Қаз
Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы

Жаңалықтар

Халықаралық серіктестерге діндердің климат мәселесіндегі рөлі мен жасанды интеллект этикасына арналған жобалар таныстырылды

Бөлісу

Астана, 2026 жылғы 1 маусым

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы  «Діни лидерлердің тұрақты әлем дамуына қол жеткізудегі рөлі» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өткізді.

Іс-шара барысында  барысында халықаралық серіктестерді «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» тақырыбындағы екі ірі жобаның құжаттарымен таныстырды.   

 Іс-шараға Қазақстан, Ұлыбритания, Ресей, Аргентина, Таиланд, Солтүстік Македония және Үндістан елінің беделді дін өкілдері, ғалымдар, сарапшылар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Талқылаудың негізгі тақырыбы Астана бейбітшілік декларациясы – 2025 және 2023–2033 жылдарға арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін дамыту тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мәселесі болды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Раманқұлов өз сөзінде мемлекет пен конфессиялар арасындағы әріптестің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол қазақстандық модель аясында азаматтық бейбітшілікті нығайту үшін зайырлы институттар мен діни бірлестіктердің тең құқылы серіктес ретінде бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанын және мұның ең тиімді тәсіл екенін алға тартты.

Орталықтың Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай діни дипломатия әрбір қақтығысты шеше алмаса да, ең күрделі әрі шиеленісті кезеңдердің өзінде диалогты сақтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мысал ретінде ол 2025 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында өткен VIII Съезді келтірді. Таяу Шығыс үшін аса сезімтал кезеңде өткен жиында иудей және мұсылман өкілдері бір үстел басында отырып, өз жұмыстарын жалғастыра алған.

Басқарма Төрағасы Г.Қожабай бүгінде рухани дипломатия нақты іс-қимылдарға көшуі тиіс екенін алға тартты. Атап айтқанда, жасанды интеллектке арналған этикалық қағидаларды қалыптастырудан бастап, климаттың өзгеруі сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беруге дейінгі бағыттарды қамтуы қажет екенін жеткізді. Осы мақсатта «Жасанды интеллектті пайдаланудың этикалық кодексі» және «Климаттың өзгеруімен күрестегі діндердің рөлі» атты Орталықтың екі жобасына тоқталды.

Аргентина Ахмадия мұсылман қоғамының президенті Марван Сарвар Гилл ислам дәстүріндегі бейбітшіліктің әмбебап сипатына назар аударды. Ол Мұхаммед пайғамбардың іліміне сүйене отырып, адамның қадір-қасиеті нәсіліне, ұлтына немесе шыққан тегіне байланысты болмауы тиіс екенін, ал бейбітшілік таңдаулы сипатқа ие болмауы керектігін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай ұстаным жаһандық қауіпсіздіктің маңызды рухани негіздерінің бірі болып саналады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті дінтану кафедрасының профессор міндетін атқарушы Юлия Шаповал цифрлық радикализмнің күшеюіне ерекше назар аударды. Ол діни және сарапшылық қауымдастықтар жаңа ақпараттық сын-қатерлерден артта қалмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, түсіндіру, бейбітшілік пен жасампаздыққа үндейтін контент цифрлық кеңістікте белсенді таралып, әлеуметтік желілердегі деструктивті материалдарға қарсы тұруы қажет.

«Өркениеттер альянсы» халықаралық орталығы басқармасының төрағасы Иван Иванов этникалық және діни зорлық-зомбылықтың алдын алуда сыни ойлаудың маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, білім беру тек тұлғалық болмысты қалыптастырып қана қоймай, ар-ождан, жанашырлық пен жауапкершілік сезімін де тәрбиелеуі қажет. Осы тұрғыда философия мен этика білім беру бағдарламаларында маңыздырақ орын алуы тиіс екенін айтты.

Қазақстандағы Евангелиялық-лютеран шіркеуінің басшысы Ростислав Новгородов, Қазақстан Бахаи қауымдастығының өкілі Тоқжан Қожахметова және Somaiya Vidyavihar университетінің ректоры Рудракша Сакрикар жастардың ерекше рөліне тоқталды. Спикерлердің айтуынша, жас ұрпақ тек білім алушы ретінде емес, бейбітшілік, өзара құрмет пен ынтымақтастық мәдениетін ілгерілете алатын әлеуметтік өзгерістердің белсенді қатысушысы ретінде қарастырылуы тиіс.

Ресей ғылым академиясының философия бөлімінің меңгерушісі Сергей Мельник 2027 жылы «Арамыздағы ортақ сөз» құжатының 20 жылдығына арналған халықаралық дөңгелек үстел өткізуді ұсынды. Бұл бастама ислам-христиан диалогын одан әрі дамытуға және діни дәстүрлер арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар конфессияаралық диалогтан тұрақты бейбітшілік, жаңа технологиялар этикасы, климаттық жауапкершілік, білім беру және радикализмнің алдын алу салаларындағы практикалық ынтымақтастыққа көшу маңызды екенін атап өтті.