Астана қ., 2026 жылғы 28 мамыр
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы «Qamqor-Astana» қоғамдық қорымен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетімен бірлесіп «Орталық Азиядағы дін және өңірлік тұрақтылық» тақырыбында сараптамалық кездесу өткізді.
Іс-шара аясында еліміздің жетекші теологтары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қазақстандық сарапшылары бір диалог алаңына жиналды.
Құттықтау сөзінде Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Басқарма Төрағасы Гүлсана Қожабай трансұлттық қауіп-қатерлерге, экстремизмге және өңірлік қауіпсіздік мәселелеріне қарсы іс-қимыл бойынша нақты шаралар әзірлеудегі халықаралық сараптамалық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ Орталық қоғамның тұрақты дамуына әсер ететін факторлар мен діни ахуалды зерттеу бағытында жүйелі талдамалық жұмыс жүргізіп отырғанын айтты. Оның айтуынша, Орталықтың қызметі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын ілгерілетумен тығыз байланысты. Съезд қатысушылары қорытынды декларацияда экстремизмді бірауыздан айыптап, терроризмді қандай да бір дінмен немесе мәдениетпен байланыстыруға жол берілмейтінін бекітті.
Орталықтың Дінтану зерттеулер департаментінің директоры Аян Орынтай еліміздегі діни ахуал жөніндегі өзекті мәліметтерді таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда 18 конфессияны қамтитын 4 мыңға жуық діни бірлестіктер тіркелген. Сонымен қатар 2025 жылға дейін қақтығыс аймақтарынан Қазақстанға 754 адамның, оның ішінде 526 баланың қайтарылуына себепкер болған «Жусан» гуманитарлық операциясының нәтижелері талданды.
Қатысушылар цифрлық кеңістіктегі радикалды идеологияны тарату және онлайн-азғыру тетіктерін талдауға ерекше назар аударды. Бүгінде радикалды нарративтердің Орталық Азия жастарына бейімделіп, жабық онлайн қауымдастықтар мен мессенджерлер арқылы таралып жатқаны атап өтілді.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының профессоры, сарапшы Юлия Шаповалдың экстремизмнің алдын алуға қатысты инновациялық көзқарасы қатысушылар арасында қызу пікір тудырды. Баяндамасында ол радикализациямен күресте тікелей қарсы әрекет ету тәсілдеріне қарағанда, тұлғаның салауатты өзіндік санасын қалыптастыру әлдеқайда тиімді екенін айтты. Сарапшы тыйым салуға емес, адамның қоғам өміріне қатыстылық сезімін нығайтуға және азаматтық бірегейлігін қалыптастыруға басымдық беру қажет екенін жеткізді. Оның пікірінше, бұл үдерістегі негізгі құралдар ұлттық құндылықтарды дәріптеу, шынайы тарихты зерделеу және дәстүрлерді сақтау болуы тиіс. Себебі олар деструктивті идеологиялардың ықпалына қарсы табиғи иммунитет пен сенімді қорған қызметін атқарады.
Қазақстандық тәжірибеге сүйене отырып, «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының теологы Дастан Сақан радикалды ағымдарды бейтараптандыруда мемлекеттің белсенді әрі жүйелі рөлі шешуші фактор болып табылатынын атап өтті.
Өз кезегінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Қоғамдық дипломатия бөлімінің басшысы Парида Мамедова радикалды идеяларды ұстанушылардың әлеуметтік портреті өзгеріп жатқанын айтты. Егер бұрын негізгі қауіпті топ ретінде әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар саналса, бүгінде деструктивті ағымдарға білімді әрі қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілген адамдар да тартылып жатыр.
Кездесуді қорытындылаған Орталық Басқарма Төрағасының орынбасары Татьяна Липина пікір алмасу нәтижелері өңірлік қауіпсіздік пен Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтау мәселелері бойынша халықаралық сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болатынын айтты.
Конференцияның маңызды талдамалық қорытындыларының бірі экстремизм табиғатын түсінудегі парадигманың өзгеруін талқылау болды. Қатысушылардың пікірінше, бұрын негізгі себептер ретінде ішкі және өңірлік факторлар қарастырылса, бүгінде радикализацияның интернационалдық сипаты алдыңғы қатарға шыққан. Сарапшылар қазіргі әлемде деструктивті идеологиялардың шекараларды көрмейтінін, сондықтан оларға қарсы күрес те жүйелі әрі халықаралық деңгейде жүргізілуі қажет екенін атап өтті.