Кеше елордада Сенат спикері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Хатшылықтың XXII отырысы өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылған іс-шараға 19 елден келген дін қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ауқымды жиын түрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын көздейтін идеяға табан тірейді. Отырысқа қатысушылар қазіргі сын-қатерлерді бірлесіп еңсеру жөнінде пікір алмасып, келесі жылы Астанада өтетін VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің күн тәртібін талқылады. Сондай-ақ жиын барысында съездің Ізгі ниет елшілері сайланып, дін қызметкерлері жоғары наградалармен марапатталды.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев алыс-жақын шетелдерден және елімізден келген қатысушыларға ілтипат білдіріп, рухани көшбасшылар 20 жылдан аса уақыт бойы Съезд аясында күш біріктіріп, діндер, мәдениеттер және халықтар арасындағы диалогті дамытуға, адамзатты алаңдатқан жаһандық проблемаларды шешуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының әртүрлі ұлттардың, конфессиялардың ынтымақтастығын нығайтуға баса мән беріп келе жатқанын, бұл ретте «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты Әділетті Қазақстан үшін маңызды негіз екенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар Хатшылық басшысы қазіргі таңда жаһандық сын-қатерлер бір-бірімен тығыз байланысты екенін, мұндай жағдай олардың ықпалын арттыра түсетінін айтып, бүкіл әлем күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқанын алға тартты. Геосаяси шиеленістердің салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп, халықаралық қоғамдастық қол жеткізген құндылықтарға нұқсан келіп жатқанын атап өтті.
– Бүгінде біз Таяу Шығыстағы ахуалға алаңдаулымыз. Осы орайда тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуынан және жағдайдың одан әрі ушығуынан сақтану үшін күш қолданудан бас тартуға шақырамыз. Мұндай ахуал кедейлік, теңсіздік және климаттық дағдарыс сияқты сын-қатерлерді күшейте түсетіні белгілі. Осындай проблемаларды азайту және еңсеру үшін барлық сындарлы күштердің әлеуетін біріктірудің мәні зор. Бұл ретте рухани дипломатияның маңызы артып келе жатқанын атап өткен жөн. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мақаласында атап өткендей: «Қазіргі таңда әлемде саяси белгісіздік белең алған жағдайда мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы диалогті арттыру аса маңызды». Сондықтан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты диалог алаңдарын дамыту айрықша мәнге ие, – деді Съезд хатшылығының басшысы.
Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға, соның аясында қазіргі таңдағы басқа да өзекті сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге назар аударды. М.Әшімбаевтың айтуынша, нейрожелілер мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы кең мүмкіндіктермен қатар фейктердің таралуына да жол беріп, жаһандық тұрақтылыққа нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағдайда біздің еліміз аталған қатерлерді еңсеруге ықпал ете отырып, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыруды жалғастыра береді.
– Жалған ақпараттың, оның ішінде жасанды интеллект арқылы әзірленген негізсіз деректің таралуы этностық, діни және әлеуметтік топтар арасындағы әртүрлі қақтығыстарға әкелуі әбден мүмкін. Бұл жағдайда бейбітшілікті, келісімді және өзара сенімді нығайтуға бағытталған шаралардың тиімділігін арттыру ерекше мәнге ие. Сондықтан Мемлекет басшысы Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын әзірлеуге бастамашы болып, форумның миссиясын дәріптеудің нақты тетіктерін айқындау міндетін жүктеді. Бүгінде рухани көшбасшылармен және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп, аталған жұмыс жүйелі әрі мақсатты түрде жүргізіліп келеді, – деп Сенат төрағасы барлық қатысушыға осы бағыттағы нәтижелі жұмыс үшін ризашылық білдірді.
Жиынға қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру үшін құрылған жоспар бойынша қандай іс-шаралар өткенін айтты.
