Жаңалықтар

Дінаралық ынтымақты сақтау мәдениет пен өркениеттің белгісі

Бөлісу

Барша мақтау мен мадақ бүкіл әлемді жаратып, тәрбиелеушісі Аллаға ғана лайық. Алланың ардақтысы, адамзаттың асылы пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемдері болсын!

Қазір әлемдік әртүрлі өркениеттер мен діндердің тоғысып, араласып жатқан жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз. Әркім өз мәдениет мен діни немесе дінге қарсы көзқарасын жаһанға жариялап, кей жерлерде өз дінін не оған қарсы ұстанымын жарнамалап, көбірек жақтастарын жинауға тырысып бағуда. Солардың ішінде басқа дінге емес тек Исламға қарсы көзқарастағы исламофобтардың әрекеттері етек алып жатқаны жасырын емес. Әрине Ислам дініне қарсы фобиялық әркеттер мен ой-пікірлер бүгін не кеше басталған проблема емес. Ислам тарихына да, әлемдік тарихқа да тіпті қазақ тарихына да көз салсақ, бұл әрекеттер алғашқы аяттар уахи болып, Пайғамбарымызға (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) елшілік міндет жүктелген сәттен басталып, біздің заманымызға дейін жалғасып келе жатқанын көреміз. Құранды жырту, өртеу сияқты қарсылық акциялары осының дәлелі. Одан қалса «іштен шыққан жау жаман» демекші, «мұсылман емес, қазақ боламыз» деген желеумен тек қана Исламмен күресуге және қазақ халқын жікке бөлуге ұйымдасқан тобырдың әлеуметтік желілерде ұлардай шулап, бақадай бақылдап жатқаны тұнығымызды лайлап, ел ішінде алауыздық туғызудан басқа пайдасы жоқ, бұзықпиғыл әрекет екені ақиқат.

Алла тағала Құран Кәрімде:

Олар Алланың нұрын (дінін) ауыздарымен өшіруді қалайды. Алайда, кәпірлер жек көрсе де Алла мұны ұнатпайды да, Өз нұрын толық етуді қалайды  - деп, дін дұшпандарының әрекеті Алланың қорғауындағы дінге зиян тигізбек тұрмақ, ешқандай көлеңке де түсіре алмайтындығын ескерткен.

Елміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана Құранды өртеу актілеріне қарсы, «жағдайды шиеленістіруге және халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенімге нұқсан келтіруге бағытталған арандатушылық әрекет» деп баға беріп, діни вандализм екенін айта келе, бір ауыздан айыптауға және БҰҰ Бас Ассамблеясын бұған қатысты өз ұстанымын білдіруге  шақырған еді.

Біріккен ұлттар ұйымының Бас Ассамблеясы да көп кешіктірмей мұндай әрекеттерге қарсы қарар қабылдап үлгерді. Қабылданған құжатқа 47 елмен бірге Қазақстан да тең автор болып бекітіліп, сауапты іске үлес қосты.

Еліміз Қазақстан – әлем елдері ішінде дінаралық татулық пен ынтымақтастықтың Астанасы.

Үш жыл сайын әлемдік дін және конфессия өкілдерінің басшылары бас қосып, сұхбаттасатын басты әрі әлемдегі жалғыз арена елордамыз Астана болғанын мақтаныш етеміз. «Біз Қазақ мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жәй жатқан елміз» деген Қазыбек бидей бабалырымыздың жолын ұстанып, тіпті үш қайнаса сорпасы қосылмайтын діни конфессиялардың серкелерінің басын қосып, бір үстелдің басында сұхбатастырған елміз деп те айтуға хұқылымыз.

Әр алуан дін ұстанған 124 ұлт өкілінің басын бір шаңырақ астына сыйғызып, өз баласындай етіп, өзекке теппей бауырына басқан Қазақ елі, әр ұлттың өз дәстүрі мен діни сенім бостандығына ерік беріп, құшығын айқара ашқан, кең пейілдік пен толеранттылықтың символы десе боларлық. Әділдік пен қайсарлықты ту еткен аталарымыз «Жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз» деп те ескерткен екен. Сондықтан да ел ішінде тату тәтті өміріміз бен бейбітшілігімізге көз алартқан, теріс пиғылдылар болса «дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз»  деген Қазақтың ханы Абылайдың ескертуін де еске салуымыз абзал.  

