Бұл мақаланың жазылуына түрткі болған әрі шабыттандырған басты себеп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан Республикасының 30 жылдағы жан-жақты өрлеуі мен дамуындағы жетістігіне деген терең таңданыс сезімі еді.
Дербестіктің алғашқы жылдары Елбасына бұрынғы Кеңес Одағынан тәуелсіздігін алған өз еліне және аймақ елдеріне төнген өтпелі кезең қиыншылықтарын жеңу мен жаңа тұрпатты мемлекет құру үлесі тиген болатын. Осы аймақтың өзге мемлекеттері сол кезеңнің ауыртпалықтарын жеңе алмай, оны әлі де басынан өткеріп жатқан уақытта, Қазақстан қиындықты еңсеріп қана қоймай, заманауи мемлекет құрудың үлгісін дер кезінде ұсына білді.
Қазақстанның азаматтық қоғам өмірінде байқалатын тұрақтылық пен қоғамдық дамуға қол жеткізудегі оның жетістігін айғақтайтын тағы бір дерек назар аудартады. Дәлірек айтсақ, Н.Назарбаев бастаған ел әлемнің көптеген мемлекеттерінде орын алған қилы қақтығыстар мен кикілжіңдерге себепші болған идеологиялық және конфессиялық айырмашылықтармен сабақтас ғаламдық және аймақтық оқиғалардың теріс ықпалына ұшырамады. Керісінше, қазақ қоғамы 120-дан астам түрлі этностан құралса да, барша діни наным-сенімдердің айырмашылығына, олардың күллі ерекшеліктеріне, қауіп-қатерлер мен қайшылықтарға қарамастан, бейбіт өмір сүру ісінде орасан зор жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан өмірінде елдің қоғамдық өмірінің мазмұнын байытуға ықпалдасатын белгілі бір мағынадағы мәдени плюрализм салтанат құрды. Бұған Н.Назарбаевтың бастамасымен 17 жыл бойы елорда төрінде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің салмақты үлесін ауыз толтыра айтуға болады.
Қазақстанның азаматтық қоғам құрудағы және мәдениетті дамытудағы жетістігі айрықша сипат алғандықтан, көптеген зерттеушілердің қазақстандық тәжірибені сараптауға деген ынтасын тудырды. Бұл тұрғыда қазақ бауырлардың қол жеткізген баға жетпес осындай жетістіктері тікелей Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен жүзеге асқаны баршамызға белгілі.
Елбасының болмыс-бітімі тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан өмірінің түрлі кезеңдерінде ең маңызды рөл атқарды. Мәдени, әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық тұрғыда ел дамуының тізгінін бағдарлауға орай Елбасы өзіндік ерекше көзқарасқа ие. Сондай-ақ оның басқа мемлекеттермен қарым-қатынас орнатуда да ерекше стратегиялық бағдарламаларды жасауда өзіндік бастамалары болды. Бұл жайында Сауд Арабиясының бұрынғы сыртқы істер министрі қызметін атқарған Сауд әл-Файсал мырза былай деген болатын:
– Н.Назарбаев мырзаның тәуелсіз мемлекет құру жолында жүргізген саясатының нәтижесі – елдің еңсесі биік әрі ислам әлемі мен халықаралық аренада елеулі орынға ие болғандығы. Дос пейілді Қазақстан өміріндегі саяси тұрақтылық, конфессияаралық өрлеу мен қалыпты даму, экономикалық өсу жағдайлары оны Орталық Азиядағы маңызды мемлекетке айналдырды. Республиканың географиялық жағдайы мен саяси ықпалдылығы өңірде тұрақтылыққа жетудің пәрменділігін қамтамасыз етуде, өңірлік шиеленістерді реттеуде маңызды фактор қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар халықаралық аренада дінаралық диалог орнату мен лаңкестік түрлі әрекеттерге қарсы тұруға бағытталған ұмтылыстарды қолдауда Қазақстан маңызды рөл атқарып отыр.
Қазіргі таңда қазақ халқы Елбасының сара жолымен мүлтіксіз жүріп келеді. Мұндай тұрақты адымның арқасында Қазақстан бүгінге дейін барлық діндер мен конфессияаралық келісіміне кепілдік беріп, олардың қызметтерінің өркендеуін қамтамасыз етуде. Сондай-ақ Қазақстан исламның және басқа да әлемдік дәстүрлі діндердің озық ғұрыптарын құрметпен дамыта отырып, заманауи зайырлы қоғам құрды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясында атқарылып отырған жұмыстар осының кепілі. Осы секілді маңызды істерді атқару арқылы Елбасы өз елін халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және жауапты мүшелерінің бірі ретінде көргісі келетіні анық.
Бұған қоса Н.Назарбаев ұлтаралық, дінаралық және мәдениетаралық келісімдерді, қазақ халқының біртұтас ілгерілеуін қамтамасыз ете отырып, ертеден қалыптасқан олардың мәдениеті, діні мен тілін сақтауды басты назарға қойды. Бүгінде онда түрлі дін өкілдері еркін қызмет етіп, дәстүрлі ислами білім беретін жоғары оқу орындары жыл сайын білікті де білімді мамандар даярлап отыр. Олардың барлығы алдағы уақытта елдің игілігіне қызмет ететін жандар екені сөзсіз.
