Жаңалықтар

ҚҰРБАН АЙТ – ЫНТЫМАҚ НЫШАНЫ

Бөлісу

Діни мерекелердің қоғам үшін ерекше маңызы бар екені белгілі.

Қасиетті Құрбан айт – мұсылмандардың негізгі мерекесінің бірі.

Ғасырлар бойы бұл жарқын мереке мұсылман үмбетінің өмірінде орасан зор рөл атқарды, адамдарды жақындастыруға қызмет етті, оларды исламның мәңгілік құндылықтарымен таныстырады, көне тарихқа, әдет-ғұрыпқа және салт-дәстүрге ұқыпты, құрметпен қарауға тәрбиелейді.

Қазақстан үшін Құрбан айт ерекше маңызға ие.

Елімізде 18 конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр, бұл біздің аумалы-төкпелі заманда бірегей құбылыс әрі еліміздің бәсекелестік артықшылығы болып табылады.

2023 жылы Құрбан айттың бірінші күні сәрсенбі, 28 маусымға сәйкес келеді.

Құрбан айт - адамгершілікті жетілдірудің ең жоғары идеалдарын – пенденің жанашырлыққа, мейірімділік пен қайырымдылыққа деген ұмтылысын паш ететін діни ұлық мереке.

Осындай ерекше қасиет пен құндылықты сипаттайтын айтулы мереке әрбір мұсылманның Аллаһ Тағалаға деген сенімнің символын көрсетеді және ол сан ғасырдан бері қазақ халқының рухани мұрасының маңызды бөлігіне айналып үлгерді.

Жыл сайын ел Президенді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі  еліміздің мұсылмандарын бұл ерекше мерекемен құттықтауы – халықты біріктіретін ұлы рухани құндылықтардың бірі ретінде танылғанын көрсетеді.

Мемлекет Басшысының айтуынша, адамгершілікті жас ұрпақты тәрбиелеудің негізі деп дұрыс санаған мұсылман қауымы бұл күндері игі істерді атқарып, бір-біріне қолдау, ынтымақ сезімдерін танытады. Бұл, әсіресе, бірлік пен келісімді ұқыпты сақтаған еліміз үшін маңызды. Бұл күндері адамдар тек игі һәм қайырлы істер жасауға ұмтылады.

Расында, Қазақстан халқының басым көпшілігін құрайтын мұсылмандар болғандықтан олар елдің бірлігін, татулығын және тұрақтылығын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Бұл ретте, қоғамның ынтымағын нығайтуға сүбелі үлес қосатын Құрбан айт мерекесі елдегі әртүрлі этностар мен діндер өкілдері арасындағы тығыз қарым-қатынасқа, өзара түсіністікті ілгерілетуге орасан зор ықпал етіп келеді.

Құрбан айттың пайда болуына зер салатын болсақ, әлемдік үш монотеистік діннің – ислам, христиан және иудаизмнің қасиетті мәтіндерінде сипатталған Ибрахим пайғамбардың құрбандық шалу тарихымен тікелей байланысты.

Мерекенің тарихы Құранның 37-ші сүресінде нақты айтылған. Қасиетті мәтінде ескерілгендей, ертеде Жаратқан Аллаһ Ибрахим пайғамбарды сынап, оған бауыр еті баласын құрбандыққа шалуды бұйырды. Кез-келген жүктелген міндетті атқаратын пайғамбар мұндай бұйрықтан да бас тартпады.

Оның иманға берік әрі елшілік қызметінде адалдығын көрген Құдай, көктен баланың орнына құрбандыққа шалу үшін қошқар түсіреді. Мұндағы басты мағына – жер бетінде бұдан былай адамның қаны төгілуді болдырмау еді. Сол күннен бастап құрбандық рәсімі Аллаһтың жолын ұстанған әрбір адамға парыз болып бекітілді.

Ислам дәстүрі бойынша, Құрбан айт құрметіне жағдайы келген мұсылман қойды, сиырды немесе басқа да малды құрбандыққа шалуы керек. Бұл үрдіс Жаратқанның ризалығын көксеумен қатар, шалынған құрбандықтардың бір бөлігі мұқтаж жандарға тарату сияқты гуманистік дәстүрлерді нығайтуға айтарлықтай үлес қосады.

Сонымен қатар Құрбан айт бес парыздың бірі – қажылық рәсімінің  аяқталуын білдіреді. Ол үш күн бойы тойланады. Бұл мерекені атап өту үрдісі әр елде түрлі сипатта кейбір айырмашылықтары болғанымен, ол адамзат тарихындағы гуманизмнің алғашқы мерекесі ретіндегі терең мәні баршаға ортақ өзгеріссіз сақталып келеді.

