Жаңалықтар

Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы «Peace One day» жобасының авторымен кездесті

Бөлісу

Биыл 20 желтоқсанда Н.Назарбаев Орталығының Басқарма Төрағасы Болат Сәрсенбаевтың белгілі британдық актер және режиссер Джереми Гиллимен конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту бойынша кездесуі өтті.

Д. Гилли жыл сайынғы жаһандық атысты тоқтату күнінің және «Peace One Day» коммерциялық емес жобасының негізін қалаушы. Оның жобасының арқасында Ауғанстандағы соғыс 1 күнге тоқтатылды, ал 21 қыркүйекті БҰҰ Бас Ассамблеясы 2001 жылы Халықаралық бейбітшілік күні ретінде қабылдады.

Кездесу барысында Б.Сәрсенбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкіл ретінде Д.Гиллиді бейбіт өмір сүрудің, толерантты қоғам құрудың және конфессияаралық диалогтың бірегей қазақстандық моделімен таныстырды. Әңгіме барысында 2022 жылдың қыркүйек айында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне ел ішінде де, халықаралық аренада да келісім мен толеранттылық, түсіністік пен ынтымақтастық қағидаттарын нығайтатын диалог алаңы ретінде ерекше назар аударылды.

Б. Сәрсенбаев VII Съезд қорытындысы бойынша Декларация қабылданғанын атап өтті, онда VII Съезге қатысушылар ғаламшардың барлық бұрышындағы қақтығыстар мен қантөгістерді тоқтатуға шақырып, әлемдік лидерлерге жүгінді. VII Съезге қатысушылар-Әлемдік және дәстүрлі діндердің рухани көшбасшылары, саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың басшылары қол қойған құжатта қазіргі заманның өзекті мәселелері мен пайымы, оларды шешудің жолдары, сондай-ақ әлемдік діндер көшбасшыларының халықаралық қоғамдастыққа үндеуі жазылған. Бұл Қазақстанның бірлікке бастар саясатының негізгі қағидаттары болып табылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар конфессияаралық саладағы ынтымақтастықты жандандыруға және 21 қыркүйекте жыл сайынғы бейбітшілік күнін өткізу туралы уағдаласты.