Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ РУХАНИ КЕЛІСІМ КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН «РУХАНИ КЕЛІСІМ – АДАМ, ТАБИҒАТ ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ АРАСЫНДАҒЫ ҮЙЛЕСІМДІЛІКТІҢ НЕГІЗІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

Бөлісу

2025 жылғы 16 қазанда Астанада Қазақстандағы Рухани келісім күніне арналған «Рухани келісім – адам, табиғат және технология арасындағы үйлесімділіктің негізі» атты халықаралық конференция өтті. Іс-шараның ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы.

Конференцияның мақсаты – Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы қоғамында бірлік пен тұрақтылықты нығайту, азаматтарды ортақ адамгершілік және ұлттық рухани құндылықтар төңірегінде топтастыру, бейбітшілік пен рухани келісім, үйлесім мен толеранттылық идеалдарын ілгерілету болды. Конференцияда жаһандық бейбітшілік пен қайшылықтар мен қақтығыстарды еңсеру жолындағы күш-жігерді біріктіру тақырыбына ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әлемдік және дістүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінде қабылданған Астана Бейбітшілік Декларациясы 2025 құжатында айтылған маңызды бастамасы атап өтілді.

Іс-шараның алғы сөзі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы А. Хатиевке берілді. Ол өз сөзінде «Рухани келісім – бұл бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі. Бүгінгі жаһандық сын-қатерлер жағдайында тұрақты даму диалогсыз, сенімсіз және рухани құндылықтарға құрметсіз мүмкін емес. Қазақстан алуан түрлілікті күш пен бірліктің қайнары ете алған елге айналды» - деген болатын.

Бұл ойды Орталықтың Басқарма төрайымы Г. Қожабай жалғастырды: «Адамның ар-ұжданы, қадір-қасиеті мен мейірімділігі – тұрақты дамудың іргетасы. Табиғатқа құрмет пен технологиялардағы рухани бағдарсыз – болашақ жоқ».

Ол сонымен бірге рухани құндылықтарды «прогресс, жауапкершілік пен дәстүрді жалғайтын алтын көпір» деп атады.

Талқылау руханият, экология және технологиялық даму арасындағы тепе-теңдікті іздеуге арналды. Сөз сөйлегендер ғылымнан бастап экономика мен әлеуметтік саясатқа дейінгі барлық салаларда адамгершілік өлшемнің қажеттілігін атап өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі К. Байкемелұлы технологияның өздігінен мақсат емес, құрал ғана екенін еске салды. Оның айтуынша: «Адам табиғаттың қожайыны емес, оның қамқоршысы».

Ватикан атынан апостолдық нунций Джордж Джордж Панамтундил, Папа Францисктің «Laudato Si» («Саған мадақ») энцикликасы мен Папа Лев XIV-тің «Dilexi te» («Мен сені сүйдім») апостолдық үндеуіне сілтеме жасап: «Адам, табиғат, технология – бәрі өзара байланысты. Барлығы өмірге қызмет етуі тиіс, керісінше емес», – деді.

Евангелиялық-лютеран шіркеуінің епископы Р. Новгородов: «Рухани келісім адамның Құдаймен татуласуынан басталады. Бұл оны тұтастыққа, айналасындағылармен бейбіт өмір сүруге, табиғатты құрметтеуге және ғылым мен техниканың жетістіктерін жауапкершілікпен пайдалануға жетелейді», – деп атап өтті.

Бахаи қауым өкілі Л. Янғалиева жастардың болашақ қалыптастыруға белсенді қатысуының маңыздылығын айтты: «Жастар технологияларды рухани және этикалық құндылықтармен үйлестіретін жаңа даму үлгілерін жасауға белсенді қатысуы керек».

Кришна санасы қоғамының атынан, Жастар қанатының жетекшісі Т. Қарипаев сөз сөйлеп, ведалық «юкта-вайрагья» қағидатына – материалдықты руханият игілігі үшін ұтымды пайдалану идеясына назар аударды.

Конференцияның жаһандық маңызы мен халықаралық дінаралық диалогтың рөлі үш шетелдік қатысушының бейнеүндеулерінде де атап өтілді.

Илия Кашицын, Ресейдің Дінаралық кеңесінің өкілі: «Иманы бар адам – айналасындағылармен махаббат тілінде сөйлей алатын ерекше қабілетке ие. Бұл тіл – кез келген адамдық келіспеушіліктерден жоғары», – деді.

Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институтының бас директоры Мұхаммед Зия Уль-Хак: «Руханият пен ғылым бірге жүруі керек. Дін өмірдің мәні туралы сұрақтарға жауап береді, ал ғылым – практикалық мәселелерді шешеді. Тек бірге болғанда олар қоғамға пайда әкеліп, адамның ішкі тыныштығын қамтамасыз ете алады», – деді.

БАӘ Толеранттық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра әл-Сабри: «Рухани келісім – адам, табиғат және технология арасындағы бірліктің негізі. Технологиялар – прогрестің маңызды бөлігі, бірақ моральдық бағдарсыз олар қиындық көзіне айналуы мүмкін. Діндер мен мәдениеттер арасындағы диалог пен түсіністік – өркендеген әрі үйлесімді қоғамдар құрудың кілті», – деп түйіндеді.

Конференцияның жалпы тұжырымы – тұрақты және бейбіт болашақ рухани кемелдіксіз, айырмашылыққа құрметсіз және табиғат пен қоғам алдындағы жауапкершіліксіз мүмкін емес. Адам, қоршаған орта және технологиялар арасындағы үйлесім тек техникалық шешімдермен емес, терең этикалық бағдарлармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Іс-шара ашық диалогты жалғастыруға, сенімді нығайтуға және заманауи сын-қатерлерге жауап беретін жаһандық этикалық күн тәртібін бірлесе қалыптастыруға шақырумен аяқталды.