Жаңалықтар

ӘЛЕМДІК ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ ДІНДЕР ЛИДЕРІНІҢ VII СЪЕЗІ

Бөлісу

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі алғаш рет Қазақстанның астанасында 2003 жылдың 23-24 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен өткізілген болатын. Кейінгі съездер үш жылда бір рет 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары ұйымдастырылып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың біріне айналды. Осы аралықта конфессияаралық ке­лісімдерді нығайтып, алуан түр­лі діни қауымдастықтардың қа­рым-қатынасы жаңа деңгейге кө­те­­рілуіне ықпалын тигізген Съезд өзі­нің дінаралық диалогтағы орнын қалып­тастыра білді. Іргесі берік қаланған осы шараның бітімгершілік рөліне деген сенім әр форум сайын артып келеді.

Барлық  Съезде де ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және басқа да дәстүрлі діндердің басшылары мен көрнекті өкілдері бас қосты.

Алты Съезд барысында маңызды құжаттар қабылдануымен бірге, Форум­ның институттық құрылы­мының жетіл­дірілуімен қатар жүзеге асты. І Съезд декла­рациясының маңызы өте жоғары, себебі бұл басты құжат әлемдік және дәстүрлі діндердің өзара тоғысу нүктелерін анықтап, ортақ құндылықты айқындады. Онда «Діни нанымдар мен уағыздардың түрлілігі өзара күмәндануға, кемсітуге және жәбірлеуге емес, дін мен мәдениеттің бірегейлігін көрсететін өзара түсіністік пен үйлесімділікке әкелуі керек. Діндер төзімділік пен өзара түсіністікті бар­лық халықтардың бейбіт, қатар өмір сүруі­нің елеулі тетігі ретінде танып, үлкен ынтымақтастыққа ұмтылулары керек», деп көрсетілген.

ІІ Съездің декларациясында көпшілікке «дінаралық және мәдениетаралық қатынастардағы қиындықтар: халықаралық саясаттағы, эконо­ми­кадағы, әлеуметтік, гума­нитар­лық және ақпараттық ортадағы елеулі теңгерімсіздіктен, сондай-ақ дінді саяси мақсаттарда пайдаланудан туындап отыр» деген пікір айтылды. Сондай-ақ осы форум барысында дінаралық диалогтың қа­ғи­даттары – Съезге қатысушылардың кодексі бекітіл­ді.

ІІІ Съезд құжаты бар­лық діндердің қазіргі қоғам дамуы мен қауіп­сіздік қатерлеріне қарсы іс-әрекет жасау­да атқаратын рөліне қатысты маңызды мәселелерді қамтыды.

Ал ІV съездің үн­деуінде әлеуметтік даму, адамгершілік, иман, тәрбие және білім беру мәселелері бойынша бірқатар өзекті бағыттар қам­тылса, V Съезд декларациясында аса маңызды заманауи саяси мәселе­лер қарас­тырылды.

VІ Съезд декларациясында «Діни лидерлер қауіпсіз әлемді жақтайды» тақырыбы аясында өткізілді. Декларацияда бейбітшіліктің құндылығын, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілер мен қоғамдық жиындарда өзара түсіністік пен сыйластықты ілгерілету, сондай-ақ барлық діндердің құлшылық жасау орындары мен киелі жерлерінде арандатушылық пен зорлықты болдырмауға күш салуға үндеуі қамтылды.

Осы орайда, дипломатияның үздік көрінісіне айналған Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өзіндік тарихын қалыптастырған біре­гей дінаралық диалог алаңы­на айналды деп айтуға әбден болады.

Былтыр, 2022 жылдың 14-15 қыркүйек күндері Астана қаласында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті. Іс-шараға әлемнің 50 елінен келген 100-ге жуық делегация, әлемдік діндер мен конфессиялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері бас қосты.

Съездің негізгі тақырыбы: «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі».

VII Съезд аясында осы іс-шараның дәстүрлі ғана емес, сонымен қатар қазіргі қоғам үшін өзекті тақырыптар да талқыланды: қазіргі әлемдегі әйелдердің орны және гендерлік теңдікке қол жеткізудегі діннің рөлі, сапалы білім және діни ағартушылық, цифрлық дамудың қарама-қайшылығы және цифрлық теңсіздік проблемалары.

VII Съезд дін лидерлерінің қатысуы тұрғысынан мәртебесі жоғары болды. Форумға Рим Папасы қатысты. Жоғары мәртебелі меймандардың қатарында әл-Азхардың Бас имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, иудаизм мен буддизмнің лидерлері, даосизм, синтоизм және басқа діндердің өкілдері қатысты.

Аталған шараның жалғасы ретінде, 13 қыркүйек күні Ақтөбеде «Конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚМДБ төрағасының орынбасары, найб мүфти Ершат Оңғаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов және Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстары бойынша діни бірлестіктердің жетекшілері қатысты.

Шара Астанада өткен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде» көтерілген мәселелерді талқылау мақсатында және «Рухани келісім күніне» орай ұйымдастырылды.

Ақтөбе облысы шекаралас аймақтардың қатарында, өңірде          10 конфессияның басын біріктірген 92 бірлестік бар. Сондықтан дінаралық және ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі. Осы орайда діни бірлестіктерге үлкен үміт артылып отыр.

Осылайша, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өркениетаралық диалогты қамтамасыз етуге және бейбітшілікті, елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға маңызды үлес қосады. Сондай-ақ жалпы әлемдік проблемаларды еңсеруге жол ашады.

Біз мұны еліміздің баға жетпес байлығы және бірегей артықшылығы деп санаймыз. Еліміздегі және бүкіл әлемдегі диалог пен ынтымақтастықты нығайту – Қазақстан саясатының маңызды бөлігі.

Дін көшбасшыларының VII съезіндегі тың идеялары баршамызға жол ашып, биік белестерге жеткізетініне сенемін.

Ендігі съезд 2025 жылы елімізде өтеді.

 

 

Ақтөбе облысы дін істері

басқармасының басшысы

Ә.Тұралиев 

https://zhasalash.kz/kogam/alemdik-zhane-dasturli-dinder-liderinin-vii-sezi-25244.html