Тәуелсіздіктің 30 жылға жуық кезеңінде Қазақстан үшін мұсылман әлеміндегі елдермен халықаралық ынтымақтастық пен мәдени арақатынас құрылымына белсене қатысу барынша шынайы сипат алды. Осы тұста Н.Назарбаевтың елдің әлемге танымал болу жолында көптеген ислам мемлекеттерімен және шығыс араб елдерімен, соның ішінде Сауд Арабиясымен өзара тиімді және өзара жетілдірілген екіжақты қатынастарды белсенді түрде ілгерілеткені белгілі.
Айта кететін жайт, Қазақстан ежелден ислам дінін берік ұстанған елдердің бірі саналады. Осының нәтижесінде елдегі дәстүрлі дін өкілдерінің басым көпшілігі мұсылмандардан тұрады. Сондай-ақ Қазақстан өзінің сыртқы саясатында мұсылман әлеміне және оған кірігетін өзге де мемлекеттермен байланысты дамытуға неліктен көңіл бөлетіндігі айқын. Бұған қатысты Елбасы 2006 жылғы наурыз айында Республика Парламентінде айтқан мынадай сөзі бар:
– Біз үшін мұсылман әлеміндегі елдермен халықаралық ынтымақтастық орнатуға белсене атсалысуымыз мейлінше табиғи нәрсе. Біз сондай-ақ ислам және Таяу Шығыс елдерінің көпшілігімен өзара тиімді және өзара байытатын екіжақты қарым-қатынастарды белсенді дамытып келеміз. Сондықтан да мен қазірдің өзінде мұндай тәжірибе жинақтаған Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәдениетаралық және конфессияаралық үн қатысу орталықтарының бірі ретінде қызмет атқаруға әзір екеніне тағы да тоқталғым келеді.
Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі тиімді ынтымақтастық саласынан әлем елдері Қазақстаннан көп нәрсе күтеді. Қазақстан Республикасы халықаралық қоғамдастықтың белсенді мүшесі болып табылады. Ол әртүрлі халықаралық және өңірлік ұйымдар мен органдардың жұмыстарына барынша іскерлікпен қатысуда. Қазақстан көптеген еуропалық және азиялық ұйымдарға қосылды. Тәуелсіздік алысымен-ақ Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше болды. Көптеген халықаралық ұйымдармен және мекемелермен байланысы артып келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі арқылы конфессияаралық диалог жолында Таяу Шығыстағы Бүкіләлемдік Ислам Лигасы және Ислам істері жөніндегі министрліктер сынды алпауыт ұйымдармен қатынасы нығайды. Мұндай сенімді қадам Қазақстанды тағы бір саты алға жылжытты.
Өркениеттік немесе діни қарама-қайшылықтарға қарсы әрекет етуде діндер арасында үнемі диалог жүргізу қажет. Мұндай дінаралық және конфессияаралық диалог қоғамдағы діндер мен конфессиялардың бейбіт өмір сүру жетістігіне жету және ұлттар арасындағы діни фанатизмді түп-тамырымен құрту үшін қажет. Осындай кедергілердің жолын кесу үшін Қазақстан Елбасының жетекшілігімен съезд жұмыстарын үздіксіз атқарып келеді. Оған әлемдік діндер мен конфессиялардың – исламның, буддизмнің, христианның, иудаизмнің, даосизмнің, индуизмнің, синтоизмнің жетекші өкілдері қатысады. Бұлардың барлығы әлемдік деңгейде дінаралық татулық орнату арқылы адамзаттың асыл арманы болған бейбітшілік пен ынтымақты қоғам құруды көздейді. Мұндай бастамаға мұрындық болып отырған Қазақстан үлкен жауапкершілікті мойнына алып, оны ұтымды жүргізіп отыр.
Бұдан басқа да Қазақстан барлық салада: саясатта, экономикада, мәдениетте, дінаралық қатынаста көшбасшы ретінде танылып үлгерді. Қазақ елі барлық халықаралық күштер арасында үлкен құрметке бөленген халықаралық сенімді әріптес болып отыр. Халықаралық лаңкестікке, есірткі саудасына, ядролық қаруды таратпауға қарсы күреске өзінің қомақты үлесін қосып келеді. Қазақстан бұл бағыттағы іс-әрекеттің терең ойластырылған бағдарламасын қабылдады. Ол өз алдына және әлемдік қоғамдастықтың алдына қойған міндеттерін бұлжытпай орындауда. Бұл басқа елдердің алдында Қазақстанның жас мемлекет екеніне қарамастан, беделін бұрынғыдан да жоғары көтере түсті. Әрине осының барлығы Елбасының сындарлы саясаты мен сара жолы арқылы жүзеге асып келеді.
Мәжид Абдул Азиз ӘТ-ТҮРКИ,
Ақпарат және араб-орыс тілдерін зерттеу орталығының директоры