«Жауластырмақ жаушыдан, елдестірмек елшіден» демекші, қазіргі таңда Қазақстан әлемдік аренада елдістірмекке бекем кіріскен елші ел ретінде танылды. Еліміз әлемде ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан санаулы елдің қатарына кіріп, мәртебесі бір артса, екінші осы әлемдік дін көсемдерінің бейбіт диологпен басын қосқан ел ретінде алғашқы орынды иеленіп отыр.

Кеңпейіл қазақ жерінде 20-ға жуық діни конфессия өз діни рәсімдерін орындап, өз ғибадатханаларында бас қосып, бейбіт түрде өімр сүруде. Мемлекет тарапынан да, қарапайым халық тарапынан да ешбір қысым мен әділетсіздік көрсетілмейді.  

Өзге діни конфессиялармен жақсы қарым-қатынастықты сақтау асыл дініміздің жолы әрі Пайғамбарымыздың сүннеті екені де сөзсіз.

Меккеден Мәдинаға көшкен соң, Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) біршама ережелр мен тәртіптерді орнатып, бекіткен еді. Солардың бірі «Мәдинә келісімі» арқылы бекітілген басқа дін өкілдерімен қарым-қатынас туралы қабылдаған қаулысы, қазіргі замандағы тарихшылардың да таңдайын қақтыруда.  Басқа дін өкілдерімен бейбіт те тату өмір сүруге бағытталған алғашқы ресми құжат, әділдік пен толеранттылықтың жарқын үлгісі іспеттес болды. Пайғамбардың жолын жалғастырған Әділетті халифалар да өз кезегінде өздері иеленген жерлердің тұрғындарына діні мен нәсіліне қарамастан билікті әділ ұстанғаны мұсылман емес тарихшылардың өзін талай тамсандырған еді. Екінші Халифа, Мүминдердің Әмірші атанған Омар ибн Хаттаб заманында халифаттың қоластындағы яһудилердің жеріне келісімсіз салынған мешітті қайта бұздырып, иелеріне қайтарылып беруі соның бір ғана дәлелі. Осман империясы тұсындағы халфатта өмір сүрген әһлі кітап қауымы өз шіркеулері мен синагогаларында емін-еркін рәсімдерін орындап, бейбіт өмір сүруі де Алланың әмірімен Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын)  салған сара жолдан бастау алған еді.

Біздің бабаларымызда осынау сара жолды сары майдай сақтап, сырттан келген өзге ұлт пен дін өкілдеріне діні мен дәстүрін сақтауына кедергі келтірмеген.

Қиын-қыстау заманда қазақтың жеріне жер аударылып келген халықтардың ұрпақтары, қазіргі уақытта тарихи отандарында жүрсе де қазақ халқына жүрек жарды лебіздерін білдіріп, алғыстарын жаудырып жататыны, қазақ халқының кеңпейіл, толерантты ел екенінің дәлелі болмақ.

Сондықтан да әлемдік діни конфессия басшыларының басқосу шаралары халқымыздың беделін көтеретін, еліміздің даңқын асыратын, қазақтың пейіліндей кең байтақ жерімізді әлемге танытатын, әлем елдерін бейбітшілік пен келісімге үндейтін бірден-бір насихат алаңы деп бағалауымыз ләзім.

Осынау алмағайып, теңселіп тұрған заманда Алла әлемге және Тәуелсіз Елімізге тыныштық пен бақ – береке, ынтымақ берсін!

Сәбит Қуаныш Жұмабайұлы,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының

Ақмола облысы бойынша бас имамы,

https://zhasalash.kz/saraptama/dinaralyq-yntymaqty-saqtau-madeniet-pen-orkeniettin-belgisi-25507.html