– Съезд серіктестерімен бірлесе отырып, Үндістан, Түркия, Мысыр мен Ватиканда тақырыптық дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Қазақстан – әлемнің рухани астанасы» тақырыбында тақырыптық экспозициялар, көрмелер, мұрағаттық презентациялар ұйымдастырылып, онда біздің суретшілер мен каллиграфтардың үздік жұмыстары ұсынылды. Сондай-ақ біз Қазақстан мен шетелдің жоғары оқу орындарында Съезд тұжырымдамасының идеяларын ілгерілету бойынша дәрістер сериясын іске асырып келеміз. Съезд қызметі жөнінде әлемдік жұртшылықты хабардар ету мақсатында үздік шетелдік БАҚ-та, атап айтқанда, «Euronews», «BBS», «CNN», «Bloomberg», «Washington Post», «Al Jazeera», «Xinhua», «Vatican News» секілді арналарда 1 800-ден аса түрлі материал жарияланды, – деді министр.
Хатшылық отырысында қатысушылар бейбітшілікті сақтап, диалог пен өзара құрмет мәдениетін нығайту үшін барлық діни және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдырудың маңызды екеніне тоқталды. Сондай-ақ мызғымас рухани, адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі беріліп, оның ережесі белгіленді. Нақты айтқанда, аталған мәртебеге Қазақстан әншісі Димаш Құдайберген, Вьетнам буддистік сангханың Бас хатшысы, Атқарушы кеңес төрағасының орынбасары Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның патриархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің бас хатшысы Мұхаммед Әбделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс лайық деп танылды.
– Съездің Ізгі ниет елшілері институты рухани дипломатияның маңызды элементі болуды көздейді. Съезді дамыту тұжырымдамасы аясындағы тағы бір маңызды бастама – Жас дін лидерлерінің форумы. Жас көшбасшыларды съезд қызметіне тарту қалыптасқан дәстүр мен өркениетаралық, конфессияаралық диалогтің сабақтастығын сақтауға кепіл болары анық. Түрлі конфессиялар, халықаралық және қоғамдық ұйымдар, болашағынан үлкен үміт күттіретін ғалымдар мен саясаткерлер Астанада бас қосып, жас лидерлердің бүгінгі әлемнің үйлесімді дамуындағы рөлін талқылайды. Мұндай қадамдар Съездің одан әрі нығаюына ықпал етіп, рухани дипломатия мен дінаралық және мәдениетаралық диалогті дәріптеуге өз септігін тигізеді деп сенеміз, – деген М.Әшімбаев Хатшылық отырысына қатысушыларды Съездің Құрмет медалімен марапаттады.
Өз кезегінде делегаттар бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтау жолында діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктіруге ұйытқы болғаны үшін біздің елімізге ризашылығын білдірді. Сондай-ақ олар Съездің еларалық қақтығыстардың салдарын жеңілдетуге және кедейлік, радикализм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, экологиялық апаттар сияқты жалпыадамзаттық проблемаларды оң шешуге тигізетін ықпалына назар аударып, бүгінде форумның беделі айтарлықтай өсіп келе жатқанын атап өтті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары VIII съезінің жалпы отырысы мен панельдік сессияларының тақырыптары және өтетін мерзімі белгіленді. Соған сәйкес VIII съезд 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте өтіп, ол «Діндер диалогі: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналмақ. Бұған қоса Съезд хатшылығының XXII отырысының хаттамасы қабылданды.
Жиын барысында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі хатшылығы басшысының орынбасары, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі хатшылығы басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, бірқатар шетелдік және отандық діни бірлестік өкілдері баяндама жасады. Олар бүгінгідей алмағайып заманда бейбітшілік тұғырын биіктететін іс-шараның бірі – біздің еліміз тарапынан үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан діндер көшбасшыларының съезі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Съезд хатшылығының отырысына ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, синтоизм және бахаи діндерінің делегаттары, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен еліміздегі діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Іс-шараға БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры Афра Мұхаммед Әлсабри құрметті мейман ретінде қатысып, сөз сөйледі.
Толығырақ: https://egemen.kz/article/373963-rukhani-diplomatiya-%E2%80%93-beybitshilikke-bastaytyn-dgol