Жаңалықтар

Елбасы Қазақстанның түрлі кезеңдерінде маңызды рөл атқарды

Бөлісу

Ақпарат және араб-орыс тілдерін зерттеу орталығының директоры Мәжид Абдул Әзиз Әт-Туркидің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі туралы мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.

Қазақстанның билік нұры – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жұмыстың жазылуына түрткі болған әрі шабыттандырған басты себеп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасының 30 жылдағы жан-жақты өрлеуі мен дамуындағы жетістігіне деген терең таңданыс сезімі еді.

Дербестіктің алғашқы жылдары Елбасыға бұрынғы Кеңес одағынан өз тәуелсіздігін алған өз елін аймақ елдеріне төнген өтпелі кезең қиыншылықтарын жеңу мен жаңа мемлекет құру үлесі тиген болатын. Осы аймақтың өзге мемлекеттері сол кезеңнің ауыртпалықтарын жеңе алмай, әлі де бастарынан өткеріп жатқан уақытта, Қазақстан оны еңсеріп қана қоймай, іргетасына өзіндік тіршілік негізі қаланған заманауи мемлекет құрудың үлгісін дер кезінде ұсына білді.

Қазақстанның азаматтық қоғам өмірінде байқалатын тұрақтылық пен қоғамдық дамуға қол жеткізу ісіндегі оның жетістігін айғақтайтын тағы бір дерек назар аудартады. Дәлірек айтсақ, Н. Назарбаев бастаған ел әлемнің көптеген елдерінде орын алған қилы қақтығыстар мен кикілжіңдерге себепші болған идеологиялық және конфессиялық айырмашылықтармен сабақтас ғаламдық және аймақтық оқиғалардың теріс ықпалына ұшырамады. Керісінше, қазақ қоғамы 120-дан астам тегі жағынан түрлі халық топтарынан құралса да, барша діни наным-сенімдердің айырмашылығына, олардың күллі ерекшеліктеріне, қауіп-қатерлер мен қайшылықтарға қарамастан, бейбіт өмір сүру ісінде орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан өмірінде елдің қоғамдық өмірінің мазмұнын байытуға ықпалдасатын белгілі бір мағынадағы мәдени плюрализм салтанат құрды. Бұған Н. Назарбаевтың бастамасымен 17 жыл бойы елорда төрінде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің салмақты үлесін ауыз толтыра айтуға болады.

Қазақстанның азаматтық қоғам құрудағы және мәдениетті дамытудағы жетістігі айрықша сипат алғандықтан, көптеген зерттеушілердің қазақстандық тәжірибені сараптауға деген ынтасын тудырды. Бұл тұрғыда қазақ бауырлардың қол жеткізген баға жетпес осындай жетістіктері тікелей Елбасы Н. Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асқаны баршамызға белгілі.

Елбасының болмыс-бітімі тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан өмірінің түрлі кезеңдерінде ең маңызды рөл атқарды. Мәдени, әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық тұрғыда ел дамуының тізгінін қай жаққа бағыттау қажеттілігінде Елбасының өзіндік ерекше көзқарасы болды.

Сондай-ақ, оның елден тыс шетелдік қарым-қатынас орнатуда да ерекше стратегиялық бағдарламаларды жасауда өзіндік бастамалары болды. Бұл жайында Сауд Арабияның бұрынғы сыртқы істер министрі қызметін атқарған Сауд әл-Файсал мырза былай деген болатын:

- Н. Назарбаев мырзаның тәуелсіз мемлекет құру жолында жүргізген саясатының көрегендігінің нәтижесі – елдің еңсесі биік әрі ислам әлемі мен халықаралық аренада елеулі орынға ие болғандығы. Дос пейілді Қазақстан өміріндегі саяси тұрақтылық, конфессияаралық өрлеу мен қалыпты даму, экономикалық өсу жағдайлары оны Орталық Азиядағы маңызды мемлекетке айналдырды. Республиканың географиялық жағдайы мен саяси ықпалдылығы өңірде тұрақтылыққа жетудің пәрменділігін қамтамасыз етуде, өңірлік шиеленістерді реттеуде маңызды фактор қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар, халықаралық аренада дінаралық диалог орнату мен лаңкестік түрлі әрекеттерге қарсы тұруға бағытталған ұмтылыстарды қолдауда Қазақстан маңызды рөл атқарып отыр.

Қазіргі таңда қазақ халқы Елбасының қалдырған осындай сара жолымен мүлтіксіз жүріп келеді. Мұндай тұрақты адымның арқасында Қазақстан бүгінге дейін барлық діндердің толық тең дәрежелілігі мен конфессияаралық келісіміне кепілдік беріп, олардың қызметтерінің өркендеуін қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, Қазақстан исламның және басқа да әлемдік дәстүрлі діндердің озық ғұрыптарын құрметпен, дамыта отырып, заманауи зайырлы қоғам құрады. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съез аясында атқарылып отырған жұмыстар осының кепілі. Осы секілді маңызды қызметтерді атқару арқылы Елбасы өз елін халықаралық қауымдастықтың толыққанды және жауапты мүшелерінің бірі ретінде көргісі келетіні анық.

