Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің Ізгі ниет елшісі Халықаралық орталыққа келді

Бөлісу

2025 жылдың 30 мамырында Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхамед Абдельсалам Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығына ресми сапармен келді. Сапар аясында ол Орталықтың Басқарма Төрағасының м.а. Марат Қалижановпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар дінаралық келісімді нығайту, әріптестік аясын кеңейту және рухани дипломатия саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, діни және мәдени мұраны сақтау бағытындағы ынтымақтастыққа баса назар аударылды.

М. Қалижанов өз сөзінде Съезд алаңындағы өзара сенім мен диалогтың маңыздылығына тоқталып, Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Кеңес өкілдігінің ашылуы – бейбітшілік пен диалог мәдениетін ілгерілету жолындағы ортақ ұмтылыстың айғағы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол 2022 жылы екі ұйым арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум берік серіктестіктің негізіне айналғанын еске салды.

«Мұсылман ақсақалдар кеңесімен арадағы сенім мен бірлескен жұмысты жоғары бағалаймыз. Бұл ынтымақтастық жаһандық деңгейдегі дінаралық диалогты дамытуға елеулі үлес қосып отыр», – деді ол.

Өз кезегінде Мұхамед Абдельсалам биыл 17–18 қыркүйекте Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне қатысатынын растады. Сонымен қатар, Орталықпен әріптестікті одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.

Кездесуде, сондай-ақ, 17 маусым күні Алматы қаласында өтетін «Рухани дипломатия мен әлемдік және дәстүрлі діндердің қасиетті мұрасын сақтау» тақырыбындағы халықаралық дөңгелек үстелге дайындық барысы талқыланды. Тараптардың пікірінше, бұл іс-шара рухани құндылықтарды сақтау жолындағы ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жаңа бірлескен жобаларға негіз болады.

Сапар соңында Мұхамед Абдельсалам мырзаға қысқаша бейне-сұхбат беру ұсынылды. Сұхбат барысында ол дінаралық диалогтың келешегі мен қазіргі әлемдегі рухани дипломатияның рөлі туралы ой-пікірін ортаға салды.