Қазақстанда айт күндері халық арасында адамдар, діні мен тіліне қарамастан, туған-туыстарының, достарының үйіне бару немесе оларды қонаққа шақыру әдетке айналған. Мереке күндері мұсылмандар жақсы көңіл-күйде болуы керек, мейірімділік пен татулықтың нышанын таныту маңызды. Ренжігеннің көңілін табу, уайымдағанның кеудесіне қуаныш ұялату, мұқтаждарға қолдау көрсету, араздасқандарды татуластыру, науқастардың жағдайын сұрау ісі басты назарда болады.

Ұлы мерекені осылай тойлау арқылы Қазақстан мұсылмандары басқа да мұсылман елдерімен рухани тұрғыдан бір екендіктерін, сондай-ақ ортақ адамгершілік қасиеттерін паш ете отырып, жер бетіндегі барлық адамдармен бейбіт өмір сүруге деген ұмтылысын көрсетеді.

Осылайша еліміздің мұсылмандары бір ғана діни мерекенің өзі ұлтаралық келісім мен діни төзімділік қағидаттарын қатаң ұстанудың және бейбітшілік пен ынтымақты сақтаудың кепілі бола алатынын айқындайды.

Соңғы жылдары Қазақстанда дін саласындағы ағартушылық жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Дегенмен, дін тұрғысынан әлі де болса шешімін таппаған қоғамдық мәселелер жоқ емес.

Бір ғана Құрбан айт кезінде малды құрбандыққа шалу рәсімі туралы жан-жақты пікірлер туындап отыратыны мәлім. Осыған байланысты дін мамандарының айтуынша жиған-терген дүниеңнің бір бөлігіне мал алып, оны союдың өзі - Құдайға жақындықты және Ислам дініне деген ниеттің тазалығын білдіреді. Себебі, «құрбан» сөзінің өзі араб тіліндегі «каруба» сөзінен шыққан. Оны ана тілімізге аударғанда «жақын болу» дегенді білдіреді. Демек, құрбандық шалу арқылы мұсылман Аллаһқа жақындай түседі деген сөз.

Құрбандық шалу рәсімінің ерекше өзіндік шарттары бар, оның ішінде:   

- мұсылман болу;  

- ақыл толық болу;

- балиғат жасына жету;  

- мереке уақытында жолаушы болмау;

- қолында қажетті дүниесі болу.

Соңғы шартқа сәйкес, мұсылман негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу керек, яғни нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки соның құнына тең келетін ақша немесе 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар адам. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етіледі.

Құрбандықта малды бауыздау ғана міндет. Сонымен қатар шалынатын малдың ешқандай кемістігі болмау керек.  Ал етін садақа ету – сүннет яғни, міндет емес. Құрбандық иесі еттің бәрін өзі жей алады немесе сақтап қоюға болады.

Жалпы, ислам дініндегі мейрамдар мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратыны белгілі.

         Қазақ жерiне Құрбан айт мерекесi Ислам дiнiмен бiрге келдi.

         Тарихтан белгілі, этнографтардың пайымдауынша, алғашында түркi тектес тайпалар оны Құдайға ерекше құлшылық жасайтын күн ретiнде санады. Бұл дiннiң қағидалары мен жоралғылары көп жағдайда Орта Азия халықтарының дәстүрiмен үндесiп жатуы - Құрбан айттың мереке ретінде қоғаммен ерте сiңiсiп кетуiне әсер еттi.

         Тарихшылардың пiкiрiнше, аталмыш мереке мейлiнше халықтық сипатқа ие болуына Аллаһ жолында шалынатын малдың төрт түлiктен болуы ықпал етсе керек. Себебi, сол ерте заманда бұл жануарлар әр үйден табылатын. Бертiн келе айт күнi туған-туыс, ағайын мен жекжаттың үйлерін аралау, оларға қонаққа бару - қоғамдық дәстүрге еніп кетті.

         Соңғы жылдары, Құрбан айт православиелік Рождество мерекесі секілді ресми мерекелер болып саналмайды, бірақ Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 84-бабына сәйкес демалыс күндері болып табылады.

         Осындай парасатты бастама халықтың арасында достық мен бірліктің беки түсуіне септігін тигізуде. Қоғам мұны дәстүрлі дініміз исламға көрсетілген аса зор құрмет деп сенеді.

         Ежелгі исламдық қасиетті орындарға зиярат етудің аяқталуын белгілейтін Құрбан айт мейрамы терең моральдық және рухани мағынаға ие, адамдарды біріктіруге, сүйіспеншілік, мейірімділік пен жасампаздық сияқты мәңгілік құндылықтарды сақтауға қызмет етеді.