Бұған қоса Н. Назарбаев ұлтаралық, дінаралық және мәдениет аралық келісімдерді, қазақ халқының біртұтас ілгерілеуін қамтамасыз ете отырып, ертеден қалыптасқан олардың мәдениеті, діні мен тілін сақтауды басты назарға қойған. Бүгінде онда түрлі дін өкілдері еркін қызмет етіп, дәстүрлі ислами білім беретін жоғарғы оқу орындары жыл сайын білікті де білімді мамандыр шығарып отыр.Олардың барлығы алдағы уақытта елдің игілігіне қызмет ететін жандар екені сөзсіз.

30 жылға жуық тәуелсіздікте Қазақстан үшін мұсылман әлеміндегі елдермен халықаралық ынтымақтастық пен мәдени арақатынас құрылымына белсене қатысу барынша шынайы сипат алады. Осы тұста Н. Назарбаевтың елдің әлемге таным болу жолында көптеген ислам мемлекеттерімен және шығыс Араб елдерімен, соның ішінде Сауд Арабиясымен өзара тиімді және өзара жетілдірілетін екіжақты қатынастарды белсенді түрде ілгерілеткені белгілі.

Тілге тиек ететін жайт, Қазақстан ежелден бері ислам дінін берік ұстанған елдерінің бірі саналады. Осының салдарынан елдегі дәстүрлі дін өкілдерінің басым көпшілігі мұсылмандардан тұрады. Сондай-ақ, Қазақстан өзінің сыртқы саясатында мұсылман әлеміне және оған кірігетін өзге де мемлекеттермен байланысты дамытуға неліктен көңіл бөлетіндігі айқын. Бұған қатысты Елбасы 2006 жылғы наурыз айында Республика Парламентінің палатасында айтқан мына сөздері бар:

– Біз үшін мұсылман әлеміндегі елдерімен халықаралық ынтымақтастық орнатуға белсене атсалысуымыз мейлінше табиғи нәрсе. Біз сондай-ақ ислам және Таяу Шығыс елдерінің көпшілігімен өзара тиімді және өзара байытатын екіжақты қарым-қатынастарды белсенді дамытып келеміз. Сондықтан да мен қазірдің өзінде мұндай тәжірибе жинақтаған Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәдениет аралық және конфессияаралық үн қатысу орталықтарының бірі ретінде қызмет атқаруға әзір екенін тағы да тоқталғым келеді.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі тиімді ынтымақтастық саласынан әлем елдері Қазақстаннан көп нәрселер күтеді. Қазақстан Республикасы халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып табылады. Ол әр түрлі халықаралық және өңірлік ұйымдар мен органдардың жұмыстарына барынша іскерлікпен қатысуда. Қазақстан көптеген еуропалық және азиялық ұйымдарға қосылды. Тәуелсіздік алысымен-ақ Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше болды. Қазақстанның көптеген халықаралық ұйымдар және мекемелермен байланысы арта түсуде. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съез арқылы конфессияаралық диалог жолында Қазақстан Таяу Шығыстағы Бүкіләлемдік Ислам Лигасы және Ислам істері жөніндегі министрліктер сынды алпауыт ұйымдармен қатынасы нығайды. Мұндай сенімді қадам Қазақстанды тағы бір алға жылжытты.

Өркениеттік немесе діни қарама-қайшылықтарға қарсы әрекет етуде діндер арасында үнемі диалог жүргізуді аса қажет етеді. Мұндай дінаралық және конфессияаралық диалог қоғамдағы діндер мен конфессиялардың бейбіт өмір сүру жетістігіне жетуіне және ұлттар арасындағы діни фанатизмді түп-тамырымен құрту үшін қажет. Осындай кедергілердің жолын кесу үшін Қазақстан Елбасының жетекшілігімен Съез жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді. Онда әлемдік діндер мен конфессиялардың исламның, буддизмнің, христианның, иудаизмнің, даосизмнің, индуизмнің, синтоизмнің жетекші өкілдері қатысады. Бұлардың барлығы әлемдік деңгейде дінаралық татулық орнату арқылы адамзаттың асыл арманы болған бейбітшілік пен ынтымақты қоғам құруды көздейді. Мұндай бастамаға мұрындық болып отырған Қазақстан үлкен жауапкершілікті мойныны алып, оны ұтымды жүргізіп отыр.

Бұдан басқа да Қазақстан барлық салада: саясатта, экономикада, мәдениетте, дінаралық қатынаста көшбасшы ретінде танылып үлгерді. Қазақстан барлық халықаралық күштер арасында үлкен құрметке бөленген халықаралық әріптес болып отыр. Ол халықаралық лаңкестікке, есірткі саудасына, ядролық қаруды таратпауға қарсы күреске өзінің қомақты үлесін қосты. Қазақстан бұл бағыттағы іс-әрекеттің терең ойластырылған бағдарламасын қабылдады. Ол өз алдына және әлемдік барлық қоғамдастықтың алдына қойған міндеттерін бұлжытпай орындауда. Бұл басқа мемлекеттердің алдында Қазақстанның 30 жылдық жас мемлекет екеніне қарамастан, беделін бұрынғыдан да жоғары көтере түсті.