Елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі алғаш рет 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте өтті. Халықаралық форумның әу бастан белгіленген мақсаты – әлемдік және дәстүрлі діндерден жалпы адамзаттық бағдарларды іздеу, дінаралық сұхбатты жүзеге асыру мен келісілген шешімдерді қабылдау мақсатында тұрақты негізде қызмет атқаратын халықаралық институттың жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Қоғам тұрақтылығының басты факторларының бірі – дінаралық және этносаралық татулықты дамыту. Бұл өз кезегінде ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бөлігі. Қоғамның дамуы – кез келген азаматының көзқарастары мен нанымдарына төзімділікпен және құрметпен қарауға негізделген. Осылайша, Қазақ елі ұлтаралық және дінаралық татулықтың өзіндік қайталанбас үлгісін қалыптастырған. Елімізде үш жыл сайын өтіп келе жатқан діндер съезі осыған дәлел. Бұл жиын бейбітшілікті, келісім мен төзімділікті адамзат өмірінің айнымас қағидаттары деп санауға, діндер, конфессиялар, ұлттар мен этностар арасында өзара құрмет пен төзімділікке қол жеткізуге, адамдардың діни сезімдерін қақтығыстар мен әскери әрекеттерді өршіту мақсатында пайдалануға жол бермеуге шақырады.
Дінаралық және конфессияаралық сұхбат дәстүрлерін дінаралық съезд түрінде нығайту, діндер мен мәдениеттер, өркениеттер арасындағы диалогті ілгерілетуге бағытталған жетінші форумның өткеніне де жыл толды. Оған ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің диалог алаңдарында діни қауымдастықтардың рухани жақындасуы бойынша мазмұнды және келелі әңгіме өрбіп, нәтижесінде бірлескен декларациялар мен үндеулер қабылданды.
Съезд аясында «Қазіргі әлемдегі рухани және моральдық құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі», «Білім мен діни ағартудың діндер мен мәдениеттердің сыйластықта қатар өмір сүру және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы рөлі», «Діни көшбасшылар мен мемлекет қайраткерлерінің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге, экстремизмге, радикализмге және терроризмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі», «Әйелдің қазіргі қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына қосқан үлесі және әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі» атты өзекті тақырыптар көтеріліп, ұтымды ұсыныстар ортаға тасталғанына көзіқарақты оқырман куә.
Бұл ұсыныстар мен бастамалар әлемді алаңдатып отырған мәселелердің шешімін табуға өз септігін тигізбек және әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бейбітшілікті сақтау жайлы тұжырымдары жаһан тұрақтылығының сақталуына өз үлесін қосады деп сенеміз. Осындай маңызы жоғары іс-шараны өткізу еліміз үшін үлкен жауапкершілік және мәртебе. Еліміз дінаралық татулықтың отандық үлгісін халықаралық сахнада мойындатты.
Мақсат РАМАНҚҰЛОВ,
Батыс Қазақстан облысы
дін істері басқармасының басшысы
https://egemen.kz/article/348507-turaqtylyqty-kozdegen-dgiyn