Осыған байланысты тарихи зерттеулерге шолу жасайтын болсақ, мысалы, Өзбекстан мен Тәжiкстан секілді көршілес елдердің өздері айтулы мерекені өзіндік ерекше сипатта атап өтетіндерін көруге болады.

Ал, Сауд Арабиясы, БАӘ, Мысыр, Катар секiлдi елдерде мерекені атап өтуге ерекше ден қояды, соның ішінде - көше бойында мұқтаж жандарға тегiн тамақ таратылады.

Бұған қоса, көпшілік мұсылман елдерінде мемлекеттiң барлық салтанатты шаралары осы күнге орайластырылып, түрлi тұлғаларға берiлетiн сыйлықтар мен марапаттар тапсырылады. Сонымен қатар барша халыққа қоғамдық көлiкте жүру тегiн болады.

Араб мемлекеттерінде жылдың қорытындысын да осы мезгiлде шығарады. Құрбан айтқа қарсаңында жаңа ғимараттардың тұсауын кесу рәсімдері кеңінен ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ол елдерде мерекеде халықтың жаппай жаңа киiм алуы дәстүрге айналған.

Оның үстiне Сауд Арабиясына бұл күндерi қажылық рәсiмiн өтеуге миллиондаған адам келедi. Осының барлығы мерекенiң көркiн қыздыра түседi. Айта кетсек, Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігінің ақпаратына сәйкес,  әр жылда құрбандық шалу жобасына қатысты Мекке түбіндегі аса үлкен «әл-Муайсам» қасапханасында 700 мыңнан астам қой, 10 мыңнан аса ірі қара мен түйе құрбандыққа шалынады. Аталмыш қасапханасындағы әр жылда құрбандық шалу рәсіміне 18 мың қасапшы, 730 ветеринар, 70 шақты дін оқуында жүрген студенттер атсалысумен өтеді. Жалпы, бұл жоба аясында 1983 жылдан бері 4 миллионнан астам мал құрбандыққа шалынған екен.

Солтүстік Африка елі Мароккода Құрбан айт мерекесі «Ид әл-Бабыр» деп аталады. Бойына жақсы киімдерін киген марокколықтар таң ата айт намазын оқу үшін мешітке ағылады. Айт намазынан кейін олар көшеге жиналып, Аллаһты ұлықтайды. Бұдан соң имамның уағызын тыңдап, Құран сүрелерін оқып, айт намазын орындайды.

Мешіттегі құлшылық-ғибадатын орындаған жамағат зират басына барып, ата-бабасына Құран бағыштайды. Содан кейін құрбан шалу рәсіміне кіріседі. Бұл қазақ қоғамында да көрініс табатын үрдіс. Марокколық мұсылмандардың бір ерекшелігі – айтта болсын, қуанышты-қайғылы күндері болсын - әуендетіп жүреді.

Ал, мысырлықтардың мәрттігі, құрбандық шалу рәсімі бізге ұқсас. Олар құрбандық шалғаннан кейін көшеге өткен-кеткендер ауыз тиюі үшін мерекелік дастарқан жайып тастайды. Әдетте құрбандыққа сойылған мал еті кедей-кепшіктерге үлестіріледі. Бұл дәстүр «хидайя» немесе «садақа» деп аталады. Қазақша айтқанда құдайы садақа делінеді. Олардың ерекшелігі Құрбан айт қарсаңына ерте бастан-ақ белгілі көшелерде құрбандыққа арнап мал сатумен, көшелерді безендірумен айналысады.

Көріп отырғанымыздай, исламның ұлық мерекесі әрбір мұсылман елдері үшін маңызы зор.

Бұл күнді тағатсыздана күтетін халық, онда қайырымдылық жасап, өзгеге қолдау көрсету үшін барынша ынталы болады.

Құрбан шалу рәсімі көп ғасырлар бұрынғы оқиғалармен байланысты болғанымен, оның адами құндылығы мен игілікке толы нышаны бүгінге дейін жалғасын тауып келеді.

Осы орайда, халықтар арасындағы татулықты, бірлікті және бауырмалдықты күшейтуге үндейтін мұндай діни мерекелер ұлтаралық және дінаралық қарым-қатынастары жарасқан Қазақстан халқының ауызбірлігін одан әрі бекемдете түсетінін баса екерген жөн.

Ұлықтығы ғасырға жалғасқан қасиетті мерекенің келуі барша отандастарымызға денсаулық пен амандық, бақ-береке алып келуіне тілектеспіз.

Келе жатқан Құрбан айт мерекесі құтты болсын!

 

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

 Конфессияаралық және өркениетаралық

диалогты дамыту жөніндегі

Н.Назарбаев орталығының Бас кеңесшісі,

дінтану магистрі