Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығы Басқарма Төрағасы Булат Сәрсенбаев «Өркениеттер арасындағы алмасу және ынтымақтастық қорының» Президенті және негізін қалаушы Имам Мохамад Башар Арафатпен кездесті.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бакиров, Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің Мәдениет және білім жөніндегі атташесінің орынбасары Джон Орак қатысты.
Б.Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің қатысушы ретінде имам Мохамад Башар Арафатқа Орталықтың бейбіт диалог пен келісімді ілгерілетудегі бастамаларына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Кездесудің мақсаты ынтымақтастықты нығайту, конфессияаралық және конфессияаралық саладағы қарым-қатынастарды дамытудың маңызды аспектілерін талқылау болды.
Кездесу барысында тараптар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі идеяларын, оның әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшылары, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қол қойған қорытынды құжаты – Декларацияны ілгерілету жайлы міндеттерді талқылады.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшібаевтың басшылығымен өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің XXI мерейтойлық Хатшылығының отырысын өткізуге дайындық жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Жалпы, тараптар конфессияаралық және мәдениетаралық диалог саласындағы одан әрі өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық туралы келісті.