Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы өтті. Кездесуге 19 елден келген дін қызметкерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Ауқымды іс-шара түрлі ұлттардың және конфессиялардың ынтымақтастығын көздейтін идеяға табан тірейді.
⠀
Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген Съезді дамытудың 2023-2033 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға және соның аясында қазіргі таңдағы басқа да өзекті сын-қатерлерді бірлесіп еңсеруге назар аударды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, нейрожелілер мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы кең мүмкіндіктермен қатар фейктердің таралуына да жол беріп, жаһандық тұрақтылыққа нұқсан келтіріп отыр. Осындай жағдайда Қазақстан аталған қатерлерді еңсеруге ықпал ете отырып, халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыруды жалғастыра береді.
⠀
Мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге арналған Ізгі ниет елшілері мәртебесі беріліп, оның ережесі белгіленді. Нақты айтқанда, аталған мәртебеге қазақстандық әнші Димаш Құдайберген, Вьетнам буддисттік сангханың Бас хатшысы, Атқарушы кеңес Төрағасының орынбасары Тхить Дык Тхиен, Иерусалимнің және бүкіл Палестинаның Патриархы ІІІ Теофил, Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы Мұхаммед Абделсалам және Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары Джо Уэллс лайық деп танылды.
Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің жалпы отырысы мен панельдік сессияларының тақырыптары және өтетін мерзімі белгіленді. Соған сәйкес VIII Съезд 2025 жылғы 17-18 қыркүйекте өткізіледі және ол «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналады. Одан бөлек, Съезд Хатшылығының XXII отырысының Хаттамасы қабылданды.
⠀
Өз кезегінде делегаттар бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтау жолында діни және саяси көшбасшылардың күш-жігерін біріктіруге ұйытқы болғаны үшін Қазақстанға ризашылықтарын білдірді. Съезд Хатшылығының отырысына ислам, христиан, буддизм, иудаизм, даосизм, синтоизм және бахаи дінінің делегаттары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар мен Қазақстандағы діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Іс-шараға БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің Бас директоры Афра Мұхаммед Әлсабри құрметті мейман ретінде қатысып, сөз сөйледі.