Жаңалықтар

Орталықтың Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев «Bike for Peace» қозғалысының негізін қалаушы Торе Нэрландпен кездесті

Бөлісу

15 сәуір күні Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Булат Сәрсенбаев «Bike for Peace» («Бейбітшілік жолындағы велосипедшілер») қозғалысының негізін қалаушы Норвегиялық Торе Нэрландпен және Томлинсон Фрэнкпен кездесті.

Кездесу барысында Б.Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде Торе Нэрланд мырзаны VII Съездің қорытынды жұмыстарымен және оның қорытынды құжаты – Декларациямен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстан кезекті рет ел ішіндегі келісім мен толеранттылық, өзара түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайту бойынша халықаралық аренада диалог алаңын ұйымдастыра алғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Орталық Басқарма Төрағасы 2023 жылдың қазан айында өтетін XXI мерейтойлық Съезд Хатшылының дайындығы жайлы айтты.

Өз кезегінде Т.Нэрланд жылы кездесу үшін алғысын білдіріп, Н.Назарбаев Орталығының өркениетаралық және дінаралық диалогты ілгерілетуіндегі маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында "Bike for Peace" қозғалысының өкілдері үшін Бейбітшілік және келісім мұражайында экскурсия ұйымдастырылды.

Анықтама: 1977 жылы Торе Нэрланд пен Хельге Хундайде өздерінің алғашқы халықаралық велосипед турын бастады, олар оны «Бейбітшілік жолындағы велосипедшілер» деп атады. Бірінші тур АҚШ-тың жағалаудан жағалауына дейін, Сиэтл-Вашингтонда, Колумбия округінде өтті. 1978 жылдан бастап «Бейбітшілік жолындағы велосипедшілер»  әлемнің 115-тен астам елінде бейбітшілік пен достық үшін саяхаттар ұйымдастырды.