Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Дінаралық диалог және жастар көшбасшылығы: Астанада өткен «Ұрпақтар сұхбаты»

Бөлісу

2025 жылдың 21 шілдесінде Астана қаласында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Пәкістанның Исламабад қаласында орналасқан Халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институтымен бірлесіп, «Ұрпақтар сұхбаты: рухани тәлімгерлік және жастар көшбасшылығы» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Іс-шараның басты мақсаты – ұрпақаралық және конфессияаралық диалогты нығайту, жастар көшбасшылығын дамытудағы рухани тәлімгерліктің рөлін ілгерілету, сондай-ақ цифрлық ортаның сенімге әсерін талқылау болды.

Дөңгелек үстелді Орталықтың басқарма төрағасының м.а. М. Қалижанов ашты. Ол құттықтау сөзінде, қазіргі қарқынды өзгерістер кезеңінде тұрақты даму көзі  ұрпақтар диалогы мен тәлімгерлікте негізделгенін атап өтті. М. Қалижанов аталмыш дөңгелек үстелдің ашық пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және бірқатар түйінді сұрақтардың жауабын іздеуге арналғанын айтты. Атап айтқанда: жастарға рухани және моральдық тәрбие беру жолдары, көшбасшылыққа ынталандыру үлгілері, және бұл мәселеде дәстүр мен діннің рөлін анықтау керектігін білдірді.

Іс-шараға бірқатар беделді халықаралық қонақтар мен сарапшылар қатысты. Олардың қатарында Пәкістанның Исламабад қаласынан Халықаралық ислам университеті Ислам зерттеулері институтының Бас директоры Мұхаммед Зия Уль-Хак, Ресей Федерациясынан Мәскеу Патриархаты Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің дінаралық қатынастар жөніндегі хатшысы және Ресей Дінаралық кеңесінің атқарушы хатшысы Илия Кашицын, ТОНАФА институтының Президенті, азаматтық және цифрлық құқықтарды қорғаушы, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары бойынша жастар көшбасшысы Эммануэль Ганс (Бенин Республикасы); сондай-ақ «Pimpinan Pusat Muhammadiyah» Орталық кеңесінің Халықаралық байланыстар және ынтымақтастық бюросының төрағасы, доктор Х. Имам Аддарукутни (Индонезия Республикасы) болды.

Дөңгелек үстел спикерлері арасында беделді дін көшбасшылары мен рухани ұстаздар, жас дін қайраткерлер мен қоғам белсенділері, сондай-ақ академиялық және ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері де бой көрсетті. Мәселен Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы, Православ шіркеуі, Рим-католик шіркеуі, Евангелиялық-лютерандық шіркеу, Баһаи қауымдастығы және Астана қаласының бас раввині секілді әртүрлі діни конфессиялардың өкілдері өз көзқарастарын білдірді. Қатысушылар соңғы жылдары әлеуметтік және технологиялық сын-қатерлер контекстінде жастармен жүргізілетін сындарлы және ашық диалогтың маңызы жайлы сөз қозғады.

Отырыс соңында Астаналық Благочиние жастар бөлімінің жетекшісі Сергей Дианов өзінің діни қозғалысқа қатысу тәжірибесімен бөлісіп, сондай-ақ өскелең ұрпақпен өзара әрекеттесудің тиімді формаларын іздестіру қажеттілігі жайлы айтты. Астана қаласы мен Ақмола облысының бас раввині Шмуэль Карнаух цифрлық этика мәселелеріне назар аударып, жастарды медиакеңістікте қолдаудың қажеттілігіне тоқталды. Ол бүгінгі жастардың әлеуметтік желілерді бақылаусыз қолданып, зиянды және деструктивті контенттің әсеріне ұшырауына алаңдаушылығын білдірді,

Сонымен қатар, пікірталаста Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Қошқалидің сөзіне ерекше назар аударылды. Ол зайырлы және діни ортада жастармен жұмыс істеуге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті.

Дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дін саласындағы әсері жайында пікір алмасып, II Жас діни лидерлер форумына арналған ұсыныстарын білдірді.

Іс-шара гибридті форматта (онлайн/офлайн) өтіп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде синхронды аудармамен қамтамасыз етілді.