Жаңалықтар

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің қызметі - жаһандық міндеттерді ілгерілетуге бағытталған

Бөлісу

Биыл Қазақстан бейбітшілік пен татулықтың жаршысы болған жаһандық әлемнің игілігін көздейтін маңызды қадамды бастағанына 20 жыл толады.

2003 жылы 13 ақпанда діндер, мәдениеттер мен халықтардың жақындасуына маңызды рөл атқарған, христиан, мұсылман, еврей ұйымдары қатысқан Бейбітшілік пен келісім халықаралық конференциясы елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізуге мұрындық болды. Алғашқы I-ші Съез 2003 жылдың қыркүйегінде ұйымдастырылды. Өткен жылы мұндай айтулы іс-шана Астана төрінде Жетінші рет өтті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің ашылуында: Съез өркениетаралық диалогтың негізгі жаһандық форматтарының біріне айналды. Бұл дінаралық форумды өткізу туралы бастама Қазақстаннан шыққанын баса айту керек. Біздің ежелгі жеріміз мыңдаған жылдар бойы Шығыс пен Батыс арасын байланыстырушы көпір болды. Осындай, Ұлы Далада қалыптасқан мәдени кодтың бір бөлігі ретінде – төзімділік қасиеті салтанат құрды. Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрлерін, толеранттылық пен ашықтық рухын бойына сіңірді. Сондықтан елімізде бірлік қағидаты біз үшін өркендеудің негізі болды,-деді.

Астана діни көшбасшылар үшін діни қауымдастықтардың рухани жақындасуын қамтамасыз ететін дәстүрлі кездесу орны мен сындарлы диалог алаңына айналды. Осылайша 20 жыл ішінде қазақ даласы діндерді, мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастырудың қарашаңырағы ретінде танылды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Бірінші Съезіне Еуропаның, Азияның, Африканың және Таяу Шығыстың 13 елінен келген қонақтар мен 17 діни конфессияның өкілдері қатысты. Ал, VII Съезге қатысушы елдердің құрамы 50 мемлекеттен асып, барлық әлемдік және дәстүрлі діндерді, діни бірлестіктерді, халықаралық ұйымдар мен институттардан жалпы 100-ден астам делегацияға дейін кеңейді. Бұл өз кезегінде ұдайы өтіп жатқан Съездің жаһандық аренадағы маңызды орнын айқындайды.

2003 жылдан 2023 жылға дейін Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Жеті Съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен діни қызметкерлер қатысты.

Іс-шараның негізгі тақырыбына келетін болсақ, онда бейбітшілік пен келісім, толеранттылық пен ынтымақтастық, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақты даму идеясының аясында дін мен діни ұйымдардың, діни қызметкерлердің жаһандық әлемдік мәселелерді шешудегі өзекті күн тәртібі мен рөлін көрсету болып табылады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің міндеттері 2003 жылы нақты айқылдалған. Дін диалогы және ортақ бағыт-бағдарларды іздеу контекстіндегі барлық тұжырымдамалық идеялар Бірінші Съезде қабылданды және іс-шара қорытындылары бойынша декларацияда көрініс тапты: «әрбір діннің мақсаты әділеттілік, шындық, адамгершілік, төзімділік сияқты ұлы және тұрақты құндылықтарды насихаттау керек. Экстремизм, терроризм және діни көріністің артында жасалған барлық зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің басқа түрлері шынайы діни сенімге ешқандай қатысы жоқ».

Осы секілді басқа да басымдықтардың қатарына бейбітшілікті, келісімді және төзімділікті адам өмірінің мызғымас қағидаттары ретінде бекіту, діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасындағы өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізу, түрлі қақтығыстар мен соғыс әрекеттерін ұйымдастыру үшін адамдардың діни сезімдерін пайдалануға жол бермеу қағидаттары жатады.

Съездің мұндай міндеттерін былай тарқатып көрсетуге болады:

- дінаралық және конфессияаралық диалог дәстүрлерін нығайту;

- барлық халықаралық ұйымдармен және құрылымдармен ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жасау;

- әртүрлі мәдениеттер мен діндер, жастар, ғылыми және шығармашылық қауымдастықтар өкілдерінің диалогын кеңейту;

- діни қауымдастықтар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты тереңдету және нығайту;

- жеккөрушілік пен экстремизм идеологиясына қарсы тұру ретінде толеранттылық пен өзара сыйластық мәдениетін дамыту;

- діндердің қарама-қайшылығында және теологиялық дауларды одан әрі саясаттандыруда көрініс табатын «өркениеттер қақтығысы» туралы тезистердің, сондай-ақ бір діннің екінші діннен беделін түсіру әрекеттерінің басым болуына жол бермеу;

- өркениеттер, мәдениеттер мен діндер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілету.

Болашақта бұл ауқымды іс-шара барша адамзаттың игілігі үшін өз қызметін жалғастыратын болады. Осы ретте, жаһандық түрлі проблемаларды шешу үшін нақты қадамдар жасалу көзделіп отыр. Бұл VII Съездің жабылу салтанатында Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Съез жұмысын 2033 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасын әзірлеу ұсынысынан көрініс табады. Ол өткен Съездің идеяларын, ұсыныстарын, пікірлері мен қорытындылары негізінде Съездің ықпалын одан әрі нығайту үшін нақты қадамдар мен кезеңдерді қамтуы тиіс. Аталған Тұжырымдама қазіргі уақытта жан-жақты талқыланып, әзірлену үстінде.

Алдағы уақытта, Астана төрінде қалыптасқан дәстүр бойынша үш жылда бір рет тұрақты негізде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі 2025 жылы өтеді деп жоспарлануда.

Қазақстан осындай игі жұмыстардың арқасында өткір мәселелерді шешу ісіне бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып кірісу қажеттілігін дер кезінде әлемдік қауымдастық назарын алға тартып, өзінің кең-байтақ жерінде ғасырлар бойы сан алуан халықтардың татулық пен өзара түсіністікте өмір сүрген тәжірибесін әлем жұртшылығының игілігіне айналдыра білген елдердің бірегейі.

Сондықтан, Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстанның өзін ұлтаралық және конфессияаралық диалогтың белсенді алға тартушысы ретінде ұстануы бостан бос емес.

Сан алуан ұлт және конфессия өкілдері мекен ететін біздің еліміз олардың тығыз өзара әрекеттесуінің мол тәжірибесіне ие және сондықтан өркениеттер мен конфессиялардың жемісті диалогтың мекені болу атағына бірден бір лайықты ел.

Себебі, бұл бағытта Қазақстанның ұстанымы айқын: ол – бейбітшілік, түрлі ұлттармен және конфессияларынын арасындағы келісім.

Жалғас АСХАТҰЛЫ, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Бас кеңесшісі

https://zhasalash.kz/news/alemdk-zhane-dasturl-dnder-liderler-seznn-kizmet-zhaandik-mndetterd-lgerletuge-bagittalgan-4447b5/