Жаңалықтар

Таяу Шығысқа бейбітшілік және келісімнің қазақстандық үлгісі қажет

Бөлісу

«Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының» Төрағасы А.Әбибуллаев және Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі А.Исағалиев мұсылман әлемінің діни лидері «әл-Азхар» шейхі Ахмед әт-Тайебпен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстанның әлемдегі рухани үйлесімнің бастамашысы ретіндегі маңызды рөлі жөнінде талқыланып, «Қазақстан заманауи тарихта ең бірінші болып дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту бойынша нақты қадамдарға барды, өзге елдер де бұл игі бастаманы қолдап, әр түрлі діндер мен конфессиялар өкілдері арасында даилогты дамытуға өз үлесін қосуда. Сіздің елдің бұл тәжірибесі бүкіл әлемде сұранысқа ие» - деп атап өтті Бас имам.

Басқарма Төрағасы әл-Азхардың Бас имамына дінаралық диалогты тиімді дамытуға және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезіне жүйелі түрде қатысып, атсалысқаны үшін алғыс білдірді, сондай-ақ, «Ұлы Жібек жолы Қазақстан арқылы өтіп, Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің мәдени және рухани тұрғыдан өзара байланысуының негізгі арнасы болды», - деп Қазақстан өркениеттер мен мәдениеттер арасында көпір іспеттес екендігіне ерекше назар аударды. Кездесу барысында тараптар «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» мен әл-Азхар Дінаралық диалог орталығы арасында Келісімге қол қою жөнінде нақты шешімге келді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін алға жылжыту аясында өткен маңызды шараның бірі - Копт Православиелік шіркеуі басшысының орынбасары, Епископ Юлиуспен кездесу болды. Кездесуде Епископ Юлиус маңызды жаһандық деңгейдегі мақсаттарды шешуге, оның ішінде Египет ішіндегі мұсылман және христиан ұйымдарының арасында келісім орнатуға атсалысу үшін Съез бен Хатшылық жұмысына қатысуға әзірлігін білдіріп: «Қазақстан әлемде өзінің бейбітшілікті орнату бастамаларымен танымал, сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі біздің ішкі мәселелерімізді де шешуге ықпал етеді», - деп есептейтіндігін жеткізді. Копт шіркеуі ежелгі шығыс шіркеулерінің бірі болып табылады. Шіркеудің негізін Александрияда апостол Марк қалаған, қазіргі таңда 400 қауымнан тұрады және олардың көпшілігі Египетте, қалғандары египеттік диаспорада қызмет етуде.

Орталықтың мақсаттары мен идеяларын кеңінен тарату, сонымен қатар алдағы Жетінші Съездің тақырыптарын мазмұнды талқылау мақсатымен МАР Уақыфтар министрі Мұхтар Жұмамен, Мысыр Араб Республикасының Парламенті Дін істері және Уақыптар комитетінің төрағасы, Қазақстан-Мысыр парламентаралық достық қоғамының Мысыр тарапынан тең төрағасы Усама әл-Абдпен, Дін істері жөніндегі Президенттің кеңесшісі Усама әл-Азхиримен кездесу өтті.
Египеттік және аймақтық БАҚ өкілдері конфессияаралық және өркениетаралық келісімнің қазақстандық үлгісіне, Әлемдік дәне дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысына ерекше қызығушылық танытты, араб тілінде бірқатар мақалалар мен сұхбаттар жарияланды.