Ағымдағы жылдың 2 шілдесінде Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы м.а. Д. Есенова Севилья қаласында (Испания) мемлекеттік органдар, діни бірлестіктер мен дінаралық келісім саласындағы халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өткен «Толеранттылық пен бейбітшілікті насихаттаудағы діни көшбасшылардың рөлі» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатысты.
Орталықтың Басқарма Төрағасы м.а. сөз барысында елдер арасындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту мен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтіп, сондай-ақ этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық тәжірибесімен бөлісті.
Жұмыс сапары кезіндегі конференция аясында Д. Есенова Адам бауырластығы жоғары комитетінің Бас хатшысы доктор Халид Ганим Аль Гейтпен, Толеранттылық және бейбітшілік жөніндегі Жаһандық Кеңестің Төрағасы Ахмед бен Мұхаммед әл-Жаруанмен, Испания Корольдігіндегі Дінаралық диалог жөніндегі Авраамдық Форумның Төрағасы доктор Саиф әл-Ислам Бен Абденнурмен екіжақты кездесулер өткізді.
Екіжақты кездесулер барысында Д.Есенова бірлескен күш-жігердің арқасында діндер арасындағы өзара түсіністік пен өзара сыйластықты нығайтуға арналған алаңға айналған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмысын жан-жақты және дәйекті қолдағаны үшін Орталық серіктестеріне алғысын білдірді. Ол сондай-ақ, рухани дипломатияны дамытудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның конфессияаралық және мәдениетаралық келісім және жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету саласындағы бастамалары туралы айтты.
Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша Ислам мәдениеті және діни толеранттылық Қорымен және Дінаралық және мәдениетаралық диалог жөніндегі Авраам Форумымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Меморандумға қол қоюдың мақсаты мәдениет саласындағы бірлескен ғылыми-зерттеу және ақпараттық қызметті іске асыру, сондай-ақ конфессияаралық диалогты дамыту саласындағы өзара ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады. Ұйымдар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің идеяларын насихаттау, сондай-ақ конференциялар, дөңгелек үстелдер және өзара қызығушылық тудыратын басқа да іс-шаралар өткізу шеңберінде өзара іс-қимыл жасауға ниетті.
Жалпы, іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар қазіргі әлемнің жаһандық проблемаларын шешуге жәрдемдесу мақсатында Діни көшбасшылар, саясаткерлер мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін одан әрі зерделеу бойынша тиісті ұсынымдар әзірледі.