Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі – халықтар достығының кепілі

Бөлісу

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне биыл 20 жыл. 20 жыл уақытта Қазақстан өзінің бірлікке бастар саясатын әлемге мойындатып үлгерді. Астана - азды-көпті жаһандық дау-дамайларды шешетін диалог орталығына айналды. Осылайша, әлемге бейбіт елдің үлгісін көрсетті.

Былтыр, 2022 жылдың күзінде Съездің VII шақырылымы өтті. Дәл сол сәтте Қазақстан әлемнің назарында болды. Себебі, бұл кезекті жиынға 50-ден астам елден 100-ден аса делегация қатысты. Олардың ішінде, форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм секілді бірнеше дін өкілдерін бір дөңгелек үстел үстіне жинаған шара, әлбетте әлем тарихында қалары сөзсіз. Үстел басына жиналған дін өкілдеріне ортақ бір ғана мақсат бар. Ол – барлық адамзатқа ортақ адамгершілік қағидатын насихаттау, тату болу.

VII Съезд 4 секциялық отырыстан құралды. Бұл жолы қоғам назарын аудартқан «Әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың рөлі» тақырыбындағы 4 секциялық отырыс болды.

Дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін өнер-білім саласында, сондай-ақ, қоғам кайраткерлері ретінде көрсетіп, өзін-өзі дамытуға мүмкіндігі болды. Қазақы ортада қарақан бастан гөрі отбасылық мүдденің жоғары тұруы әйелдердің қоғамдық-әлеуметтік белсенділігіне кедергі болған жоқ: өнер саласында атағы жалпақ жұртқа жайылған белгілі әншілер, ақындар, майталман күйшілер болды. Тарихта болған Болған ана, Домалақ ана, Дарабоз ана, Қарқабат ана, Қызай ана, Найман ана, Ұлпан аналар - рулы елдің бүтіндігіне қызмет еткен қайраткер тұлғалар болса, Қарқабат, Абақ, Қызай т.б. аналар рулы елдің ұранына айналып (Е.Мүсірепов), сол рудың атына негіз болды.

Осылайша, қазақ әлімсақтан әйелдің, ананың қоғамдағы ролін жоғары бағалаған деген тұжырым жасауға толық негіз бар. Бүгінде әйелдердің рөлі бала тәрбиелеумен, үй шаруашылығын жүргізумен шектеліп қана қоймайды.  Содан болар, қазіргі уақытта әйелдердің ролінен бөлек, олардың білім-көкжиегіне қыз бала кезінен аса назар аударылып жүр. «Ұлға білім берсең, сауатты ер шығады, қызға білім берсең, сауатты ел шығады» деген тәмсілдің халық арасында кеңінен таралып кеткені көңіл қуантады.

Демек, бұл өркениетті көшке ілескен қазақ қоғамында да тақырып жөнінде өзгеріс табы байқалады.

Қалай десекте қазақ халқы әйел затын аса ыждақатпен құрметтегенін жоққа шығаруға болмайды.

Тәуелсiздiк жылдaрында Қaзақстан гендерлік сaясатты жүзеге асыру жолында белгілі бір жетістіктерге жетті. Бірінші кезекте бұл әйелдердін мүмкіндіктерін дамытуда, ер азаматтар мен әйел азаматтарының еңбек жағдайларының теңдесуі.

Гендерлік теңдік идеясы «Әйелдердің дамуы» атты БҰҰ бағдарламасында белгіленген, оның негізгі ережелері, әйел – бұл әлемдік қоғамның экономикалық дауына өзінің шешуші жарнасын жасауға қабілетті, адамзаттың қолданылмаған ресурсы ретінде қаралады. Ал біздің еліміздегі гендірлік теңдік саясатының міндеттері билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуы, экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, жыныс белгілері бойынша күштеу бостандығы, біздің қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын шешімдер қабылдау болып табылады.

Дін көшбасшыларының секциялық отырыста бұл тақырыпқа аса мән беріп, әйелдердің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қауымдастықтардың рөлін айқындағаны қуантарлық жайт.

2023 жылғы 11 қазанда Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХХІ отырысы өтті. Бұл жылы да Қазақстан бір дөңгелек үстел басына ислам, христиан, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм, индуизм, бахаи, және басқа да діндердің діни жетекшілерін, сондай-ақ 23 елдің саяси қайраткерлері мен халықаралық ұйымдардың өкілдерін жинады.

Қоғамдағы өзекті тақырыптарды қамтыған XXI Хатшылықта  қатысушылар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің 2023-2033 жылдарға арналған «Діни лидерлер әділ және қауіпсіз әлем үшін» даму Тұжырымдамасын бекітті.

Бұл Тұжырымдамада астын сызып мән беретін тақарыптардың бірегейі, басымдықты жастарға беру.

Атап айтқанда, Съездер бағдарламасында Жас діни лидерлер форумын, сондай-ақ жас рухани қайраткерлер мен зайырлы жастардың қатысуымен басқа да іс-шараларды (секциялық отырыстарды) өткізу көзделетін болады. Жас лидерлерді Съезд қызметіне тарту алдағы жылдары өркениетаралық және конфессияаралық диалог дәстүрлерін сақтаудың кепілі болып табылады.

Съездің құрылымдары қазіргі жас ұрпақты толғандыратын мәселелерді шешу үшін халықаралық жастар диалогы мен ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін болады. Съезд құрылымдары дінаралық және мәдениетаралық өзара түсіністікті ілгерілету мақсатында діни және зайырлы жастар ұйымдарымен, соның ішінде AIESEC, SIFE, Жастар түсіністігі үшін, Халықаралық жастар палатасы, Еуропалық құқық студенттері қауымдастығымен (ELSA) және басқа да ұйымдармен ынтымақтасатын болады. Осы мақсатта Съезд аясында жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда.  

Съезге қатысушылар жастарды экстремистік идеологиялардың ықпалынан қорғап қалуды маңызды міндет деп санайды және жастар ортасында радикализмнің таралуына қарсы тұру кезінде халықаралық қоғамдастықтарға және ұлттық үкіметтерге жәрдем көрсетеді.

 Жалпы, бұл Тұжырымдама адамзаттың ең өзекті мәселелерін шешу үшін діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру арқылы форумның алдағы жылдардағы дамуының жаңартылған көзқарасын ұсынады. Логикалық тұрғыдан, бұл идеяның оң екеніне анық көз жеткізуге болады. Себебі, жеңіс, күш бірлік болған жерде ғана болады.

 

Н.Өрғара

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының бас консультант