Ислам зерттеулері академиясының Бас хатшысы Мұхаммед Әбду Даим Әл Жинди, Орталық басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Әл-Азхар ғалымдар кеңесінің мүшесі Мұхаммед Абдул Рахман Әл-Дувейни, Әл-Азхар Университетінің Президенті Салама Жұма Дауд, Исламабад халықаралық ислам университетінің Ислам зерттеу институтының бас директоры Мұхаммед Зия ул-Хак, Somaiya Vidyavihar университетінің адъюнкт-профессоры Рудракша Сакрикар, Жоғарғы Имам Ахмет Ат-Тайебтің Халықаралық істер жөніндегі кеңесшісі Нахла Сабри Әл-Саиди, «Нұр-Мүбарак» Қазақстан-Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Ершат Оңғаров, Әл-Азхар университетінің ақида және философия профессоры Мұхаммед Юсри Жафар, Өзбекстандағы Ислам өркениеті орталығының аға ғылыми қызметкері Илхомджон Бекмирзаев, Әл-Азхар университетінің Ислам мәдениеті кафедрасының доценті Реза Махмуд Мұхаммед Әл-Саид сөз сөйледі.
Өз сөзінде әл-Азхар Ислам зерттеулері академиясының Бас хатшысы Мұхаммед Абду Даим Әл Жинди әлемде болып жатқан қақтығыстар аясында іс-шара тақырыбының өзектілігін атап өтіп, Съездің мемлекеттер мен конфессиялардың диалог пен бейбітшілік құру мақсатындағы интеграциясына қосқан үлесін атап өтті.
Өз кезегінде Исламабад халықаралық ислам университетінің Ислам зерттеу институтының бас директоры Мұхаммед Зия ул-Хак рухани дипломатияны дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның конфессияаралық келісім және жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету саласындағы бастамалары туралы айтты.
Отырыс барысында Басқарма төрағасының орынбасары бірлескен күш-жігердің арқасында діндер арасындағы өзара түсіністік пен өзара сыйластықты нығайтуға арналған алаңға айналған съездің жұмысын жан-жақты қолдағаны үшін іс-шараға қатысушыларға ризашылығын білдірді.
Іс-шараны жалғастыра отырып, қатысушылар Қазақстанның дінаралық диалогты ілгерілету және мәдени әртүрлілікті қолдау жөніндегі күш-жігерін жоғары бағалады. Съезд қызметі қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын шешуге жәрдемдесу мақсатында Діни лидерлер, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталуы тиіс екендігі атап өтілді.
Сондай-ақ, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілік ететін қазақстандық диалог саясаты ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің кепілі болып қана қоймай, адамзат гуманизмі, діндерді, мәдениеттер мен өркениеттерді жер бетіндегі бейбітшілік үшін жақындастыру идеяларын ойдағыдай жобалағаны атап өтілді.
Жалпы, іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық және өркениетаралық диалог мәселелерін одан әрі зерделеу, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі мен оның институттары шеңберіндегі ынтымақтастық бойынша ұсыныстар әзірледі.