Жаңалықтар

Астанада Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көрме өтуде

Бөлісу

2025 жылдың 14-27 мамыр аралығында Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көрме өз жұмысын бастады.

Еліміздегі этносаралық татулықты, рухани үндестікті және көпэтносты қоғамның үйлесімді дамуын дәріптеген бұл көрме Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің жемісті серіктестігімен жүзеге асырылды.

Мақсаты Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының тарихын және мәдениеттердің өзара әсерін көрсету болған бұл көрме, бейбітшілік пен келісім құндылықтарын жаңғыртып, ұлттық бірлік идеясын нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шара болды.

Көрме мазмұны жағынан екі бөлімнен құралды.

«Біртұтас көпұлтты Қазақстан» деп аталған бірінші  бөлімде еліміздегі әр түрлі этностардың қалыптасу тарихы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу кезеңдері  баяндалды. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің негізіне айналған Ассамблеяның қызметіне қатысты сирек кездесетін материалдар мен мұрағат құжаттары, соның ішінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел тарихында», «Қазақстан халқы Ассамблеясы: алғашқы қадамдар (1995–1997 жж.)» атты жинақтар назарға ұсынылды.

«Көпұлтты Қазақстанның мәдени мұрасы» атты екінші бөлім Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен рухани әлемін кеңінен ашып көрсетті. Қолөнер шеберлерінің туындылары, күнделікті тұрмыста пайдаланылған заттар және тарихи маңызы бар жәдігерлер арқылы әрбір этностың қайталанбас келбеті мен еліміздің өсу жолындағы орны айқын паш етілді.

Көрменің ресми ашылу салтанаты 2025 жылғы 14 мамыр күні, сағат 15:00-де, Бейбітшілік және келісім сарайының үшінші қабатындағы Атриум залында өтті.

Көпұлтты Қазақстанның мол мәдени қазынасын көрсеткен бұл көрме – халықтар арасындағы достық пен рухани татулықтың әсем көрінісіндей болды. Астана тұрғындары мен қала қонақтары ұлттық бірлік пен мәдени алуандылықты бірге тануға мүмкіндік алды.