2025 жылғы 7 сәуірде «Тұран-Астана» университетінде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының ұйымдастыруымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін 2023–2033 жылдар аралығында дамытуға арналған тұжырымдаманың негізгі ережелерін талқылауға арналған дәріс өтті.
Іс-шараның мақсаты – студенттерді, профессор-оқытушылар құрамын және көпшілік қауымды түрлі діндер мен мәдениеттер өкілдері бас қосатын бірегей халықаралық алаң – Съездің басты идеялары және даму бағыттарымен таныстыру болды.
Дәрісті Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Сыртқы байланыстар және ақпараттық жұмыс департаментінің директоры Руслан Ибраев жүргізді. Ол қатысушыларға 2022 жылы Әлімдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінде қабылданған шешімдердің негізінде әзірленген жаңа Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстырды. Атап айтқанда, бейбітшілік, төзімділік пен өзара сыйластық идеяларын ілгерілету, сондай-ақ қазіргі жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұрудағы діни көшбасшылардың рөлін күшейту мәселелері сөз болды.
Дәріс барысында Съездің діндер арасындағы тұрақты әрі тиімді диалог алаңы ретіндегі маңыздылығы мен Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен татулық мәдениетін қалыптастырудағы үлесіне ерекше назар аударылды.
Іс-шараға университеттің студенттері мен оқытушылары қатарынан 100-ге жуық адам қатысты. Дәріс тыңдаушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып, жаһандық өзгерістер жағдайында діни бірлестіктердің өзара іс-қимылына қатысты өзекті мәселелерді талқылауға ұласты.