Жаңалықтар

Гуманитарлық дағдарыс пен әділеттілік туралы жаһандық диалог

Бөлісу

2025 жылдың 5-6 мамыры күндері Иран Ислам Республикасының Машһад қаласында «Имам Резаның өркениеттік ойлары: адам құқықтары мен қадір-қасиеті» атты жыл сайынғы халықаралық конференция өтті. Іс-шараны «Астан Құдс Рәзәуи» ғылыми-мәдени ұйымы Тегеран университетімен серіктестікте ұйымдастырды.

Конференцияның басты мақсаты – әлемдік ғалымдар мен қоғам белсенділері арасында инклюзивті диалогты дамыту, әділеттілік, теңдік және тұлғаның қадір-қасиетін құрметтеу принциптерін зерттеу болды. Сонымен қатар, исламдық мұра мен дәстүрлерді зерделеп, әлеуметтік әділеттілікті ілгерілету мәселелері қарастырылды.

Конференцияға 21 елден келген жетекші ғалымдар мен зерттеушілер, танымал қоғам белсенділері қатысты. Қатысушылардың арасында Иран Ислам Республикасының ғылым, зерттеу және технология министрі Хусейн Симаи-Сараф, Иран ғылым академиясының президенті Мохаммадреза Мохбер Дезфули, Әһлі-Бәйт (ғ.с.) дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы аятолла Реза Рамазани және басқа да көрнекті тұлғалар болды.

Конференция барысында жеті тақырыптық сессия өтті, онда 40-тан астам ғылыми баяндама ұсынылды. Баяндамаларда адам құқықтары мен қадір-қасиеті, ислам өркениетінің қазіргі әлемдегі рөлі, дінаралық диалог және әлеуметтік әділеттілік мәселелері талқыланды.

Қазақстаннан Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма төрағасының кеңесшісі Болат Сәрсенбаев қатысты.

Конференцияның жабылу рәсімінде Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиян сөз сөйлеп, форумның маңыздылығын атап өтті. Ұйымдастырушылар бұл жиынның әлемдегі конфессияаралық диалог пен өзара түсіністікті нығайту ісіне өз үлесін қосатынына сенім білдірді.